БАС МҮФТИ ҚАЖЫЛАРДЫ ҰЛЫ САПАРҒА ШЫҒАРЫП САЛДЫ
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Алматы халықаралық әуежайында қажыларды қасиетті мекенге шығарып салды.
Қажыларды шығарып салуға арналған арнайы рәсім қасиетті Құран аяттарын оқумен басталды. Бас мүфти ұлы сапарға аттанып бара жатқан қажыларға сәт-сапар тілеп, бес парыздың бірі қажылық құлшылығының мән-маңызына тоқталды.
Игі іс-шараға Сауд Арабиясы Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Фейсал Ханиф әл-Кахтани арнайы қатысып, игі ниетін жеткізді. Сонымен қатар мүфтияттың қажылық маусымындағы іс-шараларына ниеттестік танытты.
«Алланың қалауымен, Хақ Тағаланың шақыртуымен қасиетті Қағбатуллаға қажылыққа аттанып барасыздар. Алла сапарларыңызды берекелі етсін! Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жаман сөз сөйлемей, күнәлі әрі орынсыз ешнәрсе жасамай, Аллаға қажылық жасаған адам анасынан жаңа туғандай (күнәсіз) оралады» деген. Ендеше осы ұлы сапарда Алла Тағала барша отандастырымызға Өзінің жеңілдігін беріп, аман-есен құлшылығын өтеуді нәсіп етсін!
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Қазақстан қажыларының қажылық құлшылығын дұрыс орындауына жағдай жасау мақсатында арнайы QAJY GUIDE (ҚАЖЫ ГАЙД) мобильді қосымшасын іске қосты. Gajy Guide қосымшасы қажылық және ұмра өтеушілерге арналған тегін цифрлық көмекші құрал болмақ. Қосымшада виртуалды тур, қажылықты өтеу тәртібі, ұмраны өтеу тәртібі, дұғалар, кітаптар, сұрақ-жауап, діни сөздік, карта, хабарлама, туроператорлар тізімі қамтылған» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Айта кетейік, биыл конкурстық негізде 16 туроператорға жалпы саны 5081 қажылық орны бөлінді. Тасымалдау жұмыстары биыл Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан және Ақтау қалаларынан жүзеге асады. Қазақстандық қажыларға отандық «Air Astana» мен «SCAT», сондай-ақ «Flynas» (Сауд Арабия Корольдігі), «Air Arabia» (БАӘ), «Jazeera» (Кувейт) мен «Turkish Airlines» (Түркия) сынды халықаралық әуе компаниялары қызмет көрсетеді.