ПАЙҒАМБАР САЛҒАН САРА ЖОЛ
Адамзат тарихында талай тұлға өмір сүрді. Бірі билігімен, бірі байлығымен, енді бірі ақыл-парасатымен танылды. Алайда адамзаттың рухани дүниесіне терең із қалдырып, тұтас бір үмбеттің ғана емес, күллі адам баласының өмір сүру бағытын өзгерткен тұлға біреу. Ол – Алланың соңғы елшісі Мұхаммед Мұстафа (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын).
Оның өмір жолы – жай ғана тарихи шежіре емес. Ол – адамгершіліктің өлшемі, әділдіктің үлгісі, мейірімділіктің мектебі және адам баласына берілген өмірлік бағдар.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізге тек құлшылықтың орындалу тәртібін ғана үйретіп кеткен жоқ. Ол қалай өмір сүруді, қалай сөйлеуді, қалай кешіруді, қалай жақсы көруді, тіпті келіспеген адаммен қалай қарым-қатынас жасауды да ісімен көрсетті. Сондықтан оның салған сара жолы – белгілі бір дәуірдің шеңберіне сыйып қалатын қағидалар жиынтығы емес, уақыт өткен сайын құндылығы арта түсетін өмір мектебі.
Сара жолдың бастауы – көркем мінез.
Бүгінгі қоғамда білімді адам көп, бірақ білімін көркем мінезімен ұштастыра білген адам аз. Ақпарат көбейгенімен, парасаттың артуы әрдайым соған сай келе бермейді. Адамдар бір-бірімен сөйлескенімен, бірін-бірі түсінуге келгенде дәрменсіздік танытып жатады. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Расында, сен ұлы мінезге иесің», – деп Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көркем мінезін ерекше дәріптейді. (Қалам сүресі, 4-аят). Бұл аят бізге бір маңызды ақиқатты аңғартады: пайғамбарлық өнегенің өзегінде көркем мінез жатыр. Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзіне дөрекілік көрсеткен адамға дөрекілікпен жауап бермеді. Қателескен жанды қорлауға асықпады. Адамдардың кемшілігін бетіне басудан гөрі, олардың түзелуіне мүмкіндік берді. Демек, Пайғамбар жолымен жүру – мешітте ғана ізгі болу емес, үйде де, жұмыста да, көшеде де, адамдармен қарым-қатынаста да ізгілік таныту.
Мейірім – мұсылмандықтың көрінісі
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдарға ғана емес, жан-жануарларға да мейіріммен қарауды үйретті. Оның өмірінде әлсізге қамқорлық жасау, жетімнің көңілін аулау, мұқтажға қол ұшын созу ерекше орын алды. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мейірімділік танытпағанға мейірімділік көрсетілмейді», – деген. (Бұхари, Муслим). Осы хадиске терең үңілсек, мейірімділік мұсылманның қосымша қасиеті емес, оның болмысынан орын алуы тиіс негізгі сипаттарының бірі екенін түсінеміз. Бүгінде біреуге көмектесу үшін міндетті түрде бай болу шарт емес. Кейде адамның көңілін көтеретін бір ауыз жылы сөз, мұқтаждың жағдайын сұрау немесе біреудің ауыртпалығын жеңілдету – үлкен сауапқа себеп болатын амал. Пайғамбар салған сара жол бізге ізгілікті үлкен істерден ғана емес, күнделікті қарапайым әрекеттерден де іздеуді үйретеді.
Сүннет – тек сыртқы көрініс емес, өмірлік ұстаным
Кейде сүннет ұғымын тек сыртқы амалдармен байланыстырып жатамыз. Әрине, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сыртқы келбеті, киім киісі, жүріс-тұрысы мен күнделікті әдеттері де мұсылман үшін маңызды өнеге. Алайда сүннеттің мәні мұнымен шектелмейді. Сүннет – әділ болу, аманатқа қиянат жасамау, уәдеде тұру, саудада алдамау, көршімен тату болу, ата-анаға құрмет көрсету, отбасыңа жанашырлық таныту.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың – отбасына жақсы болғандарың», – деген. (Тирмизи). Бұл хадис мұсылмандықтың өлшемін сыртқы беделмен емес, адамның жақындарына жасаған қарым-қатынасымен де бағалау керектігін көрсетеді. Өйткені адам көпшіліктің алдында сыпайы көрініп, өз үйінде дөрекі болуы мүмкін. Ал Пайғамбар жолы – адамның жалғыз қалғанда да, елдің ортасында да бірдей ізгі болуы. Замана өзгерсе де, сүннеттің құндылығы өзгермейді. Біз технология дамыған, ақпарат жылдам тарайтын, адамдардың өмір салты өзгерген заманда өмір сүріп жатырмыз. Бір сәтте әлемнің арғы шетіндегі жаңалықты біле аламыз. Бірақ осындай мүмкіндіктердің арасында адам кейде ең маңызды нәрсені – өзінің рухани бағытын жоғалтып алуы мүмкін.
Әлеуметтік желіде біреудің кемшілігін әшкерелеу оңай. Ашуға ерік беру оңай. Өзгені айыптау оңай. Ал кешіру, сабыр сақтау, жақсы сөз айту және өз нәпсіңді тәрбиелеу – үлкен рухани жауапкершілікті талап етеді. Міне, дәл осындай кезеңде Пайғамбар өнегесі бұрынғыдан да маңызды. Себебі оның тағылымы заманның техникалық мүмкіндіктеріне емес, адамзаттың өзгермейтін рухани қажеттіліктеріне негізделген.
Құран Кәрімде: «Расында, сендер үшін Алланың Елшісінде көркем өнеге бар», – делінген. (Ахзаб сүресі, 21-аят). Бұл – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жолы белгілі бір уақытпен шектелмейтінінің айқын дәлелі.
Пайғамбар жолына оралу – өткенге қайту емес, кемелдікке ұмтылу
Кейде біз қоғамның түзелуін үлкен өзгерістерден күтеміз. Біреу биліктен, біреу заманауи білімнен, енді біреу экономикалық жағдайдан үміт етеді. Әрине, бұлардың әрқайсысының өзіндік орны бар. Бірақ қоғамның шынайы өзгерісі ең алдымен адамның өзінен басталады. Егер әрбір мұсылман аманатқа адал болса, қоғамда сенім артады. Егер әрбір отбасыда мейірім болса, ұрпақ тәрбиесі түзеледі. Егер әрбір адам өзгенің ақысын жемесе, әділдік нығаяды. Егер әрбір жан тілін ғайбаттан, жүрегін көреалмаушылықтан сақтаса, адамдар арасындағы татулық бекиді. Мұның барлығы – Пайғамбарымыз (оған алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйреткен өмір салтының жемісі. Оның сара жолына еру – тек өткенді еске алу немесе мерекелік жиындарда мадақ айту ғана емес. Ең бастысы – сол өнегені күнделікті өмірімізге енгізу.
- Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл дүниеден өткеніне қаншама ғасыр өтсе де, оның қалдырған өнегесі адамзат үшін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Өйткені уақыт өзгереді, қоғам өзгереді, адамдардың тұрмыс-тіршілігі өзгереді. Бірақ әділдікке, мейірімге, адалдыққа және рухани кемелдікке деген қажеттілік ешқашан жойылмайды.
Пайғамбар салған сара жол – адамды Аллаға жақындатып қана қоймай, адамдарға пайдалы тұлға болуға тәрбиелейтін жол. Бәлкім, бүгінгі мұсылман қоғамына жетіспей тұрған нәрсе – сүннет туралы көбірек айту емес, оны өмірде көбірек көрсету шығар.Өйткені Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шынайы сүю – оның есімін жиі атаумен ғана өлшенбейді. Оның аманатына адал болып, мінезіне ұқсауға талпынумен, өсиеттерін орындаумен өлшенеді. Ендеше, Пайғамбар салған сара жол – артта қалған тарих емес. Ол – бүгінгі күнімізге бағыт беретін, ертеңімізге жарық түсіретін мәңгілік мұра.
Мүзәмміл мешітінің
бас имамы
Аманов Жұманәлі