Бас мүфти түлектерге диплом табыстады (ФОТО)
«Нұр Астана» мешітінде «Астана» медресе-колледжінің бітіруші түлектеріне диплом табыстау рәсімі өтті.
Салтанатты шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, ҚМДБ төрағасының Бірінші орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша өкіл имам, республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы, «Нұр Астана» мешітінің Бас имамы Мұқанов Асқар Әбітайұлы, «Астана» медресе-колледжінің директоры Ибрагим Сматаев және медресе ұстаздары мен мешіт ақсақалдары қатысты.
Әуелі, қасиетті Құран аяттары оқылып, Бас мүфти бітіруші түлектерге ақ батасын берді.
Құттықтау сөз сөйлеген Бас мүфти шәкірттерге білімнің маңызы және еліміздегі діни ахуал жайында сөз қозғап, елге тұтқа болатын, білікті маман болуға шақырды.
«Діни білім алу үшін елімізде барлық мүмкіндік жасалған. Ислам діні өркениеттің, ғылым мен үдерістің озық түрлеріне тоқтау салып, жасанды түрде тежеуші болатын дін емес. Ислам өркениетті алға сүйрейтін, ғылым мен дамудың діні. Осыны іс жүзінде көрсетулеріңіз керек. Сонымен бірге, қоғамшыл, көпшіл болуымыз керек. Қарақан басының қамын ойлаумен адам баласы ұзаққа бармайды, биік белестерді бағындыра алмайды. Әсіресе, дін саласында жүрген азаматтар басқа отандастарымызға үлгі болатын, көптің қамын ойлайын азаматтардан болуы тиіс», – деді Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы.
Қазіргі таңда «Астана» медресе-колледжінің қазақ тобында 70, орыс тобында 37, жалпы 107 шәкірт тәлім алып жатыр. Олар еліміздің түкпір-түкпірінен келген азаматтар. Айталық, Түркістан облысынан 25, Шымкент қаласынан 7, Қызылорда қаласынан 10, Орал қаласынан 13, Ақтөбе қаласынан 4, Шығыс Қазақстан облысынан 8, Қарағанды қаласынан 13, Павлодар қаласынан 3, Атырау қаласынан 3, Талдықорған қаласынан 2 бала білім нәрімен сусындауда. Оқу орыны биыл түлектердің 9-легін аттандырып отыр.
Осыған дейін медреседен 258 түлек бітірсе, биыл медреседен 25 шәкірт оқуын тәмамдады. Бітіруші түлектердің ішінде бір шәкірт Құран Кәрімді толық жаттап қари атанып отыр.
Салтанатты шараның соңында мешіт ақсақалы дұға жасап, түлектерге алдағы қызметтеріне, өмір жолына бақ-береке, сәттілік тіледі.