Бауыржан Әлиұлы Тараз қаласында дәріс жүргізді
Өткен аптада Жамбыл облысына арнайы ат артып келген ҚМДБ-ның Ғұламалар кеңесінің мүшесі, Нұр-Мүбарак университетінің докторанты, аға-оқытушы Бауыржан Алиұлы Тараз қаласының жамағатымен және медресе шәкірттерімен жүздесті.
«Һибатулла Тарази» медресесінің студенттеріне арнайы дәріс өткізген Б.Әлиұлы шәкірттерге білім алудың маңызы, ол білімді дұрыс жетілдіру, амал ету, алған құнды дүниелерді бойға сіңіру, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өсиеті бойынша өзгелерге үйрету сынды қадау-қадау кеңестер, ұтымды ой, саналы сөз айтты.
Сонымен қатар Бауыржан Алиұлы имам мамандығымен қызмет атқаруды мақсат етіп жүрген жастарға оның қандай жауапкершілікке ие екенін жүзіктің көзінен өткендей анық, нақты түсіндіре отырып, халықпен бірге болу, көпшіліктің дәрежесіне, ой-түсінігіне, қабылдауына қарай уағызды жеткізу, халықпен қалай жұмыс жасау керек жайында сөз етті.
Жүздесу соңында шәкірттердің жаңбырша жауған белсенді сұрақтарына мәселенің түбін ойып алғандай дәлелді, мыласы келіскен тамаша жауаптар берілді.
Бұдан кейін көненің көзі болған Тараз шаһарында ғалым, ұстаз орталық «Һибатулла Тарази» мешітінде бесін намазынан кейін, ал қалалық «Кеңесхан қажы» мешітінде ақшам намазынан кейін еркін тақырыпта уағыз жүргізді.
Мешітке жиналған жамағат ғалымның үгітін ұйып тыңдап, дәйекті де дәлелді кеңестерін ойға түртіп алды. Рухани азық сыйлаған жүздесуде халықтың сұрауы бойынша көптеген мәселелер егжей-тегжейлі түсіндірілді.