МЕККЕДЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТІП ЖАТЫР (ФОТО)
Қасиетті Мекке қаласында Сауд Арабиясы Корольдігінің Ислам істері, уағыз және насихат министрлігінің ұйымдастыруымен «Әлемдегі дін істері, пәтуа басқармаларымен, шейхтықтармен және сол секілді мекемелермен байланыс» тақырыбында өтіп жатқан халықаралық конференция жалғасуда.
Бүгінгі жиынның тақырыбы – «Орта жолды ұстану». Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисіне сай дініміздегі тура әрі орта жолды ұстануға байланысты негізгі ұстанымдар, пәтуа шығаруда жеңіл әдіс қолдану, дінді қиындатпау сынды тақырыптар көтерілмек.
Айта кетейік, кеше басталған конференция жұмысына әлемнің 85 елінен 120-дан аса ғалымдар мен мүфтилер қатысуда.
Қасиетті Мекке жерінде «Әлемдегі дін істері, пәтуа басқармаларымен, шейхтықтармен және сол секілді мекемелермен байланыс» тақырыбында өтіп жатқан халықаралық конференцияда ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы баяндама жасады.
«Бүгінгі таңда заман ағымына сай жаңа пәтуалар қабылдануда. Біз мұсылмандар бұл ретте қоғам үдерісінен тыс қалмай, талапқа сай жауап беруге тиіспіз. Өз тәжірибемізден айтар болсам соңғы жылдары ҚМДБ жанындағы Ғұламалар кеңесі электронды сауда, аукцонға қатысу, биржа, электронды сигарет, онлайн сауда, трансплантация үкіміне қатысты пәтуалар шығарды. Бұл пәтуалар қоғамда тез қабылданып, қолданысқа еніп кетті. Сонымен қатар асыл дініміздің аясын кеңейту мақсатында Түркі мемлекеттерінің мүфтилер кеңесі құрылды. Кеңес отырысында мұсылман әлемінің ауызбіршілігі, өзге дін өкілдерімен қарым-қатынас, пәтуа берудегі жаңашылдық тақырыптарында пікір алмасып келеміз. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресінде: «Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер», – деп, мүминдерге бірлікте болуды бұйырған. Бүгінгі конференцияда айтылған басты ойлар біздерді біріктіріп, әрі қарай күллі мұсылманның бірлігі үшін жұмыс істейміз деген ойдамын. Баршаңызға Алла разы болсын!» деді ҚМДБ Төрағасы.