АЛМАТЫ ОРТАЛЫҚ МЕШІТІ ШЕТЕЛДЕГІ 320 СТУДЕНТКЕ АУЫЗАШАР БЕРДІ
ҚМДБ бекіткен Рамазан айына арналған жоспарға сәйкес шетелде білім алып жүрген студенттерге ауызашар дастарханы ұйымдастырылды.
ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қоры Алматы өкілдігінің ұйымдастыруымен Тұркия елінің Бурса қаласы мен Мысыр елінде білім алып жүрген қазақстандық студенттерге ауызашар дастарханын ұйымдастырды. Қасиетті Рамазан айында Бурса қаласындағы қазақстандық 120 шәкіртке ауызашар дастарханы жайылса, Мысыр елінде 200 студентке дәм ұсынылып жастық шағын ілім-білім жолына жұмсаған тәлімгерлер Қазақстан мұсылмандары діни басқарамасы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастамасымен ұйымдастырушы Алматы Орталық мешіті және Жетісу, Алатау, Әуезов аудан мешіттерінің ұжымына алғыстарын жеткізді.
Алматы өкілдігінің баспасөз қызметі