ПАЙҒАМБАР ӨНЕГЕСІ (МӘУЛІТ ЖАЙЛЫ)
Адамзат тарихында өшпес із қалдырып, күллі әлемге мейірім мен ізгіліктің, адамгершілік пен көркем мінездің теңдессіз үлгісін көрсеткен ұлы тұлға – Алла Елшісі Мұхаммед Мұстафа (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын). Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келуі адамзат тарихындағы аса маңызды оқиғалардың бірі болды. Өйткені Алла Тағала соңғы Елшісін жіберу арқылы адамзатты қараңғылықтан нұрға, надандықтан білімге, зұлымдықтан әділдікке, алауыздықтан бірлікке шақырды. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келуі – адасқанға тура жол, үмітсізге үміт, қатігездікке мейірім, жүректерге иман нұрын сыйлаған ұлы нығмет еді. Ол күллі адамзатқа рақым болып жіберіліп, өзінің өнегелі өмірімен ізгіліктің мәңгілік жолын көрсетті. Сондықтан Алла Тағала Құран Кәрімде: «(Уа, Мұхаммед!) Біз сені күллі әлемге теңдесі жоқ рақым ретінде ғана жібердік», – деген («Әнбия» сүресі, 107-аят).
Алла Тағала бұл аятта Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бүкіл әлемге рақым етіп жібергенін баяндайды. Яғни, Алла Елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) барлық жаратылысқа рақым ретінде жіберді. Кімде-кім осы рақымды қабылдап, берілген нығметке шүкіршілік етсе, дүниеде де, ақыретте де бақытқа кенеледі. Ал кім бұл рақымды қабылдамай, оны жоққа шығарса, дүниеде де, ақыретте де зиянға ұшырайды.
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Мен лағынет айту үшін емес, оларға рақым болу үшін жіберілдім», – деген (имам Мүслим).
Хузайфа (Алла оған разы болсын) Мәдәин қаласында жүрген кезінде Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ашуланған сәтінде сахабаларының кейбіріне айтқан сөздерін елге жеткізіп жүретін. Мұны Хузайфадан естіген адамдар Салман Фарисиге (Алла оған разы болсын) барып, оған Хузайфаның айтқандарын жеткізетін. Сонда Салман (Алла оған разы болсын):
- Хузайфа не айтып жүргенін жақсы біледі, – дейтін. Олар қайтадан Хузайфаға (Алла оған разы болсын) келіп:
- Біз сенің айтқандарыңды Салманға жеткіздік. Бірақ ол сөзіңді растаған да, жоққа шығарған да жоқ, – деді. Содан кейін Хузайфа Салманның көкөніс өсіріп жатқан жеріне барып:
- Уа, Салман! Алла Елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) естіген сөздерімді растауыңа не кедергі? – деп сұрады. Сонда Салман (Алла оған разы болсын):
- Расында, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ашуланған кезінде кейбір сахабаларына ашумен сөз айтатын, ал разы болған кезінде басқа сахабаларына ризашылықпен сөз айтатын. Сен адамдарды осылайша бір-біріне деген сүйіспеншілік пен жеккөрушілікке итермелеп, араларында алауыздық пен бөлінушілік туғызуды қашан қоясың? Ал сен Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірде мінберде тұрып:
«Үмбетімнен қандай да бір адамға ашуланған сәтімде ауыр сөз айтқан болсам, мен де Адам баласынан тараған пендемін. Сендер ашуланғандай мен де ашуланамын. Алайда Алла мені бүкіл әлемге рақым етіп жіберді. Ендеше, сол сөздерімді Қиямет күні олар үшін дұға мен рақымға айналдырғай», – деп айтқанын жақсы білесің деді де Салман (Алла оған разы болсын) сөзін жалғастырып:
Алламен ант етемін! Сен мұндай әрекетіңді тоқтатасың. Әйтпесе, халифа Омарға сен туралы хат жазамын! – деді (имам Ахмад).
Мәуліт – осы ұлы нығметті еске алып, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір жолын, өнегесін, көркем мінезін танып-білуге мүмкіндік беретін тағылымды кезең.
Мұсылман баласы үшін Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүю – иманның ажырамас бөлігі. Алайда шынайы сүйіспеншілік тек тілмен айтылған сөзбен өлшенбейді Ол адамның жүріс-тұрысынан, мінезінен, қарым-қатынасынан және күнделікті амалдарынан көрінуі керек. Алла Тағала қасиетті Құранда: «(Уа, Мұхаммед! Адамдарға): «Егер Алланы жақсы көрсеңдер, маған еріңдер. Сонда Алла Тағала да сендерді жақсы көріп, күнәларыңды кешіреді», – деп айт. Алла – өте кешірімді, ерекше мейірімді», – деген. («Әли Имран» сүресі, 31-аят).
Сәһл ибн Абдулла Тустари: «Алланы жақсы көрудің белгісі, Құранды жақсы көру. Құранды жақсы көрудің белгісі, Пайғамбарды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жақсы көру. Пайғамбарды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жақсы көрудің белгісі, сүннетті жақсы көру. Алланы, Құранды, Пайғамбарды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) және сүннетті жақсы көрудің белгісі, ақыретті жақсы көру. Ақыретті жақсы көрудің белгісі, өзінің нәпсісін тану. Өз нәпсісін жақсы танудың белгісі, дүниені жек көру. Ал дүниені жек көрудің белгісі, одан тек сапарға қажетті азық пен жететін мөлшерді ғана алу», – деген.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегесі – адамгершіліктің, мейірімділіктің, сабырлылықтың және әділдіктің кемел үлгісі. Ол ешкімді кемсітпеді, ешкімге тәкаппарлық танытпады. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетті. Жетімнің басынан сипап, мұқтаждың жағдайын сұрап, әлсіздің жанынан табылды.
Айша анамыздан (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мінезі жайында сұралғанда: «Оның мінезі Құран еді», – деп жауап берген.
Қандай керемет сипат! Яғни Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірі Құран қағидаларының іс жүзіндегі көрінісі болатын. Құран мейірімділікке шақырса – ол мейірімді болды, кешірімді болуға үндесе – ол кешірді, әділдікті бұйырса – ол әділдік танытты. Міне мұсылман баласы үшін ең үлкен өнеге осы.
Әл-Хамид мешітінің бас имамы
Асылхан қажы Аманқұлов