Алматы мешіттерінде «Адалдық дүкендері» қызмет көрсетуде
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша Департаменті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру шеңберінде бірқатар жобаларды жүзеге асыру үстінде. Соның бірі ретінде, «Адалдық дүкенін» ашу бастамасын қала мешіттерінде іске асыру туралы ұсынысын айтсақ болады.
Аталған ұсынысқа Алматы қалалық Орталық мешіті мен Ақсай мешіті алғашқылардың бірі болып қолдау білдірді.
Жобаның басты мақсаты – қоғамда сенім атмосферасын қалыптастыру және мешітке келуші жамағатқа өздерін жақсы, адал адам ретінде тануға мүмкіндік беру.
«Адалдық дүкенінде» мешітке келушілер өздеріне қажетті заттарды сатып алып, ақшаны кассалық жәшікке қалдырып, есеп айырысатын болады. Яғни, сатушысы жоқ дүкенде затты сатып алушылар өздеріне қызмет көрсетпек.
Сауда орнының басты ерекшелігі де осында, яғни сатып алушылар өзіне тек адалдық принципі бойынша қызмет көрсетеді.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі