АЛМАТЫ: "ОТБАСЫ - ОШАҚ ҚАСЫ" РУХАНИ ОНЛАЙН КЕШІ ӨТТІ (ФОТО)
Рухани жаңғыру отбасы тәрбиесінен басталатынын ескерсек, әрбір отбасы қоғам үшін маңызды болып табылады. Жанұя татулығы, отбасы жылулығын ұстайтын әйел қауымының өз міндетін дұрыс атқаруы мен бала тәрбиесіне берік болғаны, отбасында ізгі ұрпақ тәрбиеленіп жатқаны деп білеміз. Демек отбасы тату болса, қоғам да дұрыс болмақ. Осыған орай "Дін мен дәстүр" аясында ҚМДБ насихат және қоғаммен байланыс бөлімі, Алматы орталық мешіті жанындағы әйел-қыздар секторы және Жетісу ауданы мешіттерінің ұстаздары ұйымдастыруымен “Отбасы ошақ қасы” атты рухани онлайн кешін өткізді. Дәстүр дәріптелген рухани кеш барысында отбасының маңыздылығы мен ұйытқысын қалай сақтау керек екені туралы пайдалы мәліметтер беріліп, дін мен дәстүр аясында бейне роликтер көрсетілді. Рухани әндер айтылып, 2000 ға жуық асыл аналарымыз онлайн режимде тамашалады. Отбасы тақырыбында сұрақтарға жауап беріліп, белсенді қатысушыларға сыйлықтар үлестірілді. Отбасы құндылықтарын дәріптеу мақсатында өткен іс-шара отаналар үшін пайдалы болды деген үміттеміз. Игі бастамалар аудан мешіттерінде жалғасын таппақ.
Алматы орталық мешітінің баспасөз қызметі