«МЫРЗАХМЕТ» МЕШІТІНІҢ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСЫ АЯҚТАЛДЫ (ФОТО)
Алатау ауданы «Мырзахмет» мешітінде күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп, жамағатқа қайта есігі ашылды.
Мешіттің салтанатты ашылуына аудан әкімі Азамат Бескемпірұлы, аудан имамы Амантай Садиев және жанашыр демеуші жамағат пен ақсақалдар қатысты. Күрделі жөндеуден өткен Мырзахмет мешітіне заманауи жылу қазандықтар, аспалы шамдар, жиһаздар, есіктер, дыбыс күшейткіш аппараты қойылды. Бірінші қабат еденіне жылу жүйесі жүргізілді. 550 шаршы метрді құраған жаңа кілем төселіп, жаңа михраб орнатылды. Мешіт алаңына 80 тонна асфальт төселіп, 16 000 000 теңгені құраған балалар ойын алаңы мен спорт алаңы ашылды. Мешіт қабырғасының іші-сырты, баспалдақтар, ауладағы бастырмаға сырлау, әрлеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы 60 000 000 теңгеге жуық қаражат жұмсалған бұл ауқымды игі шара мешіт жанашырлары, демеушілерінің қолдауымен іске асты.
Аудан имамы демеушілерге алғыс хат беріп, жамағат атынан ризашылығын жеткізді. Сонымен қатар қолынан өнер тамған мешіт жанашыры әрі жамағаты Аманбай Аманжолұлына Ұмра қажылығы сыйға берілді. Мешіттің күрделі жөндеуден өтуіне себепкер әрі толық ұйымдастырушы мешіт қызметкері Сұлтан Ауелбековке алғыс айтты.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі