ҚАРИЯҒА ҚҰРМЕТ - АСЫЛ ІС

Әрдайым үлкенге ізет көрсеткен халқымыз: «Қариясы бардың - қазынасы бар», - деген қанатты сөз қалдырған. Бұл үлкенін ізеттейтін, кішісін құрметтейтін елге ғана тән құбылыс десек артық айтқандық емес.
Бүгінде әрбір мұсылман үйінен отбасы мүшелеріне ақылын айтып, тәлімді тәрбиесін беріп, ұлағатты ұғымдарды сіңіріп, шүпірлеген немере-шөберелерінің ортасында марқайып отырған ата-әжелерімізді көрудің өзі – бір ғанибет. Жастары егде тартқан шақта қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріп, жетілдірген ұл-қыздары қас-қабағына қарап, немерелері қойнына тығылып, мойнына асылып жатса – еңбектерінің ақталғаны емес пе? Қарияларымыздың «Жасымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер», - деп құдайға құлшылық етуінің мәні де, мәнісі де осында.
Осы тұрғыда халқымызда қалыптасқан ұғымдар мен түсініктердің түп-төркінінің асыл дінімізбен кеңінен астасып жатқанын атап өту керек. Бұл келесі аят-хадистерден анық көрінеді:
Алла Тағала былай бұйырады: «Раббың Өзінен басқаға құлшылық қылмауларыңа және ата-анаға ізгілік жасауларыңа бұйырды. Егер олардың біреуі не екеуі де қартайса, ол екеуіне «түһ» деп те айтпа, оларға дауыс та көтерме, оларға тек жақсы сөз сөйле. * Оларға мейірімділік пен кішіпейілділіктің қанатын жайып: «Раббым! Кішкентайымда мені тәрбиелегені секілді оларға Сен де рахым ет» деп айт»[«Исра» сүресі, 23-24 аяттар].
Міне, байқағанымыздай, қасиетті Құран аятында Құдай Тағала ата-анаға «түһ» деп айтудың өзіне тыйым салып тұр. Сонымен қатар, кішкене кейістіктің өзі ата-ананы жәбірлеудің ең жеңіл түрі саналатындығын байқаймыз.
Абдулла ибн Амрден (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Алланың разылығы ата-ананың разылығында, Алланың ашуы ата-ананың ашуында» [Имам Термизи].
Имам Ағзам хазреттері имам Әбу Юсуфқа: «Ғалымдарды құрметте! Үлкендерге құрмет, кішілерге ізет-мейірімділік көрсет!» деген.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта бірде Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қор болды! Қор болды! Қор болды!» – дейді. Сахабалар: «Уа, Расулалла! Ол кім?» – деп сұрайды. Сонда ол (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ол жасы ұлғайған ата-анасы болып, сосын жәннатқа кіре алмаған немесе ол екеуі оны жәннатқа кіргізе алмаған адам», – деп жауап береді. Демек, ата-анаға дер кезінде қызмет ете алмай, сондай мүмкіндікті пайдалана алмау, сондай ізгі істі істеп, соның сауабымен жәннатқа жете алмау орны толмас қасірет екен.
Міне, осы мәселелерден үлкенге құрмет көрсетудің маңыздылығын ұғынамыз. Әсіресе, мұсылман қарттарға ерекше құрмет көрсеткен жөн. Жақсы-жаман деп ажыратып жатпай, барлығына бірдей жақсылық жасау керек. Мысалы, қоғамдық көліктерге жас, кәрі, ауру, сау, әйел, еркек, бай, кедей, ғалым, надан сияқты әртүрлі топтың адамдары мінеді. Әлсіздерге көмектесу керектігін ескере отырып, автобусқа мінер кезде де, түсерде де көмектесіп, үлкендерге орын ұсыну керек. Мұндай мәселе тек сауаптылықты көрсетеді. Осы тұрғыдағы хадисте былай делінген: «Әлсіздерге, науқастарға, қарттарға және кішілерге мейірімділік көрсетіңдер!» және «Қарттарға құрмет және сый, Алла Тағалаға деген құрметтен туындайды» (Имам Бұхари)
Сонымен қатар: «Үлкендерін құрметтемеген, кішілерге мейірім етпеген адам бізден емес» (Имам Бұхари).
Мына үш нәрсе Алла Тағалаға деген тағзымнан саналады:
1. Мұсылман болып қартайған адамды құрметтеу;
2. Құран Кәрімді жаттаған адамды құрметтеу;
3. Ғалымды құрметтеу;
«Мұсылман болып қартайғанды құрметтеген адам Нұх Пайғамбарды кұрметтегендей сауап алады. Нұх Пайғамбарды құрметтеген адам, Алла Тағаланы құрметтеген болады.» (И.Хатиб).
«Тәкбір, тахмид, тәсбих және таһлил себебімен мұсылман болып қартайған мүминнен абзал адам жоқ.» (И. Ахмед) (Тәкбір: Аллаһу әкбәр, таһмид: Әлхамдулилла, тәсбих: Сүбханалла, таһлил: Лә илаһә иллалла)
Қазіргі кезде, шыны керек, шекпенін желбегей салып, тақиясын шалқайта киіп, салалы сақалын уыстай тарамдап, маңғазданып отыратын байсалды да салиқалы қарттарды сағынатын болдық. Ауылды жерлерге жол түсіп бара қалсақ та төр алдында қазықтай шаншылып, қаршығадай қомданып отыратын иманжүзді ақсақалдарды іздейтіндігіміз жасырын емес. Жүріс-тұрысыңды бағып, берген сәлеміңді мәнерлей, бипаздай алатын ақылгөй де батагөй қарияларды көруге асығатындығымыз бар.
Дегенмен, Аллаға шүкір, ел ішінде қазыналы қарияға айналып отырған абыз ақсақалдарымыздың да жетерліктей екендігіне шүкірлік етеміз. Сол ақсақалдарымыздың арқасында еліміздің бірлігі артып, жоғымыз бүтінделіп отыр десек артық айтпаймыз.
Сөз соңында кейінгі ұрпақ - жастар өкілдеріне қарияларымыздың, дарияларымыздың бағыттауымен алға басар болсақ адаспасымыз анық дегім келеді.
Захиджон Ибадов
Вайнах мешітінің наиб имамы