Алматы: Бас имам Алатау ауданына қарасты мешіттермен танысты (ФОТО, ВИДЕО)
Алматы қаласының Бас имамы Төлеби қажы Оспан Алатау ауданы имамдарымен Бекет ата мешітінде жүздесіп, ауданға қарасты 14 мешітті толық аралап шығып, олардың тыныс-тіршілігімен жіті танысты.
Бас имам Алатау ауданы имамдарымен кездесу барысында күн тәртібіндегі мешіт істеріне қатысты маңызды мәселелерге тоқталып, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен 2021 жылы атқарылатын жұмыстардың жеті бағыты мен аудан мешіттерінің жылдық жоспарын пысықтады. Сондай-ақ, мешіт қызметкерінің жұмыс тәртібі, мешітке келушілерге қызмет көрсету сапасы, уағыз-насихат пен қайырымдылық және оқу-ағарту мен жат ағым бағыттарын жандандыру жайы сөз болды. Бұдан бөлек, бас имам Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың «Алматының әлеуметтік-экономикалық дамуында «Орталық – шет» желісінде базалық айырмашылықты жою (керек)» деген сөзін жеткізді. Яғни, Алатау ауданы мешіттерінің тұрғылықты жерлеріне қарамастан, халыққа көрсететін қызметін жоғары деңгейге көтеру керектігін ұқтырып, қала әкімінің «Алматы қаласын «Шетсіз қала» болуын жақтаймын» деген позициясына үн қосуға шақырды. Осыған орай, Алатау ауданындағы мешіттердегі қызметтің сапасын жетілдіру керектігін ескертті.
Кездесу барысында аудан имамдары өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, ойларын айтты.
Бас имам ауданға қарасты мешіттердің тыныс-тіршілігімен танысу барысында кейбір мешіттердің қызметін жетілдіруге қатысты сын-ескертпелерін айтып, тиісті тапсырмаларын берді.
Алматы орталық мешітінің баспасөз қызметі