Бүгін, Алматы Орталық мешітінің Бас имамы Еркінбек қари Шохаев қасиетті қажылық сапарына аттанып бара жатқан бір топ қажылармен жүздесіп, оларға сәт сапар тіледі.
Бұл жүздесуде Бас имам қажыларды кіріп келген қасиетті «зүл-хижжа» айымен құттықтап, осы айда атқарылатын негізгі құлшылық түрлерімен таныстырды. Соның ішінде қажылық ғибадатының орындалу тәртіптері мен әдептеріне ерекше тоқталды.
Бас имам одан әрі өз сөзінде «Ихрам кию», «Арафатта тұру», «Ифада тауабын жасау» сынды қажылықтың парыз амалдарын түсіндіріп, бұлардың бірін тастап немесе орындамаған жағдайда қажылықтың дұрыс болмайтынын ескертті. Сондай-ақ, қажылықта жасалатын уәжіп, сүннет сынды басқа да амалдарға көңіл бөлу керектігін әрі бұлар қажылықтың толық орындалуы мен сауабы мол болуына және қабыл болған қажылық дәрежесіне қол жеткізуге себепкер амалдар екенін айтты.
Сөз соңында Бас имам қажыларға: «Қазір біз сіздерге ақжол тілеп қажылық сапарына шығарып салып жатсақ, ертең-ақ қажылық сапарын өтеп келген сіздерден біз дұға дәмететін боламыз. Алла тағала бізді сол күндерге жеткізсін. Құрметті қажылар, сапарларыңыз сәтті өтсін. Үлкен сауаптарға кенеліп, Алла разылығына бөлене берулеріңізге тілектеспіз. Осы сапарда ел-жұртымызға талмай дұға етіңіздер. Ниеттеріңіз қабыл болсын!», – деп өзінің жүрекжарды лебізін білдірді.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі