Алматы: Құрбан айттың екінші күні 1581 отбасыға құрбандық еті үлестірілді (ФОТО, ВИДЕО)
Бүгін, Құрбан айттың екінші күнінде ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің бастамасымен іске асып жатқан «QURBAN-20201» онлайн қайырымдылық акциясы аясында Алматы қаласы өкілдігі бойынша 537 уақ мал (405 қой, 132 ешкі), 33 ірі қара (сиыр) құрбандыққа шалынып, 1581 отбасыға (3,9 тонна) және 23 мекемеге (3 тонна) құрбандық еті жеткізіліп, үлестірілді.
Еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты, биылғы құрбандық шалу үрдісі де қашықтан ұйымдастырылып, qurban2021.kz сайты арқылы жүзеге асып жатыр. Атап айтсақ, қашықтан онлайн құрбандық шалуға ниет білдіріп, аталған сайт арқылы мал түрін таңдап, ақшасын аударған жандардың шалған құрбандықтары, сайт арқылы өтінім берген мұқтаж отбасыларға жеткізілуде.
Сонымен қатар арнайы курьерлік қызметпен жеткізілген құрбандық еттерін алған қала тұрғындары «QURBAN-2021» онлайн қайырымдылық акциясын өткізуге атсалысқан жергілікті билік мен қала мешіттеріне, жомарт жандар мен еріктілер тобына үлкен алғыс білдіріп, Алланың ризалығы мен сауабын тіледі.
Ескерте кететін жайт, екі күнде шалынған құрбандық еттері толық таратылып біткен жоқ. Қалған құрбандық еттері ертең де мұқтаж отбасыларға жеткізіледі.
Алла Тағала ізгі ниетпен шалған құрбандықтарымыз бен дұға-тілектерімізді қабыл етсін!
Алматы қалалық орталық мешітінің баспасөз қызметі