АЛМАТЫДА ШАХТАДАҒЫ ҚАЙҒЫЛЫ ОҚИҒАДА ҚАЗА ТАПҚАНДАРҒА ҚҰРАН БАҒЫШТАЛДЫ
Бүгін Алматы мешіттерінде ақшам және құптан намаздарында Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтадағы өрт салдарынан қаза тапқан мұсылман жандарға дұға бағышталды.
ҚМДБ наиб мүфтиі Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы мен Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы кеншілердің отбасына, туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, қаза тапқан кеншілерге құран оқыды. Сонымен қатар қала мешіттерінде де бір мезетте Костенко шахтасындағы өрт салдарынан қаза тапқандарға құран оқылып, дұға бағышталды.
«Марқұм болғандарға Алладан рақым тілейміз, өрт кезінде жарақат алғандарға шипа берсін. Қаза тапқандардың туыстарына көркем сабыр тілейміз. Еліміз бен жерімізге амандық берсін, Алла табиғи апаттардан сақтасын», - деп атап өтті наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі