Алматыда Рухани келісім күні аталып өтті (ФОТО)
Кеше, Алматы қаласында Рухани келісім күніне орай мерекелік шара өтті.
Шараны Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Қазақстан Республикасындағы лаңкестік және экстремизм мәселелерін зерттеу орталығы» қоғамдық қоры және Алматы қаласындағы діни бірлестіктер жетекшілерінің клубы ұйымдастырды.
Шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Айдар Есенбеков, Алматы қаласының бас имамы Еркінбек қари Шоқай, Рим-католик шіркеуінің өкілі Карлос Лаос, Евангели христиан-баптистер шіркеуі бірлестігінің Алматы және Алматы облысының пресвитері Алексей Лубошников, аудан бас имамдары және тағы басқа да құрметті қонақтар қатысты.
Ең алдымен сөз алған қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың сәлемін жеткізе отырып:
«Алматы қаласында еліміздің ең ірі діни бірлестіктері, рухани орталықтары шоғырланған. Қалада ислам, христиан, иудаизм, буддизм сынды әлемдік және дәстүрлі діндердің өкілдері көп. Осыған орай бүгін елімізде Рухани келісім күні кең көлемде аталып өтуде. Бұл мерекенің 27 жылдық тарихы бар. Естеріңізде болса ең алғаш 1992 жылы Алматыда Елбасының қатысуымен І әлеуметтік конгресс өткен болатын. Сол жылдан бері Рухани келісім күні дәстүрлі түрде аталып өтуде. Мақсаты – еліміздегі мәдениетаралық және конфессияаралық диалогты нығайту. Сонымен қатар, ең басты құндылығымыз – тұрақтылықты сақтау», – деді.
Содан кейін ҚМДБ-ның Алматы қаласы бойынша өкіл имамы Еркінбек қари Шоқай:
«Біз – дос болам деген адамға құшағын айқара ашқан кең пейіл халықпыз. Көңілімізбен пиғылымыз қандай кең болса Жаратушы иемізде бізге сондай ұланғайыр жерді еншімізге бұйыртқан. Бұл жай әшейін кездейсоқтық емес екені тарихтан хабары бар адамның бәріне аян. Ұлт пен ұлыстар арасындағы татулық тұрақты болып, еліміз аман жұртымыз тыныш болсын!» – деп тілек тіледі.
Шара барысында қаламызда тұрып жатқан басқа дін өкілдері де Рухани келісім күні туралы өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Мерекелік шара аясында тақырыптық кітаптардың және фотосуреттердің көрмесі ұйымдастырылып, арты концерттік бағдарламаға ұласты.
Сондай-ақ, мәдени астанамызда дін саласында нәтижелі еңбек етіп жүрген мамандар марапатталды.