Алматыда Жамал апаның рухына бағышталған қайырымдылық шара өтті (ФОТО, ВИДЕО)
Бүгін, Жамал апаның дүниеден қайтқанына 40 күн толуына орай Алматы Орталық мешітінде қайырымдылық шара өтті.
Қайырымдылық шараға Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай, Алматы қаласы мешіттерінің имамдары, «Ықылас-2050» қайырымдылық қоры және еріктілер қатысты.
Шарада сөз алған Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай ең алдымен ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің ыстық сәлемін жеткізді. Сосын Жамал апамыздың 40 күндік садақасын дастархан жайып ас берудің орынына, қазіргі таңдағы карантиндік талаптарды ескере отырып, республикалық қайырымдылық шарасын қолға алған ғазиз ананың перзенттеріне алғыс білдірді. Бұл игі шара аясында еліміздегі мұқтаж отбасыларға қамқорлық жасалып, соның ішінде Алматы қаласы бойынша 500 отбасыға әлеуметтік көмек көрсетілетінін айтты. Сондай-ақ, он баланы өмірге әкелген «Батыр ана», «Құрмет» орденінің иегері, жақсылыққа жаны құмар Жамал апаның ел үшін істіген сауапты амалдарын еске алып, жылы лебізін білдірді. Сөз соңында жомарат анаға дұға бағыштап, рухы пейіште шалқысын деп тілек тіледі.
Содан қаланың бас имамы Жамал апаның ғибратты ғұмырынан сыр шершетін бүктемелер салынған азық-түлік себеттерін мұқтаж отбасылардың үйлеріне барып өз қолымен табыстады.
Қайырымдылық себеттері мұқтаж жандардың үйлеріне имамдар мен еріктілердің көмегімен арнайы көліктерде жеткізіп берілді.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі
ЖАМАЛ АПА ТУРАЛЫ ҮЗІК СЫР
Аблазимова Бибі-Жамал Әбдімәлікқызы – 1941 жылдың 2 наурызында қазақтың қарапайым отбасында дүниеге келді. Әкесі неміс фашистеріне қарсы соғысқа аттанғанда, Жамал апа бесік баласы еді, жауынгер Әбдімәлік майданда шейіт кешті. Жастайынан жесірліктің қамытын киген анасы Өзипа қызын жалғыз өсірді.
Жамал апаны тағдыр соғыс жылдарындағы өзге балалардай ерте есейтті. Ол қатал өмірдің қаншама қиындығын басынан өткере, ысылып, шыңдалып өсті.
ЖҰБАЙЛЫҚ ӨМІР БЕЛЕСІ
Жамал апа 16 жасында өзі секілді жасынан қиындықты көп көрген Аблазимов Нұғман атты жігітпен шаңырақ көтерді. Берекелі шаңырақта 10 бала: 6 ұл, 4 қыз дүниеге келді.
Жазмыштан озмыш жоқ, Нұғман ата небәрі 53 жасында өмірден ерте озды. Осылайша, Жамал апа 42 жасында шиеттей 10 баламен жалғыз қалды.
ӨМІРІ ОНЫҢ – МЫҢ КӨПІР...
Әуелі Алла, одан кейін өзінің еңбекқорлығы, табандылығы мен қайсарлығының арқасында, балаларын аяққа тұрғызып, жоғары білім алуына толық жағдай жасады. Бүгінде Нұғман ата мен Жамал апаның перзенттері – ел экономикасы мен руханиятының дамуына елеулі үлес қосып жүрген беделді азаматтар. Батыр анадан қазіргі таңда 39 немере, 54 шөбере өрбіген.
ЖАҚСЫЛЫҚҚА ЖАНЫ ҚҰМАР ЖАН ЕДІ...
Жетімдік пен жесірліктің зарын өзі де татқан Жамал апа өмірінің соңына дейін мұқтаждарға көмек қолын созып өтті. Көптеген қайырымдылық шаралардың басынан табылып, әрдайым өзінің жомарттығын, қайырымдылығы мен қамқорлығын көрсетіп жүрді.
Жамал апа Арыс қаласындағы жарылыстан, Қызылағаш пен Мақтааралдағы су тасқынынан, Жамбыл облысындағы табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындарға алғашқы уақытта әлеуметтік көмегін арқалап барып, отандастарының жанынан табылды. Қатты зардап шеккендерге баспана салып беруге атсалысып, қаржылай көмегін үлестіріп қайтатын.
