Алматы Орталық мешітінің әйел шәкірттеріне білім сертификаты табысталды (ФОТО)
Үстіміздегі жылдың қыркүйек айынан бастап Алматы Орталық мешітінің діни сауат ашу курсына қатысқан әйел шәкірттер бір тоқсанда алған білімдері бойынша емтихан тапсырды. Соның ішінде жақсы нәтиже көрсеткендерге білім сертификаттары табысталды.
Марапаттау рәсіміне арнайы шақырылған Алматы Орталық мешітінің наиб имамы, «Жастар ісі» секторының жауапты маманы Ермек Көкірекбаев білім қуған шәкірттерге дініміздегі білім алудың орны мен Құран оқып-үйренудің шарапаты туралы уағыз айтты. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен қыз-келіншектер мен аналарымыздың білімді болуы, Хақ кәламы – Құранды еркін оқып, түсіне алуы – келешек ұрпақтың тәрбиелі, иманды, көреген болып өсуіне үлкен септігін тигізетінін атап өтті.
Ал Алматы Орталық мешітінің ұстазы, «Әйел-қыздар» секторының жауапты маманы Игілікова Айнұр білім алған шәкірттерге үлкен алғыс білдіріп, олардың білім сапарына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, дініміздегі білім алушылардың артықшылықтары туралы айтты.
Соңында мешіт ұстаздары өз қолдарымен сынақтан сүрінбей өтіп, жақсы нәтиже көрсеткен 27 шәкіртке білім сертификатын табыстады. Ал еркін Құран оқып-үйренген 40 шәкіртке мақтау қағазы мен Құран Кәрім кітабы тарту етілді.
Azan.kz