Алматы: Діни бірлестіктер жетекшілері клубының отырысы өтті
Кеше, Алматы қаласы Достық үйінде қалалық Қоғамдық даму басқармасы басшысы Әлібек Үсенұлы Әлденейдің төралығымен, қалалық діни бірлестіктер жетекшілері клубының отырысы өтті.
Іс-шара клубтың 2 жылдық көлемінде атқарылған жұмыс нәтижесін қорытындылауға арналды.
Отырыста қаладағы діни бірлестіктердің басшылары мен өкілдері, Қоғамдық кеңес мүшелері, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің оқытушылары, докторанттары мен дінтанушылары және аудан имамдары қатысты.
Алқалы жиында Алматы қалалық Орталық мешітінің наиб имамы Руслан Қайыргелді Алматы қаласының бас имамы Еркінбек қари Керімбекұлының арнайы сәлемін жеткізіп, «Исламдық дінаралық татулық» атты тақырыпта баяндама оқыды.
Клуб Алматы қаласының Қоғамдық даму басқармасының жанындағы еркін консультативтік-кеңестік орган болып табылады.
Клуб қызметі дін саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға, азаматтардың діни сенім бостандығы мен құқықтарын қамтамасыз ету саласында ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеуге, рухани және конфессияаралық келісімді нығайту мен қаланың түрлі діни бірлестіктері арасындағы қажетті ұйымдастырушылық, консультациялық және басқа да көмек көрсетуге бағытталған.