УАҚЫП ПЕН САДАҚАНЫҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ НЕДЕ?
Ислам діні адамзатты ізгілікке, мейірімділікке, жомарттыққа және өзара көмекке үндейді. Мұсылман баласы үшін мал-мүлік тек жеке басының игілігі емес, ол – Алла Тағаланың берген аманаты. Сондықтан байлықты адал жолмен тауып, оны қайырлы мақсаттарға жұмсау – үлкен сауапты амалдардың бірі.
Қайырымдылық туралы сөз болғанда, көбіміздің ойымызға садақа беру келеді. Расында, садақа – мұсылман өміріндегі маңызды құлшылықтардың бірі. Алайда Ислам өркениетінде садақамен қатар ерекше орын алатын тағы бір ізгі амал бар. Ол – уақып. Бүгінде уақып ұғымы қоғамымызда кеңінен насихаттауды қажет етеді. Өйткені садақа мен уақыптың мақсаты ортақ болғанымен, олардың жүзеге асу жолында өзіндік ерекшеліктері бар.
Садақа – мұқтажға көрсетілген мейірім
Садақа – Алла разылығы үшін мұқтаж жандарға, қайырымдылыққа және ізгі істерге берілетін дүние-мүлік немесе көрсетілетін көмек. Садақа тек ақшамен өлшенбейді. Біреуге жылы сөз айту, жолда жатқан кедергіні алып тастау, науқас адамның көңілін сұрау, аш адамды тамақтандыру, мұқтажға қол ұшын созу – мұның барлығы садақаның көрінісі.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әрбір мұсылманның садақа беруі міндет», – деген. Сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Садақа беретін нәрсесі болмаса ше?» – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның еңбек етіп, өзіне де, өзгеге де пайда келтіруін айтқан. Ал оған да шамасы келмесе, мұқтаж адамға көмектесуін, оған да шамасы жетпесе, жақсылық жасауды бұйырған (Бұхари, Муслим хадистері). Бұл хадистен садақаның тек қаржылық көмекпен шектелмейтінін аңғарамыз. Садақа – адамның жүрегіндегі мейірімнің, иманның және жанашырлықтың көрінісі. Мысалы, бір отбасының азық-түлігін алып беру, науқастың дәрі-дәрмегіне көмектесу немесе жетім баланың оқуына қаражат бөлу – садақаның нақты үлгілері.
Уақып – ұрпаққа жалғасатын сауап
Уақып – белгілі бір мүліктің негізгі бөлігін сақтап, одан түсетін пайданы қайырымдылық пен ізгілік мақсаттарына жұмсау. Араб тіліндегі «уақып» сөзі тоқтату, бекіту деген мағынаны білдіреді. Шариғатта ол – негізгі мүлікті сақтап, оның пайдасын Алла жолында жұмсау. Мысалы, бір азамат өзіне тиесілі ғимаратты уақып етті делік. Ол ғимарат сатылмайды, жалға беріледі. Ал одан түскен қаражат мешіттің қажеттілігіне, шәкірттердің оқуына немесе жағдайы төмен отбасыларға көмек ретінде жұмсалады. Яғни уақыпта негізгі мүлік сақталып, оның игілігі үздіксіз жалғасып отырады.
Уақыптың тарихтағы ең көрнекті үлгілерінің бірі – Омар ибн Хаттабтың (р.а.) Хайбардағы жерін уақып етуі. Абдуллаһ ибн Омардан (р.а.) жеткен хадисте Омар (р.а.) Хайбардан алған жерінің құндылығын айтып, оны қалай пайдалануға кеңес сұрайды. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қаласаң, оның негізгі мүлкін сақтап, пайдасын садақа ет», – дейді. Осы кеңестен кейін Омар (р.а.) жерін сатылмайтын, сыйға берілмейтін және мұраға қалдырылмайтын етіп уақып етеді. Оның өнімін кедейлерге, туыстарына және басқа да қайырымдылық мақсаттарға арнайды (Бұхари, Муслим). Бұл оқиға Исламдағы уақып жүйесінің негізін көрсететін маңызды тарихи үлгі болып саналады.
