Алматы: Әйелдер арасындағы волейбол лигасы өз мәресіне жетті
Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен, «Асыл мұра» бағдарламасы аясында, мешіттерге келуші әйелдер жамағаты арасында волейбол лигасы өтті. Елімізде алғаш рет кең көлемде ұйымдастырылып отырған жарысқа Алматы қаласының 8 ауданынан 16 команда қатысты.
Іріктеу кезеңінен сәтті өткен 4 команда ақтық сында бақ сынасты. Нәтижесінде суырылып алға шыққан Төле би мешіті командасы жүлделі 1 орынды иеленіп алтын медаль алса, Райымбек батыр мешіті мен Таугул мешіті командалары өз кезегінде күміс және қола медальдарға ие болды.
Салтанатты марапаттау рәсіміне ҚМДБ Алматы қаласы бойынша өкілі, Алматы Орталық мешітінің Бас имамы Еркінбек Керімбекұлы арнайы келіп қатысушыларды құттықтап, сыйлықтарын табыс етті. Ақтық сынға өткен 4 командада сертификат және бағалы сыйлықтармен қоса арнайы кубоктармен марапатталды.
Ислам – салауатты өмір салтын ұстануға үндейтін дін. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисінде денеміздің бізде ақысы бар екені айтылған. Демек, спортпен айналысу – сүннет болып табылады. Спорттық жаттығулар тек тәнімізді шынықтырып қана қоймай, адамға кішіпейіл, кешірімшіл болуға, сәттіліктер мен сәтсіздіктерді қарапайым қабылдауға үйретеді.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі