Талдықорған: республикалық Құран байқауына жолдама берілді
ҚМДБ-ның Талдықорған өңірі бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқу бойынша VIII республикалық Құран байқауына іріктеу сайысы өтті.
Облыстық «Иман» мешітінде өткен жарысқа 30-ға жуық үміткер қатысып, Құран Кәрімнің 30 парасын, 20 парасын, 10 парасын жатқа және мәнерлеп оқу номинациялары бойынша өзара бақ сынасты.
Құранмен нұрланған болашақ қарилар жарысына ҚМДБ-ның Талдықорған өңірі бойынша өкіл имамы Ардақ Нүсіпханұлы, Алматы орталық мешітінің ұстазы Серік Полатханұлы, «Нұр» мешітінің ұстазы Семержи Хусейн, «Иман» мешітінің наиб имамы Өкен Шынарбек, «Нұр» мешітінің наиб имамы Әбіләкім Ибрахим қазылық етті.
Іріктеу сайысында сөз бастаған өкіл имам Ардақ Нүсіпханұлы Құран жаттаудың артықшылығы және қазақ топырағындағы қарилар тарихына тоқталып, додалы бәйгеде қатысушыларға рухани демеу берді.
Дәстүрге айналған Құран байқауында үміткерлердің Құранды жатқа айтуына, тәжуидіне, махамына, дауыс әдемілігіне мән берілді. Жарыс соңында 4 деңгей бойынша жүлделі орындарға ие болған қатысушылар қаржылай марапатталды.
Жүзден жүйрік шығып, VIII республикалық Құран байқауына ҚМДБ-ның Талдықорған өңірі бойынша өкілдігі атынан жолдама алған үміткерлер:
Мәнерлеп оқу: Исабеков Бауыржан.
10 пара: Мұхаммед Ислам.
20 пара: Әшімжан Самат.