ОТБАСЫ – ТӘРБИЕ БАСТАУЫ
Отбасы – адам өміріндегі ең алғашқы тәрбие мектебі. Адамның мінезі, дүниеге көзқарасы, үлкенге құрметі мен кішіге ізеті ең алдымен отбасында қалыптасады. Бала өмірге келген сәттен бастап айналасындағы адамдардың іс-әрекетін бақылап, солардан үлгі алады. Сондықтан отбасы тек бір шаңырақ астында өмір сүретін адамдардың ортасы емес, ол – адамгершілік пен имандылықтың, мейірім мен сыйластықтың негізі қаланатын қасиетті мекен.
Қазақ халқы ежелден отбасы тәрбиесіне ерекше мән берген. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мақалдың өзі баланың қандай адам болып қалыптасуында ата-ананың рөлі зор екенін көрсетеді. Әке мен ананың қарым-қатынасы, бір-біріне деген құрметі, сөйлеген сөзі мен жасаған ісі балаға тікелей әсер етеді. Үлкендер өздері үлгі көрсетпей тұрып, баладан жақсы мінез талап ету оңай емес. Өйткені бала көбіне айтылған ақылдан гөрі көрген әрекетін қайталайды.
Ислам дінінде де отбасы тәрбиесіне үлкен жауапкершілік жүктелген. Қасиетті Құранның «Тахрим» сүресінің 6-аятында: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды отыны адамдар мен тастардан болған оттан қорғаңдар...» – деп бұйырылған (66:6). Бұл аят отбасының рухани тәрбиесіне әрбір адамның жауапты екенін аңғартады. Яғни ата-ана баласының тек материалдық қажеттілігін қамтамасыз етумен шектелмей, оның дұрыс тәрбие алуына, жақсы мен жаманды ажырата білуіне, имандылық пен адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіруіне де көңіл бөлуі керек. Балаға адалдықты үйрету, өтірік айтпауға баулу, өзгеге зиян келтірмеуді түсіндіру – тәрбиенің маңызды бөлігі.
Құранда Лұқманның баласына айтқан өсиеті де ата-ана тәрбиесінің жақсы үлгісі болып табылады. «Лұқман» сүресінің 13-аятында: «Сол уақытта Лұқман баласына насихат айтып: “Балақайым! Аллаға серік қоспа. Расында, серік қосу – өте үлкен әділетсіздік», – деді. (31:13). Бұл аятта әкенің баласына мейіріммен тіл қатып, маңызды өмірлік құндылықтарды түсіндіріп отырғанын көреміз. Лұқманның баласына «Балақайым!» деп жылы сөзбен үн қатуының өзі тәрбиеде мейірім мен сабырдың маңызын көрсетеді. Демек, балаға дұрыс тәрбие беру дегеніміз тек талап қою емес, онымен сөйлесу, түсіндіру және жақсы жолға бағыттау.
Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде де отбасы алдындағы жауапкершілік кеңінен айтылған. Абдулла ибн Омардан (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әрқайсысың жауаптысыңдар және әрқайсысың өз қарамағыңдағылар үшін сұраласыңдар», – деген. (Сахих әл-Бұхари, 7138-хадис). Бұл хадис ата-ананың бала алдындағы міндетін нақты көрсетеді. Баланың тәрбиесі тек мектепке немесе қоғамға жүктелетін міндет емес. Оның қалыптасуына ең алдымен ата-ана жауапты.
Айша анамыздан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың – отбасына жақсы болғандарың. Ал мен отбасына ең жақсы қарайтындарыңмын», – деген. (Жәмиғ әт-Тирмизи, 3895-хадис. Сахих – Даруссалам бағалауы). Бұл хадистен отбасының берекесі өзара сыйластық пен жақсы қарым-қатынасқа байланысты екенін түсінеміз. Адамның шынайы мінезі көбіне үй ішіндегі қарым-қатынасынан көрінеді. Жұбайына құрметпен қарау, баласына мейірім таныту, жақындарына қамқор болу – жақсы мұсылманның қасиеттері.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әрбір нәресте фитратпен (табиғи таза болмыспен) дүниеге келеді. Кейін оны ата-анасы яһуди, христиан немесе мәжуси етеді», – деген. (Сахих әл-Бұхари, 1358-хадис). Бұл хадис баланың бастапқы болмысына қоршаған ортаның, әсіресе ата-ананың ықпалы зор екенін білдіреді. Сондықтан баланың бойына жақсы қасиеттерді ерте жастан сіңіру маңызды. Оған мейірімділік, шыншылдық, үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу сияқты құндылықтарды үйрету қажет.
Қазіргі уақытта отбасы тәрбиесіне қатысты мәселелер де аз емес. Телефон мен әлеуметтік желіге тәуелділік, ата-ана мен бала арасындағы ашық әңгіменің азаюы, бір-біріне уақыт бөлмеу – көп отбасында кездесетін жағдайлар. Кейде ата-ана баласының сабағы мен күнделікті қажеттіліктеріне көңіл бөлгенімен, оның ішкі жан дүниесін тыңдауды ұмытып кетеді. Ал балаға кейде қымбат сыйлықтан бұрын ата-анасының назары, жылы сөзі мен қолдауы қажет.
Отбасындағы тәрбиені жақсарту үшін мына үш әдетке көңіл бөлген жөн:
1. Балаға жеке уақыт бөлу. Күн сайын баламен әңгімелесіп, оның ойы мен сезімін тыңдау қажет. Бұл ата-ана мен бала арасындағы сенімді нығайтады.
2. Жақсы іспен үлгі көрсету. Үлкендер өздері шыншыл, сабырлы, әдепті болса, бала да сол қасиеттерді бойына сіңіреді. Тәрбие сөзбен ғана емес, күнделікті әрекетпен беріледі.
3. Отбасылық рухани құндылықтарды қалыптастыру. Бірге дұға жасау, діни және тәрбиелік әңгімелер айту, үлкендерге құрмет көрсету, дастарқан басында бірге уақыт өткізу отбасы мүшелерін жақындастырады.
Қорыта айтқанда, отбасы – адам тәрбиесінің алтын бесігі. Балаға берілген дұрыс тәрбие оның болашағына ғана емес, қоғамның дамуына да әсер етеді. Иманды, тәрбиелі, жауапкершілігі жоғары ұрпақ өсіру үшін ата-ана өз міндетіне бейжай қарамауы керек. Өйткені жақсы отбасы – жақсы қоғамның негізі. Әр шаңырақта сыйластық, мейірім мен түсіністік орнаса, сол отбасында өскен ұрпақ та елге пайдалы, адамгершілігі мол азамат болып қалыптасады.
Төле би мешітінің наиб имамы
Бекжанов Құдірет