Қала күні құтты болсын!
Ардақты алматылық ағайын! Баршаңызды алып шаһар Алматы қаласының күнімен шын жүректен құттықтаймын! Алла Тағала қаламызға мейірімін төгіп, жақсылық пен молшылығын жаудырғай.
Мың жылдан астам тарихы бар көне қала өз ғұмырында өрлеу мен күйреудің талай соқтықпалы соқпақтарынан өтті. Бір кездері еліміздің астанасы болған Алматы бүгінде гүлдену мен өркендеудің даңғыл жолына бет алды. Азаттықтың арқасында экономикалық жағынан да, демографиялық жағынан да өсті. Талайлардың жастығының куәсі мен шабытының шалқары болған шаһар бүгінде кемелденген, нұрланған әсем қалаға айналғаны хақ.
Алатаудың бөктеріндегі осынау әсем қаланы жырына арқау етпеген ақын, көңіл тебіренісін әнге қоспаған сазгер жоқ шығар. Алматы талай жанның тұлға болып қалыптасуына ықпал етті. Осында тәрбиеленген жастардың қаншасы жан жүрегіне даналық дәнін еккен ұлт зиялыларының қатарынан көрінді десеңізші?!
Алматы – жастардың қаласы, зиялылар ордасы, дінаралық келісім мен ұлтаралық татулықтың мекені. Осы татулық пен тыныштықты сақтауда қаладағы мұсылман жамағатының да ролі айрықша. Аллаға шүкір, Алматы қаласындағы Нұр Мүбәрак университеті мен Әбу Ханифа медресе колледжі Республикаға қажетті діни мамандар даярлап келеді. Ал, қаладағы 52 мешіт мұсылмандарды имандылыққа баулып, тыныштық пен тұрақтылық жолында қызмет етуде. Бұл да Тәңірдің тарту еткен тәуелсіздігінің бір жемісі.
Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз қайырымды қала тұрғындарының көзқарастарын қалыптастыруды армандап, арнайы шығарма жазған. Иә, баршамыз әсем де әдемі һәм көрікті қалада тұрғымыз келеді. Әрине, ол қарапайым ғана тазалыққа мән беруден басталады. Пайғамбарымыз (с..ғ.с):
«Алла Тағала пәк, пәктікті жақсы көреді. Ол таза, тазалықты ұнатады. Ол жомарт, жомарттықты жақсы көреді. Үй-жайыңызбен, жүретін жолдарыңызды таза ұстаңыздар», - деп өсиет еткен.
Сол себепті, әрбіріміз мәдениеттіліктің озық үлгісін көрсетіп, сүйікті қаламызды таза ұстауға баршаңызды шақырамын.
Қадірменді бауырлар! Алла Тағала баршамызға арман қала Алматыны қауіпсіз, бейбіт мекен еткей. Әрқашан тыныштық пен татулықтың алтын бесігі болып, елімізге амандық, жерімізге тыныштық берсін. Жаратқан Ием әлемді шарпыған індеттен арылтып, қалыпты өмірімізге оралуды нәсіп етсін деп тілеймін. Қала күні құтты болсын, ағайын!
Төлеби Оспан,
Алматы қаласының
Бас имамы