Алматы: үш аудандық мешітке жаңа бас имамдар тағайындалды (ФОТО)
Кеше Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазреттің бұйрығымен Алматы қаласына қарасты үш бірдей аудандық мешітте ауыс-түйіс жасалып, бас имамдар тағайындалды.
Атап айтқанда, Ахметов Мади Айдарханұлы, Алматы қаласы Наурызбай ауданы «Әбу Бәкір» мешітінің бас имамы қызметінен босатылып, Алматы қаласы Алатау ауданы «Бекет ата» мешітінің бас имамы болып тағайындалды; Аташов Асет Кадырахынұлы, Алматы қаласы Бостандық ауданы «Орбита-3» мешітінің бас имамы қызметінен босатылып, Алматы қаласы Наурызбай ауданы «Әбу Бәкір» мешітінің бас имамы болып тағайындалды; Сапашов Жанболат Райымбекұлы, Алматы қаласы Әуезов ауданы «Ақсай» мешітінің ұстазы қызметінен босатылып, Алматы қаласы Бостандық ауданы «Орбита-3» мешітінің бас имамы болып тағайындалды.
Бір айта кетерлігі, жаңа қызметке тағайындалған имамдар мешіт орналасқан ауданның бас имамы қызметін де қоса атқарады.
Алматы Орталық мешітінің ұстазы Бауыржан Әлиұлы жаңа қызметке тағайындалған Ахметов Мади Айдарханұлын «Бекет ата» мешіті жамағатымен таныстырып жатқан сәт.
Ахметов Мади Айдарханұлы – 1975 жылдың 14 қыркүйегінде ШҚО, Үржар ауданы, Үржар селосында дүниеге келген.
1983-1992 ж.ж. Үржар селосындағы Абай атындағы орта мектепте тәлім алады. 1995-1997 ж.ж. Алматы қаласындағы Ислам институтын тәмамдады. 2000 жылы Алматы қаласындағы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті Шығыстану факультетінің «Дінтану» бөліміне оқуға түседі. 2001 жылы университеттің ұсынуымен Білім министрлігінің жолдамасы арқылы Египет Араб Республикасы, Каир қаласындағы Айн-Шамс университетіне оқуға қабылданып, оны 2008 жылы бітірді.
Еңбек жолын 1997-1999 ж.ж. ШҚО, Жарма ауданы, Шар қаласы мешітінің бас имамы болып бастады. 2008-2009 ж.ж. Алматы қаласындағы «Таугүл-3» мешітінің наиб имамы, 2009-2011 ж.ж. Алматы Орталық мешітінің наиб имамы болды. 2011-2015 ж.ж. Павлодар облысы Екібастұз қалалық мешітінің бас имамы қызметін атқарды. 2015 жылдың маусым айы мен 2015 қыркүйек айы аралығында Алматы қаласы, «Таулықырат» ықшам ауданындағы «Омар ибн әл-Хаттаб» мешітінің бас имамы болып жұмыс жасады. 2015 жылдың қыркүйек айынан бастап қазірге дейін Алматы қаласы, Наурызбай ауданы «Әбу Бәкір» мешітінің бас имамдық қызметін атқарып келді.
Алматы Орталық мешітінің наиб имамы Ермек Көкірбаев жаңа қызметке тағайындалған Аташов Асет Кадырахынұлын «Әбу Бәкір» мешіті жамағатымен таныстырып жатқан сәт.
Аташов Асет Кадырахынұлы – 1977 жылдың 10 қарашасында Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Шиен ауылында дүниеге келген.
1994 жылы «Шиен орта мектебін» бітіріп, 1994-1995 жылдары Ақмола Орталық мешіті жанынан ашылған медреседе діни сауатын ашты. 1995-1997 ж.ж. Алматы қаласындағы Ислам институтын тәмамдады. Кейіннен 2011-2013 ж.ж. «Отрар» колледжін «Заңгер» мамандығын оқыды. 2016 жылы Қ.А.Яссауи атындағы Қазақ-Түрік университетінің «Дінтану» бөлімін бітірді. 2016-2018 ж.ж. Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің «Дінтану» мамандығының магистрлік дәрежесін алды.
Еңбек жолын 1997-2010 ж.ж. Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Музей Жамбыл ауылындағы «Бәйдібек баба» мешітінің имамы болып бастады. 2010-2011 ж.ж. Алматы облысы, Жамбыл аудандық мешітінің бас имамы, ал 2011-2015 ж.ж. Алматы облысы, «Қарасай батыр» мешітінің бас имамы және «Үшқоңыр» медресесінің директоры болды. 2015 жылдан қазірге дейін Алматы қаласы, Бостандық аудандық «Орбита-3» мешітінің бас имамы қызметін атқарып келді.
Алматы Орталық мешітінің наиб имамы Ерсін Әміре жаңа қызметке тағайындалған Сапашов Жанболат Райымбекұлын «Орбита-3» мешіті жамағатымен таныстырып жатқан сәт.
Сапашов Жанболат Райымбекұлы – 1989 жылдың 14 мамырында Түркістан облысы, Төле би ауданы, Ақжар ауылында дүниеге келген.
1996-2005 ж.ж. Шымкент қаласындағы А.Макаренко атындағы №41 мектеп-лицейде тәлім алып, 2007-2008 ж.ж. ҚР ОҚК ШҚ – ШҚО, Ұржар ауылдық 2086 әскери бөлімінде қызмет атқарды. 2009-2012 ж.ж. «Шымкент көлік, коммуникация және жаңа технологиялар» колледжінде «Техник тасымалдаушы, ұйымдастырушы» мамандығын игерді. Кейіннен 2013-2018 ж.ж. Ливан Республикасы, Триполи университетінің «Исламтану» мамандығы бойынша білімін жетілдірді.
2018 жылдан қазірге дейін Алматы қаласы, Әуезов аудандық «Ақсай» мешітінде ұстаздық қызметін атқарып келді.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі