Алматы: «Төле би» мешітінде халықаралық «Орамал» күні аталып өтті
Орамал тағу – барлық әйелдерге парыз. Оған қасиетті Құран аяттары дәлел. «Ағаш көркі – жапырақ, адам көркі – шүберек» дегендей әйел адамға, қыз балаға ұятты жерлерін жауып жүру – дінімізде уағыздалып, бабадан қалған салт-дәстүрімізде кеңінен дәріптеліп келеді. Осы сөзіміздің айғағы ретінде атаулы күнде «Төле би» мешітінде «Әйел-қыздар» секторы “Орамалым – асыл тәжім” атты рухани кеш ұйымдастырды.
Кеште әйел жамағатына аса маңызды, өнегеге толы, тағылымы мол сахналық көріністер көрсетіліп, уағыз-насихаттар айтылды. Қызықты сұрақтар қойылып, дұрыс жауап бергендерге арнайы сыйлықтар табысталды.
Рухани кешке қонақ ретінде Алматы қаласы бойынша «Әйел-қыздар» секторың басшысы, Орталық мешітінің ұстазы Жұлдызбай Гүлжан, «Перзент» балалар үйінің төрайымы Әмина қажы Ажибаева мен апамыздың қамқорлығындағы балалар және Мадина ұстаз шақырылды. Оларға мешіт тарапынан шапан жауып, сый-сияпат жасалды.
Кеш соңында Жұлдызбай Гүлжан ұстаз жиынға келген жамағатқа шынайы өмірде болған оқиғаны мысалға келтіре отырып тәлімі мол уағыз айтты. Ал Әмина қажы мен Мадина апаларымыз ағынан жарылып, ақ баталарын беріп келген қонақтарды бір марқайтып тастады.
Осындай өнегеге толы іс-шараларымыз жалғасын таба берсін.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі