Бас мүфти: Әл-Фараби, Абай оқуларын өткізу керек (ФОТО)
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Елордада өткен Төралқа мәжілісінде өңірлерде әл-Фараби, Абай оқуларын өткізу қажеттігін сөз етті.
"Өздеріңіз жақсы білесіздер, түркі әлемінің ойшыл ғұламалары - әл-Фарабидің 1150, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында елімізде игі істер жүзеге асады. Біз, дін қызметкерлері осынау ізгі бастаманы қолдай отырып, "Нұр-Мүбәрак" университетінде, медресе-колледжде, Ислам институтында, қарилар орталығында, қайырымдылық мекемелерінде, діни сауат ашу курстарында білім алып жатқан шәкірттер арасында әл-Фараби мен Абай оқуларын өткізуіміз керек. Біздің шәкірттеріміз ойшыл-ғұламаларымыз бен ақын-жырауларымыздың өсиетті өлеңдерін жатқа біліп, оны жамағатқа дәріптеуі тиіс", - деп атап өтті.
Төралқа мәжілісі жұмысына ҚМДБ төрағасының Бірінші орынбасары Наурызбай қажы Тағанұлы, наиб мүфти Бауыржан Есмахан, ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев, Бас мүфти кеңесшісі Балтабай Мекежанов, бөлім меңгерушілері мен облыстың бас имамдары қатысты.
Кездесу соңында Бас мүфти ҚМДБ қызметкерлері мен өкіл имамдарға нақты тапсырмалар берді.