Алматы имамдары 850 түп ағаш көшеттерін отырғызды (ФОТО)
Бүгін, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің бастамасымен және «Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай 30 000 түп ағаш отырғызу» науқаны аясында, Алматы қаласы өкілдігінің ұйытқы болуымен М.Мақатаев атындағы №140 гимназияның ауласына 100 түп ағаш көшеттері отырғызылды.
Сауапты шараға Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай, Алмалы аудандық Төле би мешітінің бас имамы Ерсін Әміре, дін қызметкерлері, «Жастар ісі» секторының ерікті жастары, гимназия ұстаздары мен түлектері қатысты.
Шара барысында Алматы қаласының Бас имамы Еркінбек Шоқай, ең алдымен, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің сәлемін жеткізді. Дініміздегі көшет отырғызудың сауабы мен халқымыздың «бір тал кессең, он тал ек» деген даналығына тоқталды. Сонымен қатар, қоршаған ортаны көгалдандыру науқанына үлес қосып, игі іске мұрындық болған азаматтарға алғыс білдірді.
Бұдан бөлек қала мешіттерінің имамдары мен ерікті жамағат мешіттер мен түрлі мемлекеттік мекемелердің ауласына 750 түп ағаш көшеттерін отырғызды.
Жалпы аталмыш жоба аясында Алматы қаласында 850 түп ағаш егілді.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі