Алматы: Бас имам баспасөз мәслихатын өткізді (ФОТО)
Бүгін Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай қасиетті Рамазан айының қарсаңында Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметінде онлайн баспасөз мәслихатын өткізді.
Бұл онлайн басқосуға ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі Бауыржан Әлиұлы, Алматы қаласы әкімдігінің қызметкерлері және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.
Бас имам, ең алдымен, көпшілікті кіріп келе жатқан он екі айдың сұлтаны Рамазан айымен құттықтады. Берекесі мол Рамазанның қадір-қасиетін айтып, ораза ұстаудың дініміздегі орны мен сауабына тоқталды. ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің Нұр-Сұлтан қаласында өткен брифингте Рамазан жайлы жасаған мәлімдемесі мен Діни басқарма тарапынан қабылдаған карантиндік режимдегі ораза пәтуаларымен таныстырды. Атап айтқанда, биыл да қаламыздағы эпидемиялық ахуалдың күшеюіне байланысты мешіттерде уақытша жамағатпен тарауық намазы оқылмайтынын, оның орнына әркім оразадағы ауызашар рәсімі мен тарауық намазын үйде өткізу керектігін, пітір садақасын мешіттерге келіп берумен қатар, Каспий.кз қосымшасы арқылы да беруге болатынын жеткізді.
Содан кейін Бас имам Рамазан айында Алматы қаласы мешіттерінде атқарылатын бірқатар іс-шараларды атап өтті.
- Рамазан айында айтылатын уағыз-насихат, сұрақ-жауап жұмыстары онлайн режимде жүргізеді, қаламыздағы танымал қарилар онлайн Құран хатым оқиды. Әлеуметтік желідегі Азан.кз парақшасы арқылы күнделікті сағат 14.00-де онлайн қатысуға болады.
- Қасиетті айда қайырымдылық жасап, сауап алуды ниет еткен жандар «Берекелі Рамазан тосынсыйы», «Ауыз ашар қоржыны» атты акциялары аясында ауызашар қораптарын еріктілер немесе мешіт қызметкерлері арқылы көмекке мұқтаж азаматтардың үйлеріне жеткізіледі.
- «Рамазан керуені» атты қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылады.
- «Намаз оқып үйренейік», «Құран оқып үйренейік», «Қош келдің, Рамазан», «30 күнге 30 уағыз», «Бас имам мінбері» айдарымен қала мешіттерінің әлеуметтік парақшаларында онлайн дәрістер мен мешіт жамағаты арасында «Раббым, білімімді арттыр» сынды интелектуалды білім сайыстары өтеді.
- Рамазан айында зекетті қабылдау мақсатында, республика бойынша барлық мешіттерде «Зекет қабылдау бұрышы» орнатылып, зекет қаражаты тіркеліп, «Қолдан қолға» акциясы арқылы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға таратылады.
- Қалалық әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен «30 күнге 30 Құран хатым» жобасы және «Рамазан – отбасы айы» айдарымен отбасылық іс-шаралар ұйымдастырылады.
- Рамазанда Алматы қаласы мешіттерінің білікті имамдарының рухани уағыз-сұхбаттарын күнделікті ауызашар уақытында Алматы арнасынан көре аласыздар.
- Рамазан айында 8 (727) 329 0966, 8 700 719 7622 байланыс телефондары арқылы Алматы Орталық мешітінің Пәтуа Call-орталығы тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп отырады.
Басқосу соңында ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі Бауыржан Әлиұлы Бас имаммен кезектесіп тілшілер қойған сұрақтарға жауап берді.
Алматы қалалық Орталық мешітінің баспасөз қызметі