Нұр-Мүбарак университетінің жаңа келбеті мақұлданды
Тоғыз қабаттан тұратын аспанмен таласқан, күнмен шағылысқан зәулім ғимарат – Нұр-Мүбарак университетінің жаңа келбеті осындай болмақ.
Жылдан жылға студент саны артқан университетте оқу кешенінің жетіспеушілігі айқын сезіле бастады. Сол себепті басшылық жаңа жобаны жедел қолға алды. «Білім-Қазына» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен жоба құжаттары мамыр айында «Жаһан-LTD» ЖШС құрылыс компаниясына сеніп тапсырылды.
Еліміздегі жалғыз ислами жоғары оқу ордасының құрылысы ел көмегі мен жомарт жандардың демеушілігі арқылы салынбақ. «Жаһан-LTD» құрылыс компаниясы да 28 500 шаршы метр аумақты қамтитын оқу кешенінің құрылыс сызбасын жасауды тегін атқарып, еліміздегі ислам ғылым ордасының дамуына ерекше үлес қосып отыр.
Нұр-Мүбарак университеті басшылығына жаңа ғимараттың сызбасын «Жаһан-LTD» компаниясыынң құрылтайшысы Баян Нұрмаханқызы бар ынтасымен түсіндіріп берді.
Университет проректоры, доцент Қайрат Құрманбаев тапсырыс кезінде жаңа жобаның заман талабына сай әрі ұлттық нақышта болуына екпін берді. Ұсынылған жоба негізгі талаптарды қамтып қана қоймай, жаңашылдығымен көңілден шыққанын айтып, ризалық білдірген Нұр-Мүбарак университетінің басшылығы кішігірім ұсыныстарын да айта кетті.
Ал жаңа оқу кешенінің құрылысына атсалысушы «Білім-Қазына» қоғамдық қорының президенті Оралхан Сейдманов биыл көктемде басталған «Мың теңгеге университет салу» акциясы бойынша халықтан 28 млн теңге қаржы жиналғанын сүйіншілей жеткізді.
Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі