Нұр-Сұлтанда полицей сәбиді өртке оранған үйден алып шықты
12 тамызға қараған түні Нұр-Сұлтан қаласындағы тұрғын үй кешендерінің бірінен өрт шықты.
Бұл кезде пәтер иесі Жанар Садуақасқызы 14 жасар қызы және қырқынан жаңа шыққан сәбиімен ұйықтап жатқан еді. Шошып оянған ол өртті байқаған бойда дереу өрт сөндірушілерге хабарласады. Күш алған өрттің ішінен өз беттерімен шыға алмайтынын түсінген әйел пәтердің есігін ашық қалдырып, балконға шығып, бар даусымен айқайлап көмек сұрайды.
- «Баламның аузын сулы матамен жауып, барынша терең демалуға тырыстым. Алайда, уақыт өткен сайын қара түтіннің ішінде дем алу қиындай түсті. Қасымда 14 жасар қызым болды. Күйеуім Қарағандыдан келе жатқан еді. Бар ойым екі баламды құтқару болды. Қанша уақыт өткені белгісіз, бір мезетте үйге полицейдің кіріп келе жатқанын байқадым. Мен оларды шақырмаған едім, ол қайдан келді деп аң-таң болдым. Кейін анықталғандай, менің көмекке шақырған даусымды естіп, көршілердің бірі полицияға хабарлаған екен. Полиция қызметкері ең алдымен мені сабырға шақырып, ешқандай арнайы техникасыз бізді аман алып шықты. Сол сәтті ойласам, әлі өз-өзіме келе алмаймын. Алғысымды қалай жеткізерімді білмеймін. Дінмұхамед секілді тәртіп сақшыларының қатары көбейе берсін. Оның ержүректігінің, батылдығы мен кәсібилігінің арқасында аман қалдық. Оның серіктесі де рация арқылы жағдайды бақылауда ұстап, бағдар беріп тұрды. Біз осы екі полицейге мың алғыс білдіреміз», - дейді Жанар Садуақасқызы.
Құтқару кезінде Жанар полицейдің аты-жөнін, тегін немесе қай бөлімшеде қызмет ететінін де сұрамаған. Оның мәліметтерін кейіннен Жанардың жолдасы балконнан тапқан жетон (темір белгі) нөмірі арқылы тапқан. Полиция қызметкері жетоннан бөлек сағатын да жоғалтқан. Өрт кезінде батылдық танытқан полицей – Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті Патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы полиция аға лейтенанты Дінмұхамед Масадықов болып шықты. Өрт кезінде оған рация арқылы полиция аға лейтенанты Ернат Ақанов көмектескен.
- «Үйде кішкентай бала барын білген кезде, бар ойым сәбиді аман алып шығу болды. Өйткені үлкен адамдар өрт сөндірушілер келгенше шыдай алар еді, ал бөбектің аман қалуы екіталай. Қолымнан келгенін жасап, ең бастысы анасын сабырға шақырдым. Бәрінің дін аман шыққанына қуанамын», - дейді батыр сақшы Дінмұхамед.