Садақа мен уақыптың негізгі айырмашылығы
Екеуінің де мақсаты – Алланың разылығына жету және қоғамға пайда келтіру. Бірақ олардың жүзеге асу тәсілі әртүрлі. Біріншіден, садақа көбіне мұқтаж адамның қажеттілігін тікелей өтеуге бағытталады. Мысалы, аш адамға тамақ беру, қарызға батқан жанға көмектесу, жетімге киім алып беру. Ал уақып белгілі бір мүлікті сақтап, оның пайдасын ұзақ уақыт бойы қоғам игілігіне жаратуға негізделеді. Екіншіден, садақаның негізгі қаражаты жұмсалып кетуі мүмкін. Мәселен, бір адам мұқтаж отбасына 50 мың теңге берсе, ол ақша отбасының қажеттілігіне жұмсалады. Ал уақыпта негізгі мүлік сақталады. Мысалы, 50 миллион теңгеге жалға берілетін ғимарат сатып алынып, оның ай сайынғы табысы қайырымдылыққа бағытталуы мүмкін. Үшіншіден, уақып ұзақ мерзімді қайырымдылық жүйесін қалыптастырады. Бір адамның игілікті ісі оның көзі тірісінде ғана емес, қайтыс болғаннан кейін де жалғаса беруіне мүмкіндік береді. Дегенмен садақаның да садақа жария түрінде жалғасатын үлгілері бар. Сондықтан садақа мен уақыпты бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Уақыптың өзі де садақаның бір түрі болып саналады.
Садақа жария – мәңгілік сауаптың жолы
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласы қайтыс болған кезде оның амалдары тоқтайды. Бірақ үш нәрсенің сауабы тоқтамайды: садақа жария, пайдалы білім және өзіне дұға жасайтын ізгі перзент», – деген (Муслим, 1631). Ғалымдар садақа жарияның мысалы ретінде мешіт салу, құдық қазу, көпір тұрғызу, білім тарату және халыққа тұрақты пайда әкелетін игі істерді атаған. Уақып – осы садақа жарияның маңызды жүзеге асу жолдарының бірі. Тарихқа көз жүгіртсек, мұсылман елдерінде уақып жүйесі арқылы мешіттер, медреселер, кітапханалар, ауруханалар, керуен-сарайлар мен қоғамдық асханалар жұмыс істеген. Тіпті кейбір жерлерде жолаушыларға, жетімдерге және тұрмысы төмен отбасыларға арнайы көмек көрсетілген. Бұл – Ислам қоғамындағы әлеуметтік жауапкершіліктің жоғары деңгейде болғанын көрсетеді.
Бүгінгі қоғамға уақып не үшін қажет?
Қазіргі заманда қайырымдылыққа деген қажеттілік артып келеді. Мешіттерді күтіп ұстау, діни білім беру, шәкірттерге қолдау көрсету, жетімдер мен мұқтаж отбасыларға көмектесу – мұның барлығы тұрақты қаржыландыруды қажет етеді. Осы тұрғыдан алғанда, уақып қорларын дамыту қоғам үшін маңызды. Мысалы, кәсіпкер өзінің табысынан белгілі бір қаражатты уақыпқа арнап, одан түскен пайданы шәкірттердің шәкіртақысына бағыттаса, бұл бір ғана адамның емес, көптеген ұрпақтың игілігіне айналуы мүмкін. Сондай-ақ жер, ғимарат, дүкен немесе басқа да табыс әкелетін мүлікті уақып ету арқылы қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешуге үлес қосуға болады. Әрине, мұндай қорлардың жұмысы ашық, заңды және сенімді болуы шарт. Уақыпқа берілген мүлік аманат ретінде қарастырылып, белгіленген мақсатқа сай пайдаланылуы керек.
Сөздің түйіні: Садақа – бүгінгі мұқтаждың қажетін өтеу болса, уақып – ертеңгі ұрпақтың игілігіне қызмет ететін қайырымдылықтың жалғасты жолы. Бір үзім нан берген адам аштың қарнын тойдырады. Ал сол нанды үздіксіз таратуға мүмкіндік беретін жүйе құрған адам көптеген жанның игілігіне себепші болады. Мұсылман қоғамы тек бір реттік көмек көрсетумен шектелмей, қайырымдылықтың тұрақты әрі жүйелі жолдарын да дамытуы қажет. Өйткені байлықтың қадірі оның көптігінде емес, оның қаншалықты игілікке жұмсалғанында. Ата-бабамыз «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деп бекер айтпаған. Ал уақып – ізгі адамның артында қалдырған игілікті ісінің жалғасуына мүмкіндік беретін жол.
Ендеше, мүмкіндігі бар әрбір азамат садақа берумен қатар, ұрпаққа пайдасы тиетін уақып мәдениетін де қалыптастыруға атсалысқаны жөн. Өйткені бүгінгі жасалған жақсылық – ертеңгі ұрпаққа қалдырылған аманат.
Бостандық ауданы
«Байкен» мешітінің
наиб имамы Жолдас Жетпісбаев