Атырау облысы бойынша VIII Құран жарысының іріктеу сайысы өтті
Атырау облысы бойынша республикалық VIII Құран жарысының іріктеу сайысы Орталық "Иманғали" мешітінде өтті.
Шара ұстаз Хусейн Каяның Құран аяттарын оқумен басталды. Сосын ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, Орталық "Иманғали" мешітінің Бас имамы Батыржан қажы Мансұров сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Тартысты өткен бәсекеде Құранның 30 парасын жаттаудан Мақат ауданынан бақ сынаған Захид Халматұлы жеңіске жетіп, сайыстың республикалық кезеңіне жолдама алды.
Құранның 20 парасын жатқа оқу бойынша, үміткерлер болмады. Десе де, Құранның 10 парасын жаттаудан Әбубәкір Ізгілік бірінші орынды еншілеп, сайыстың республикалық кезеңіне жолдаманы иеленді. Омар Ізгілік - екінші, Дархан Тұрысмаханбет - үшінші орындарды иеленді.
Құранды мәнерлеп оқуға 37 үміткер қатысты. Осы үміткерлердің арасынан Ұлан Балтабай оза шауып, сайыстың республикалық кезеңіне жолдама алды. Екінші орынды Арал Дүйсенбаев, үшінші орынды Саламат Иманғалиев иемденді. Үздік деп танылғандарға 50 мың мен 200 мың теңге аралығында сыйақы табысталды.
"Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): "Сендердің ең жақсыларың - Құранды үйреніп, оны үйреткендерің" деп өсиет қалдырған. Асылында, Құран адамзатты шексіз бақытқа жетелейтін, тура жол көрсететін, қияметке дейін өзгермейтін мәңгі мұғжиза. Қасиетті кітапты оқу - ең ұлы ғибадаттардың бірі және Аллаға жақындататын төте жол" деді жеңімпаздарды марапаттаған Атырау облысының Бас имамы Батыржан қажы Мансұров.
Атырау Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз қызметі