АЛМАТЫ: ДІН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ АРАСЫНДАҒЫ САЙЫС ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ (ФОТО)
Бүгін «ҚМДБ концептуалды құжаттары» кітабы аясында және Құран Кәрімнің 30-шы парасын жатқа оқудан Алматы имам-ұстаздары арасындағы білім сайысы аяқталды.
Қорытынды сайыста Жетісу және Түрксіб аудандары дін қызметкерлері өз араларында білімдіні анықтады. Бақ сынасқан 44 имам арасынан бүгінгі сайыстың жеңімпазы «Вайнах» мешітінің ұстазы Құдырет қари Бекжанов I – орын (100 мың теңге) жүлдесімен марапатталды. II – орын (70 мың теңге) «Ынтымақ» мешітінің ұстазы Қартабаев Саламат иеленсе, ал жүлделі III – орын (50 мың теңге) «Әл- Мәдина» мешітінің ұстазы Нығмет Бейсенге бұйырды. Ынталандыру жүлдесінің иегерлері Абупайр, Ерғали Мақаш, Таджиев Абдукадир, Юбуров Расул, Ибатов Захиджан, Иминов Нұрмұхаммед (10 мың теңге) сыйлықтарын алды.
Соңғы сайысты қорытындылап сөз алған Алматы қаласының бас имамы Төлеби қажы Дәділұлы: «Қасиетті Құран Кәрімнің 30-шы парасын жатқа оқу мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен концептуалды құжат негізінде имамдар білімдерін жетілдіріп, мешіттегі қызметі кезінде басшылыққа алуы тиіс құжаттар бойынша өзара бақ сынады. Сайыстың басты мақсаты - имамдардың біліктілігін арттыру және діни қызметтің сапасын жетілдіру болатын. Осы орайда әр мешіттегі іс-шараны ұйымдастырған аудан Бас имамдарына және сайысқа қатысқан дін қызметкерлеріне алғысымды айтамын. Барша әріптестерге Алла жар болғай», - деп түйіндеді.
Алматы орталық мешітінің баспасөз қызметі