Бас имам: Тәуелсіздік - ұлы нығмет, оны сақтау - ұлы міндет!
Құрметті отандастар, мұсылман бауырлар!
Тәңір берген қасиетті Тәуелсіздіктің арқасында еліміз ширек ғасырдан астам уақыттан бері бейбітшілік пен тыныштықта өмір сүріп келеді. Бұған мың да бір тәуба етіп, шүкіршілік айтамыз. Тәуелсіздік – Тәңірдің тәтті сыйы һәм өлшеусіз ұлы нығметі. Ал оны сақтау – бабалар аманатына адалдығымыз бен келешек ұрпақ алдындағы ұлы міндетіміз.
Тарихқа көз салсақ, біз, «ер басына күн туып, етігімен су кешкен» алмағайып замандарды, небір нәубетті жылдар мен «тар жол, тайғақ кешулерді» бастан кешкен қайсар елміз. Сондай-ақ бұл қиындықтарды, біз, тек бір Аллаға сыйынып, бойдағы қажыр-қайрат, жүректегі имани әл-қуатпен ғана жеңе білгенбіз. Алланың өзі Құранда айтқандай «Әр қиындықтың артында бір жеңілдіктің бары» ақиқат екен. Өйткені, қазақ елінің тарихтан көрген теперіші мен жасаған құрбандықтары – бір жарық таңның жаршысындай болған-ды. Ол – Азаттықтың Ақ Таңы еді.
Иә, Алла Тағала Құранда: «Нығметіме шүкірлік етсең, оны арттыра беремін, ал қарсы шығып күпірлік ететін болсаң, оны қолыңнан тартып алып, қатты азабыма душар етемін» дегеніндей, біз де Тәңірдің ұлы нығметі болған Тәуелсіздіктің қадіріне жете білуіміз керек. Сонда Алла Тағала Азат күнімізді баянды да тұрақты етеді. Ал, керісінше, бұл нығметтің қадіріне жетпеуден, ел ішіндегі алты бақан алауыздықтан, берекесіздіктен Құдай сақтасын дейміз.
Құрметті отандастар, қадірменді мұсылман бауырлар!
Баршаңызды келіп жеткен Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Әр жанұяға мықты денсаулық, бақ-береке, толағай табыстар тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.
Тәуелсіздігіміз тұғырлы, Егемендігіміз еңселі, Азаттығымыз арайлы болғай!
Еркінбек ШОҚАЙ,
ҚМДБ-ның Алматы қаласы бойынша өкіл имамы