Алматы: Бас имам «Орбита-3» мешіті жамағатымен жүздесті
Жұма күні Алматы қаласының өкіл имамы Еркінбек қари Керімбекұлы Бостандық ауданының «Орбита-3» мешіті жамағатымен жүздесіп, Жұма уағызын айтты.
Бас имам өз сөзінде Жұма уағызының бекітілген тақырыбы бойынша сабыр мен сабырлы болудың мән-маңызына тоқталды. Мұсылмандар Алладан намаз бен сабыр арқылы пана тілеп, сыйыну керектігін әрі Алла қиын сәттерде көркем түрде сабыр етушілермен бірге екендігін Құран аяттары арқылы сабақтады. Сабыр туралы Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқан хадистерінен де мысалдар келтіріп, жиналған жамағатты төзімдікке шақырды. Сондай-ақ, жақында ғана Елорамызда бес баласынан айырылған отбасыға Алматы жұртшылығы атынан көңіл айтып, ел-жұртты сабырлы болуға үндеді.
Содан Жұма намазы оқылып, марқұмдарға Құран бағышталды. Қарияларымыз ел-жұртымызға, мешіт жамағатына қол жайып дұға жасады.
Білікті имам Аташов Әсет басқарып отырған Бостандық ауданы «Орбита-3» мешітінің жамағаты Бас имамға өздерінің ыстық ықыластарын білдіріп, иығына шапан жапты.
Алматы қаласы Орталық мешітінің баспасөз қызметі