Бас мүфти VIII республикалық Құран жарысының жеңімпазына көлік кілтін табыстады (ФОТО)
Бүгін, VIII республикалық Құран байқауына қатысқан жүлдегер қариларды марапаттау кеші, ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазреттің қатысуымен, Алматы қаласы Алатау дәстүрлі өнер театрында мәдени бағдарламамен өтті.
Марапаттау кешінің шымылдығы былтырғы өткен VII республикалық Құран жарысында мәнерлеп оқу номинациясы бойынша І орын жүлдегері атанған Көкшетаулық Тәкен Тұрдақынұлының Құран оқуымен ашылды.
Сосын Құран туралы жыр шумақтары оқылып, кеш жүргізушісі Құран байқауының марапаттау кешіне құттықтау лебізін білдіру үшін ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазретке сөз берді.
Бас мүфти: «Ассалаумағалайкүм, игі жақсылар, мұсылман бауырлар! Бүгін қазақтың діни тарихындағы айтулы күндердің бірі болды деуге болады. Өйткені, бүгін Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқу бойынша Құран байқауы егеменді елімізде осымен республикалық деңгейде сегізінші рет ұйымдастырылып отыр. Иә, исі мұсылман қауымына Алланың Адамзатқа тарту еткен ең ұлы нығметі – Құранды қадірлеп өту ұлы міндет. Бүгінгі шара да осы сөзіміздің дәлелі деуге болады. Баршаңызға осы қуанышпен шын жүрекпен құттықтай отырып, өмірімізге Құран нұрымен нұрландыруға, Құран жаттаған қариларымызға қолдау білдіруге шақырамын. Сондай-ақ, рухани шараны ұйымдастыруға атсалысқан барлық дін қызметкерлеріне, қолы ашық азаматтарға, жергілікті билікке, басқа мекемелерге алғыс білдіремін», – деп өзінің ақжарма тілегін білдірді.
Кейіннен «Ақорда» республикалық қозғалысының құрметті төрағасы Қайрат Сатыбалдыұлының орынбасары Қанат Мұсағұлов және Алматы қаласы, Дін істер жөніндегі басқарма басшысы Айдар Есенбеков құттықтау сөз сөйледі.
Кеште өнер жұлдыздары рухани ән мен термелерін орындаса, ал «Өнер қырындары» Құран оқудың отбасына тигізер пайдасы туралы қойылымын көрсетті.
Одан кейін көрермендер арнайы әзірленген «Құран – әлемдерге нұр шашқан кітап» атты әсерлі бейне-жазбаны тамашалады.
Естеріңізге сала кетсек, еліміздің әртүрлі аймақтарында өткен VIII республикалық Құран байқауының іріктеу сайысына 558 қари қатысып, олардың арасынан суырылып шаққан 69 қариымыз екі күні бойы Алматы қаласы Орталық мешітінде өзара қызу бақ сынасты.
Бұл додалы жарыста қариларымыз Құран Кәрімнің 30 парасын, 20 парасын, 10 парасын жатқа және мәнерлеп оқу сынды 4 номинация бойынша сайысқан болатын.
Рухани кеште Құран байқауының жүлдегерлерін марапаттау кезеңінде елімізге танымал дін және қоғам қайраткерлері өз қолдарымен марапаттарын табыстады.
Соның ішінде ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазрет Құран Кәрімнің 30 парасы бойынша жеңіске жеткен Маңғыстаулық Сатешов Сақиға автокөліктің кілтін ұстатты.
Жарыс жүлдегерлерінен бөлек Құран байқауына қатысқаны үшін 57 қаридың әрбіріне ынталандыру ретінде 50 мың теңгеден сыйақы берілді.
Ал, аталмыш байқаудың жүлдегерлері төмендегідей марапаттарға ие болды:
15 қари қатысқан Толық Құранды (30 пара) жатқа оқу бойынша:
І орын – Маңғыстаулық Сатешов Сақи (автокөлік)
ІІ орын – Жамбылдық Лиров Нұрмұхамед (2 000 000 тг)
ІІІ орын – Алматылық Қаратаев Саламат (1 500 000 тг)
15 қари қатысқан Құранның 20 парасын жатқа оқу бойынша:
І орын – Алматылық Абишев Қуаныш (1 500 000 тг)
ІІ орын – Қызылордалық Абдазимов Ниғматулла (1 250 000 тг)
ІІІ орын – СҚО-лық Хакимов Ахмадқожа (1 000 000 тг)
18 қари қатысқан Құранның 10 парасын жатқа оқу бойынша:
І орын – Нұр-Сұлтандық Мейітқасым Нұртілеу (1 000 000 тг)
ІІ орын – Түркістандық Рахимқұлов Акмал Давранбекұлы (750 000 тг)
ІІІ орын – Маңғыстаулық Ізгілік Омар (500 000)
18 қари қатысқан Құранды мәнерлеп оқу бойынша:
І орын – Алматылық Базарқан Қайнар Базарқанұлы (500 000 тг)
ІІ орын – Атыраулық Балтабай Ұлан Бағдатұлы (300 000 тг)
ІІІ орын – Талдықорғандық Исабеков Бауыржан (150 000 тг)
Қариларымызды жеңістерімен құттықтаймыз. Алла Тағала баршамызға Құран шапағатын нәсіп етсін.
Azan.kz