Алматы: 4925 отбасыға 29 тоннадан астам ет үлестіріліп, көмек көрсетілді (ФОТО, ВИДЕО)
ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің бастамасымен іске асып жатқан «QURBAN-2021» онлайн қайырымдылық акциясы аясында Алматы қаласы өкілдігі бойынша 703 уақ мал (520 қой, 183 ешкі), 37 ірі қара (сиыр) құрбандыққа шалынып, 3163 отбасыға 19 тонна (19.610 кг) және 24 мекемеге (3,2 тонна) құрбандық еті таратылып, көмек көрсетілді. Одан өзге қала мешіттеріне тұрғындар тарапынан 10 тоннаға жуық (9,947 кг) ет әкелініп, 1762 отбасыға үлестірілді. Жалпы алғанда 4925 отбасына 29 тоннадан астам етпен қамтылды.
Бұл көрсеткіш Құрбан айттың үш күнінде онлайн құрбандық шалу рәсімін карантиндік талаптарды сақтау үшін іске қосылған Qurban2021.kz вебсайты арқылы жүзеге асты. Яғни, қашықтан онлайн құрбандық шалуға ниет білдіріп, аталған сайт арқылы мал түрін таңдап, ақшасын аударған жандардың шалған құрбандықтары мұқтаж отбасылардың үйлеріне жеткізілді.
Құрбандық етін қуана қабыл алған қала тұрғындары да онлайн қайырымдылық шарасын ұйымдастырғандарға Алланың разылығы мен сауабын тіледі.
Алла Тағала Қасиетті Құран Кәрімде: «(Құрбандық етін) Одан өздерің де жеңдер және мұқтаж, пақырларға да жегізіңдер» («Хаж» сүресі, 28-аят) деп айтқандай, шарапаты мол айт күндері ашыққанның қарнын тойдырып, көңілдерге қуаныш сыйлауға үлес қосқан жергілікті билік пен Алматы қаласы мешіттерінің діни қызметкерлері мен еріктілер тобына, жанашыр жамағат пен жомарт жандарға үлкен алғыс білдіреміз.
Жаратқан Жаппар Хақ ізгі ниетпен шалған құрбандықтарымыз бен дұға-тілектерімізді қабыл етсін!
Алматы қалалық орталық мешітінің баспасөз қызметі