Алла Тағала қасиетті Құранда: «Расында Алланың мешіттерін Аллаға және ақырет күніне иман келтірген, сондай-ақ намаз оқып, зекет берген және тек Алладан қорқатын (пенде) ғана тұрғызады», – дейді («Тәубе» сүресі, 18). Осы аятқа амал қылған Жамал апа елімізде 5 бірдей мешіт тұрғызып, қосымша көптеген мешіттердің құрылыс жұмыстарына қолғабыс тигізді. Ал, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім мешіт тұрғызса, Алла ол үшін жаннатта одан да жақсы үй тұрғызады», – деп айтқан.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастырған республикалық Құран жарысы мен Мәуліт кештерінің өтуіне қаржылай қолдау білдірді. Сондай-ақ, Құран байқауының бас жүлдегеріне автокөлік сыйлап, Алланың кітабы мен Құран жаттаған қариларға айрықша құрметін көрсетті.
Исламның бесінші парызы қажылыққа баруды армандап жүрген сексеннен астам отандасымыздың қасиетті мекенге зиярат етіп келуіне көмектесті.
Алланың берген бақ-дәулетін игілікке жұмсап, еліміздің түкпір-түкпіріндегі көпбалалы жалғызбасты аналар мен әлеуметтік аз қамтылған 67 отбасыға баспана кілтін табыстады.
Шалғайдағы алты елді мекенге табиғи газ құбыры тартылуын қаржыландырып, сол ауылдарда ондаған көшенің салынып, абаттануына қамқорлық еткен.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Үйленіңдер, мен сендермен (басқа) үмбеттердің алдында мақтанамын», – деген хадисіне орай, Жамал апа жастардың үйленуіне де қамқорлық жасайтын. Қазіргі таңда Жамал апаның ақ батасы және қамқорлығымен шаңырақ көтерген 63 отбасы қамқор ананы ризашылық сезіммен еске алады.
Қайырымды ана одан бөлек балалар үйіне, медресе мен мектептерге, ауруханаларға, науқастар мен мүгедектерге және мұқтаж жандарға қолынан келгенше көмектесумен өтті. Пайғамбар (с.ғ.с.) айтқандай, садақа анамыздың мал-дүниесін кемітпеді, керісінше, көбейте түсті. «Кім тозаңның салмағындай жақсылық істесе, оны көреді» («Зәлзәла» сүресі, 7).
Жамал апа 2020 жылдың 1 тамыз күні сексеннің сеңгіріне қараған шағында 79 жасында бақилық болды.
Содан бері, анамыздың қайтқанына қырық күннің де жүзі болып қалды. Осы орайда перзенттерінің Жамал апаның атынан берген садақасын Алла тағала қабыл етсін. 10 баланы дүниеге әкелген «Батыр ана», «Құрмет» орденінің иегері, Алты Алаштың «Алтын анасы» Жамал апамызды Алла Тағала рахымына бөлесін!
Бақұл бол, алаштың Атымтай анасы!
ЖАМАЛ АПАНЫҢ РУХЫНА АРНАУ
Бастан кешіп өмірдің шырғалаңын,
Қиындыққа шытпаған бір қабағын,
Түнек өмір түндігін жарып шығып,
Жарқырады күлімдеп нұр жамалың!
Мехнатпен өтсе де қыз-ғұмырың,
Жетеледі тек алға ізгілігің.
Тектілік пен тәрбие жайын айтсақ,
Үлгі етеміз баршаға сізді бүгін.
Жоққа да мың шүкір деп барға да мың,
Құлқын үшін ешкімді алдамадың.
Он баланы тусаң да, Мейірбаным
Секілдісіз анасы бар баланың.
Жақсылығын адамнан аямаған,
Қамқорлықпен әлсізді аялаған.
Сіздей жанды кең пейіл, дархан жүрек,
Жетім, жесір паналап, саялаған.
Топырағын қопсытып құнарлаған,
Сіз еккен тал көктеген, қуармаған.
Жүз толғанып бұл дүние қиналса да,
Енді Жамал ападай туар ма адам?
Бұл өмірден өтсе де ұлы анамыз,
Өзіңізден өшпейді тараған із.
Рухың мәңгі пейіште шалқи берсін,
Артта қалған ұрпағың - дұғадамыз.