Қостанайда Құран жарысы өтті
Жақында өңіріміздің Сарыкөл ауданына қарасты Тимирязев ауылында «Омар ата» мешітінің 7 жылдығына арналған «Құран – сенің шапағатың» атты облыстық Құран жарысы ұйымдастырылды. Оған ауыл жанашыры, жомарт жүректі азамат Меңдібай Омаров демеушілік жасағанын ерекше атап өткеніміз жөн.
Жарыстың ашылу салтанатында облыстық «Марал ишан» мешітінің наиб имамы Дархан Сыздықов уағыз-насихат айтты. Омар атаның ұрпағы Амангелді Омаровтың сөйлеген сөзін жиналған жұртшылық ұйып тыңдады.
Сарыкөл ауданының жуырда тағайындалған бас имамы Нұрбол Балахметов жарысқа демеушілік көрсеткен Меңдібай Омаровқа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек Тәжімбеттің Алғыс хатын көпшілік алдында айрықша құрметпен тапсырды.
Осынау басқарманың өңірдегі өкілдігі өткізген шараға аймақтың аудан, ауылдарынан мешіт шәкірттері қатысып, өздерінің тың ізденіс үстінде екендігін көрсетті.
Мысалы, Құран Кәрімнің 1 және 1,5 парасы бойынша сынға түскен қатысушыларды қазылар алқасы есте сақтау қабілеті, оқу ережесі (тәджуид), мақамы бойынша бағалағандығын тілге тиек еткеніміз абзал.
Жарыс қос кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде 1-орынды Арман Алдиярұлы иеленсе, 2-орынды Медет Бақытұлы, 3-орынды Айбек Аманғалиұлы жеңіп алды.
Жарыстың екінші кезеңінде бірінші орынға Абай Құланбаев, екінші орынға Бекболат Қайратұлы,үшінші орынға Мақсат Абайұлы көтерілді.
Ешбір қатысушы ескерусіз қалған жоқ. Оларға ынталандыру сыйлықтары берілді.
Жоғарыда аталған жарысқа қатысушылардың ең жасы – 8-де болса, ең үлкені – 81 жаста еді. Құран жарысынан кейін арнайы дастархан жайылып, Құран оқытылды.
Қостанай облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі