Алматы: "Абу Бакр" мешітінде 100 кітап оқу жобасының тұсаукесері өтті
Алматы қаласы Наурызбай ауданында «Жастар ісі» секторының ұйымдастыруымен «еліміздің 100 кітап оқу жобасы аясында айына 1 кітап оқу» сайысының тұсаукесері болып өтті.
Биылғы 2019 жылдың басынан Наурызбай ауданы мешіттерінде тәлім алып, білімін шыңдап жүрген жас буын шәкірттер арасында еліміздің 100 кітап оқу жобасын негізге алып, әр айда бір кітап оқу жоспарланған болатын.
Оқитын кітабымыздың алғашқысы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірі суреттелген «Адамзаттың асыл тәжі» кітабы болып бекітілді. Аталмыш кітапты тәмамдаған шәкірттеріміз арасында оқылған кітап төңірегінде сұрақтар қойылып, қызулы жарыс өткізілді.
Сайысымызға Алматы қаласының «Жастар ісі» секторының өкілі, Алматы Орталық мешітінің найб имамы Ермек Көкірекбаев қонақ болып, жастарға өнегелі насихат айтты.
Сайысқа қатысушы үміткерлердің барлығына сыйлықтар үлестіріліп, алғашқы үштікті иеленген оқырмандарға қаржылай және бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Абай атамыздың:
Пайда ойлама ар ойла,
Талапқыл артық білуге.
Артық білім кітапта,
Ерінбей оқып көруге – дегеніндей жастарды білімге талпындыру мақсатында ұйымдастырылған шарамыздың екінші кітабы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасын оқу болып бекітілді.
Күніміздегі үлкен мәселенің бірі – уақытымыздың көп бөлігі телефон бетіне үңілумен өтіп жатқандығы ащы да болса шындық. Бұл шараның маңызды тұсы да сол уақытты дұрыс пайдалану мақсатында жастарымызға кітапты қолжетімді электрондық нұсқада смарт телефон арқылы оқуға үгіттеп, уақытты тиімді өтізуге атсалысу.
Айдос БЕРДИБЕКОВ,
Абу Бакр мешітінің наиб имамы,
Наурызбай ауданы бойынша
«Жастар ісі» секторының жауапты маманы.