Балаға тал бесіктен тәрбие беруді құп көретін қазақ халқы жас ұрпақтың ілім алуына аса мән берген. Оған Орталық мешітімізде өткізіліп жатқан дәріске келуші шәкірт саны дәлел бола алады. Қыз балалар саны 30 болса, болашақ ел тізгінін ұстар ер балалардың саны 40-қа жетіп отыр. Мешітіміз тек қазақ тілінде емес, орыс тілінде де 16 шәкіртке сабақ беруде. Жалпы, 86 шәкірт алғашқы діни сауатын ашып, мұсылмандық әдептермен танысуда. Балаларға бас ұстаз Сапанов Талғат, Үйсінбаев Берік, орыс тобына Қумашев Азамат сабақ берсе, қыз балаларға Оспанова Алтыншаш, Асанова Шамшырақ дәріс жүргізеді .Сонымен қатар, Нұр-Мүбаракт Египет ислам мәдениеті университетінен келген іс-тәжірибеден өтуші Көшкінбаев Азамат, Ақын Ақберді өскелең ұрпақтың өмірлік жолында нұсқаушы болар асыл дініміздің танымы мен тағылымын баян етіп, ілімге деген ынтасын оятуда.
Балаларға дәріс таңғы 10:00 ден 13:00-ге дейін болады. Балаларға дәстүрлі дініміздің құндылығымен таныстыратын иманшарт, көркем мінез, араб әліппесі, тәжуид сабақтары өткізіледі. Адамзат баласына ақиқатты танытар қасиетті Құран мен қажетті дұғалар үйретіледі. Шәкірттерге күнделікті бір мезгіл тәттілер мен сусындар беріліп, ынталандыру сыйлықтары ұсынылады. Аталмыш курстар 18-ші маусымнан бастап 18-ші шілдеге дейін жалғасады.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі