БҰРЫНҒЫЛАРДЫҢ ОРАЗАСЫ

Әр мұсылман жыл сайын сағына күтетін құлшылық ол - ораза. Бабаларымыздан бізге өнеге һәм өсиет және аманат болып қалған. Көкірегінде иманы бар барша адам парыз деп ұғып, қаза қылмай тұтқан ғибадат.
Бәрімізге мәлім болған һижреттің екінші жылы Алла Тағала рамазан айында мұсылмандарға ораза тұтуды парыз еткен. Алла Тағала Бақара сүресінің 183 аятында: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Бәлкім, сол арқылы (асау нәпсіні тізгіндеп), күнә атаулыдан сақтанып, тақуалыққа жетерсіңдер», - дейді. Осы аяттағы «Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілген» - деген сөзге тереңірек тоқталсақ, Ислам имам ғалымдары мен фақиһтар адамзат тарихында алғаш болып Адам (ғ.с.) ораза ұстаған дегенге келіседі. Алланың әмірімен жерге түскеннен кейін Аллаға тәубе етіп, көп дұға қылады. Қылған тәубесі мен дұғасы қабыл болғаннан кейін ораза тұтқан. Осы сияқты Нұхта (ғ.с..) топан судан кейін әр айдың 13, 14, 15 күндері ораза тұтқан. Ибн Кәсирдің тәпсірінде кейбір сахабалар мен тәбиғиндер әр айда үш күн ораза ұстаған деп келеді. Бұл үрдіс Нұхтың (ғ.с) заманынан жалғасқан. Рамазан айында ораза парыз болғанға дейін болған. Рамазан айында алғаш Нұх (ғ.с.) ораза ұстаған делінген. Содан кейін жоғарыда айтқанымыздай һижреттің екінші жылы мұсылмандарға парыз болды.
Бәріміз білетіндей Исламның алдында да яһудилер ашура айында ораза ұстаған. Сахих Бухариде риуаят етілген хадисте : Ибн Аббас (р.а.) : «Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдина қаласына келгенде яһудилердің ашура күні ораза ұстағандарын көреді. Олар; Мұса (ғ.с) перғауынды жеңгенен кейін тұтқан оразасы дейді Соны естіген Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізге: Сендер олардан гөрі Мұсаға (ғ.с.) жақынсыңдар. Ораза ұстаңдар! » - деген.
Яһудилердің Вавилон заманында да өздерінің оразалары болған. Бұл оразаны бір қиыншылық болып, қайғыланған кездерінде тұтқан.
Бұдан басқа оларда уақытша тұтатын оразалары болатын. Алланың ғазабына ұшырадық, Алла бізге наразы деген кездері ұсталынатын. Тұратын жерлеріне қауіп төнгенде және патшалары жаңа үкім шығарарда да ораза ұстаған.
Сонымен қатар арнайы мейрам күндері мен атаулы күндері тұтатын әр түрлі оразалары бар еді. Солардың ішіндегі ерекшесі әл-Ғифран оразасы еді. Бұл оразаны қазан айында ұстайтын. Бұл күні Мұса (ғ.с.) алғаш рет Тұр тауынан Алладан уахи қабылдаған күн деп санаған. 26 сағатқа созылатын. Күн батқаннан басталып келесі күннің ымыртына дейін жалғасқан. Бұл оразаны яһудилер ең қасиетті ораза деп қастерлеген.
Бұдан басқа бастарына бір мәселе туындағанда немесе күнәлары туралы пікір жүргізгенде тұтатын оразалары болған.
Насранилер үшін де оразаның алатын орны мен маңызы зор еді. Құдаймен рухани байланысның негізі деп білген. Мәсих Исаның (ғ.с.) алғаш келгенінен екінші рет қайта келетіне сенімдерінің рәмізі деп таниды. Бірақ олардың оразалары бір ережеге бағынбайтын. Әр жерде әр түрлі жолды ұстанған шіркеулерінің өздері белгілеген ораза тәртібі мен ұстану жолы бар. Олардың оразалары күніне 12 сағаттан кем болмаған. Күн басталғаннан бастап он екі сағаттан асқанға дейін жалғасқан. Содан кейін ауыздарын ашатын. Доңыздың майы мен ет атаулыны ғана жемеген.
Насранилер сәрсенбі күні ораза тұтқан. Бұл күні Исаны (ғ.с.) ұстау әмір етілген деп санаған. Және жұма күні ораза тұтқан. Бұл күні Исаны (ғ.с.) ағашқа ілген күн дейді.
Бұдан басқа олар Исаның (ғ.с.) туған күнінің алдында 43 күн ұстайтын оразалары болған. Иса пайғамбардың туған күні болғаннан кейін бұл ораза бітетін.
Насранилердің 55 күндік қасиетті ораза деген күндері болған. Иса (ғ.с.) ұстаған қырық күндік оразаға қосымша екі апта қосып тұтатын оразалары еді. Қырық күннің алдында бір апта бұрын басталатын. Бір апта қасиетті оразаға дайындық пен қарсы алу аптасы десе кейінгі қосатын апталық оразаны бекіту оразасы дейтін. Бұл ораза кезінде тек етті тағамдар мен жануарлардың майы қосылған тамақтан бас тартады. Жеміс жидек пен көкөністі күндізде жегендерін тоқтатпаған.
Яһудилер мен насранилерден басқа ежелгі өркениетті елдерде де өздеріне тән оразалары болған. Тарих ғалымдары ежелгі Мысырда ұстаған ораза туралы мәлімет береді. Ежелгі Мысырлықтар өздерінің құдайлары мен Нілдің ризалығы үшін және оларға шүкір ету мақсатында тұтқан оразалары бар еді. Олардың оразаларын өздері атайтын көктем мейрамы және күзгі егін жинағаннан кейінгі күндер мен Ніл мейірімі деген мерекерелінің арасында 70 күндік оразалары болған. Осы күндері олар су мен көкөністен басқа барлық нәрседен бас тартқан.
Миләди жыл санаудын алдында үш ғасырдан астам болған ежелгі парсы өркениетінде де өздеріне сай оразалары болған. Ежелгі парсыларда екі діни сенім белең алған еді. Заратуштра мен изидия деп аталған. Бұларды ұстанушыларды әлі күнге Иран, Ирақ, Индия, Ауғанстан мен Әзербайжанда кездестіруге болады. Заратуштаны ұстанатындар оразадан бас тартқан. Ораза адамды әлсіретіп, денсаулықпен жұмыс істеуге кері әсер етеді деген. Ал изидтер сәрсенбі, сейсенбі, бейсенбі күндері күн шыққаннан батқанға дейін ішіп жеуден өздерін тыйған. Оларда оразаны екіге бөлген. Жалпы дүйім жұрттың оразасы және тек діндәр ер кісілердің оразасы деп.
Ислам діні келгеннен кейін Алланың әмірімен Құран және Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне сай ораза ұстау парыз болды. Қағидаттары мен ережелері бекітілді. Рамазан айында ұсталынатын ораза бір ұлт немесе бір жерде тұратын адамдарға емес, әлемдегі барлық жерді мекен ететін, өздерін мұсылманмын деп санаған адамзатқа бұйырылды және сый болып нәсіп етілді. Құран мен сүннет жолын ұстанған ата-бабаларымыз Рамазан айының парыз болған оразасы мен қатар сүннет болған оразаны да қаза етпеген. Рамазан айын сағынып күтіп, ыждағаттылықпен оразасын ұстады. Рамазан айы тек жеп - ішуден тоқтау емес, сонымен қатар Алланың кешіріміне ие болу зор мүмкіншілігі екенін толық білді. Алланың мейіріміне лайықты болуға апаратын амалдар мен ізгі амалдар жасайтын мүмкіншілік. Барлық жақсы амалдардың сауабы еселенетін құлшылық және Алла Тағаланың разылығына апаратын жол деп ұқты. Ораза айында қайырымдылық жасау, ауыз ашар беру біздің ұлттық санамызға бекем сіңді. Тарихымыздың қай кезеңінде де халқымыз ораза ұстап, ауыз ашар беріп, сол үйде тарауих намазын оқып, сәресін ішіп тарқайтын. Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисіндегі: «Ораза ұста! Шындығында оған тең келер құлшылық жоқ», - деген насихаттын терең ұққан.
Жоғарыда айтылған өркениеттер мен тарих сахнасынан орын алған барша адамзат өкілдерінің ораза ұстау жолдары мен формалары жағынан әр түрлі болса да ауыз бекітудің құлшылық ретінде орындалғанын көреміз. Демек, бұл парыз болып міндеттелген оразаның – адам баласын тақуалыққа, кемелдікке жеткізіп, рухани дамуға мүмкіншілік беретін қасиетті және ерекше құлшылық екендігіне күмән жоқ.
Ислам діні - Алла Тағаланың адам баласына осы дүниеде рухани кемелдікке жету мен салиқалы өмір сүруі үшін берілген дін. Бабаларымыз осы нығметті бізге жеткізді, Біз келер ұрпаққа қаймағын бұзбай тапсыруымыз керек.
Қасиетті рамазан айының берекеті мен жақсылығы барлығымызға нәсіп болсын! Құлшылығымыз қабыл болсын!
Ахметова Маржанқыз Оразанбайқызы
Алматы қаласы «Мырзахмет» мешітінің ұстазы