УАҚЫП ҚЫЛҒАН ҚАЗАҚТЫҢ ІРІ ТҰЛҒАЛАРЫ
Тарихымызда елдің рухани дамуы мен халықтың тұрмыс-тіршілігіне өлшеусіз үлес қосқан сақи жомарт баршылық. Жалпы, қазақ дәстүріндегі бай - тұтас ауылдың әлеуметтік мәселесін иығына арқалаған кісі еді. Олар мал-дәулетін тек отбасының игілігіне емес ауыл-аймақтың рухани-әлеуметтік қажеттілігіне атап айтқанда, мешіт пен медресе салуға, құдық қазу, көпір пен жол төсеу, мұқтаж жандарға көмек көрсетуге жұмсады. Осындай ізгі шаралардың бірі – уақып ісі еді.
Уақып – өзіне тиесілі мүліктен түсетін пайданы қоғам игілігіне Алла жолында қайырымдылық мақсатта тұрақты арнау. Ел-жұрт білетін садақадан ерекшелігі мұндай қайырымдылық бір реттік емес, үздіксіз жалғаса беруінде.
Қазақ тарихындағы уақып туралы сөз қозғағанда, ең алдымен Құнанбай қажы Өскенбайұлының есімі еске түседі. Ол – ел басқарған би, ірі тарихи тұлға. 1874–1875 жылдары Меккеге құлшылық сапармен барған кезінде қазақ қажыларына арнап тәкие, яғни қонақ үй салдырған. Бұған қатысты маңызды деректердің бірі – 1883 жылы Қазан қаласында жарық көрген «Маңызды мәселелер» атты еңбекте кездеседі. Онда Меккеге барған қазақ қажыларының тәкиеге тоқтағаны және Құнанбай қажының да жеке тәкиесі болғаны баяндалады. Әкесінің бұл игі ісі хәкім Абай:
«Меккеде уақып үй салып,
Пәтер қып, жаққан шырақты.
Бір Құдайдың жолына
Малды аямай бұлапты», - деп хатқа түсірген.
Құнанбайдың қажылық сапары, Меккедегі тәкие салуы жайлы сөз қозғалғанда Досжан хазірет Қашақұлы (1815–1890) есімі қатар айтылады. Оның өзіндік себебі де бар. Досжан хазірет діни қайраткер, ғұлама. Қажыларға арналған уақып ғимараттың салынуына қосқан үлесін Құнанбай ерекше бағалап, тәкиені «Досжан тәкиесі» деп атаған.
Қазақтың уақып тарихы тек Құнанбай қажының тәкиесімен шектелмейді. 1914 жылы «Қазақ» газетінде жарияланған «Мәдина хаты» атты мақалада Пайғамбар шаһарында қазақ атына салынған алты тәкиенің болғаны хақында мәлімет кездеседі.
Уақып мәселесі XX ғасырдың басында да қазақ зиялыларының назарынан тыс қалмады. Себебі, уақып елдің әлеуметтік мәселесін шешудің ең тиімді құралдарының бірі. Уақып бір рет қана жасалатын қайырымдылық іс емес. Қайырымдылықтың бұл түрі тұрақты және ұдайы жасалып тұрады.
Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы уақып мәселесін көтерген мемлекет қайраткерлерінің бірі. Оның мына өлең жолдары осының айқын дәлелі:
«Жарар еді ортада мешіт салсақ,
Қаза қылмай намазға барып тұрсақ.
Бір ғалымды фазыл заттан имам сайлап,
Байларымыз жиналып келіп уақып қылсақ»
Алаш қайраткері елдің руханиятын тілге тиек етуде. Мұсылман баласының басты құлшылығы намаз қаза болмауын мұрат етуде. Мұсылмандардың рухани ордасы мешітке ғалым, ізгі (фазыл) имамның болуын айтуда. Руханиятпен қатар елдің әлеуметтік мәселесін шешетін уақып болуын да қозғауда.
Ислам тарихында уақып мәдениеті білім беру, медицина, діни-ағартушылық және басқа да әлеуметтік салалардың дамуына үлкен серпіліс берген. Кешегі бабалар аманаты – бүгінгі ұрпаққа үлгі. Ата-бабамыздың қалдырған ең үлкен мұрасы – байлықты жинау ғана емес, оны халықтың игілігіне жарату. Өйткені, байлық, мал-дүние қоғам мүддесіне жұмсалғанда ғана иесі шынайы игілігін көреді. Сонымен қатар, дүниеден өткеннен кейін де сауабы жалғасатын тоқтаусыз садақаға айналады. Бүгінгі қоғамда да уақып жүйесі дәстүрін жаңғыртудың маңызы зор. Елге қызмет етуді мұрат ететін дәулетті азамат білімге, ғылымға, руханиятқа және әлеуметтік көмекке бағытталған тұрақты уақып қорын қалыптастыруға үлес қосса, оның пайдасын бір ғана ұрпақ емес, бірнеше буын көрер еді.
«Төле би» мешітінің
найб имамы Ербол Абдуахитұлы