Алматы: «Ынтымақ» мешітінде Бірлік күні аталып өтті (ФОТО)
Бүгін, Алматы қаласы Түрксіб ауданына қарасты «Ынтымақ» мешітінде Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Бірлік – береке бастауы» атты мерекелік шара өтті
Шараға ҚМДБ-ның Алматы қаласы бойынша өкіл имамы Еркінбек қари Керімбекұлының көмекшісі, Алматы Орталық мешітінің бас ұстазы Талғат Сапанов, аудан имамдары және еліміздегі ұйғыр, ингуш ұлттарының өкілдері қатысты.
Ең алдымен, өкіл имамның Қазақстан Халықтарының бірлік пен ынтымақ күніне орай айтқан құттықтау сөзін Алматы Орталық мешіттің бас ұстазы Талғат Сапанов «Ынтымақ» мешітіне жиналған қала тұрғындарына оқып берді.
Құттықтау хатта өкіл имам:
«Қазақтың ұлан-ғайыр жері мен байтақ даласы бүгінде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің ортақ отаны, қасиетті шаңырағы болып отыр. Барлығымызға жер мен отан деген ұғым аса қымбат. Сондықтан Қазақстандағы бір ұлт өкілі басқа бір ұлт өкілін кемсітпей, ынтымақ пен бірлікте тату-тәтті өмір сүрулері керек. Ал, осындай сыйластық пен қастерлі ұғымды ұқтыратын күн – Қазақстан халықтарының бірлігі күні болмақ. Сондықтан сіздерді айтулы күнмен шын жүректен құттықтай отырып, еліміздегі әрбір отбасыға амандық, бақ-береке, имами байлық тілеймін», – деді.
Одан кейін ұйғыр тілінде шығатын «Интизар» журналының бас редакторы Абдуғаппар Құтылық, Армиян орталығының өкілі Эздел және Ингуш орталығының Руслан Мағамбеттер сөз сөйлеп, өздерінің ақжарма тілектерін білдірді.
Сосын шарада ұлттық спорт ойындарынан жарыстар ұйымдастырылып, ұйғыр, армян, ингуш ұлттарының салт-дәсүрлері көрсетілді.
Келген қонақтар ұйғыр ұлтының тағамдарынан ауыз тиіп, мерекелік көңіл күйде болды.