ЖЕМКОРЛЫҚ - ІНДЕТ, ТАЗА ЖҮРУ МІНДЕТ
Қоғамның дамуына кедергі келтіретін, елдің берекесін кетіретін үлкен кеселдің бірі – сыбайлас жемқорлық. Жемқорлық дегеніміз тек пара алу немесе пара беру ғана емес. Ол – қызмет бабын жеке басының пайдасына пайдалану, мемлекет қаржысын заңсыз иемдену, таныстықпен мәселе шешу, біреудің ақысын жеу, әділетсіздікке жол беру. Мұндай әрекеттер қоғамдағы сенімді әлсіретіп, елдің дамуына зиянын тигізеді.
Жемқорлықты қоғамның денесіне түскен індетпен салыстыруға болады. Індет адам ағзасын әлсіретсе, жемқорлық мемлекеттің іргесін әлсіретеді. Өйткені елдің қаржысы талан-таражға түссе, халыққа тиесілі мүмкіндік пен игілік азаяды. Мектеп, аурухана, жол салуға бөлінген қаржы өз мақсатына жұмсалмаса, оның зардабын қарапайым халық тартады.
Жемқорлық – әлемге ортақ мәселе
Сыбайлас жемқорлық бір ғана елге тән құбылыс емес. Ол әлемнің көптеген мемлекетінде кездеседі. Transparency International ұйымының 2025 жылғы Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі бойынша, 182 елдің орташа көрсеткіші 42 балл болған. Бұл көрсеткіш мемлекеттік сектордағы жемқорлықтың қабылдану деңгейін бағалайды. Индексте Дания 89 балл, Финляндия 88 балл, Сингапур 84 балл жинап, алдыңғы қатардан көрінді.
Бұл елдердің тәжірибесі ашықтық, есеп берушілік, заңның үстемдігі және мемлекеттік қызметке деген жоғары талаптың маңызын көрсетеді. Яғни жемқорлықпен күресу тек жазалаумен шектелмейді. Ол үшін қоғамда адалдық мәдениетін қалыптастырып, әрбір азаматтың жауапкершілігін арттыру қажет.
Қазақстандағы жағдай және азаматтық жауапкершілік
Жемқорлық мәселесі еліміз үшін де өзекті. Transparency International ұйымының 2025 жылғы индексінде Қазақстан 38 балл жинап, 182 елдің ішінде 96-орынға орналасты. Бұл көрсеткіш жемқорлықпен күресте әлі де жүйелі жұмыс қажет екенін аңғартады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, 2025 жылы сыбайлас жемқорлыққа қатысты 1 052 қылмыстық іс қозғалып, 860 іс сотқа жолданған. Ел бюджетіне 16,1 миллиард теңге қайтарылған. Бұл деректер жемқорлықтың қоғамға келтіретін залалын да, онымен күрестің маңызын да көрсетеді.
Алайда жемқорлықпен күресті тек мемлекеттік органдардың міндеті деп қарастыруға болмайды. Пара бермеу, пара алмау, заңсыз жолмен мәселе шешуге ұмтылмау – әрбір азаматтың борышы. «Өзің түзелмей, өзгеге жөн сілтеме» деген халық даналығы осыны меңзейді.
Кейде адамдар «Бір шаруамды тез бітіріп берсеңіз», «Мәселені сыйақымен шешейік» деп заңсыз әрекетті қалыпты нәрсе ретінде қабылдайды. Ал шын мәнінде, пара берген адам да, пара алған адам да әділетсіздікке жол ашады. Біреудің кезегін бұзу, лайықсыз адамға артықшылық беру, қызметті таныстықпен шешу – қоғамдағы теңдікке нұқсан келтіреді.
Ислам діні адалдықты талап етеді
Ислам діні адал еңбек етуге, аманатқа қиянат жасамауға, біреудің ақысын жемеуге ерекше мән береді. Құран Кәрімде: «Араларыңдағы мал-мүліктеріңді арам жолмен жемеңдер және адамдардың мал-мүлкінен бір бөлігін біле тұра күнәлі жолмен жеу үшін оны билік иелеріне ұсынбаңдар» (Бақара сүресі, 188-аят), – деп ескертіледі. Бұл аят парақорлықтың, заңсыз жолмен дүние табудың және біреудің ақысын жеудің ауыр күнә екенін білдіреді.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пара беруші мен пара алушыны айыптап, оларға лағынет айтқан (Әбу Дәуіт, 3580; Тирмизи, 1337).
Тағы бір хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қызметке тағайындалған адамға берілген сыйлықтың мәніне назар аудартып, егер ол қызметі болмаса, мұндай сыйлықты алар ма еді деп сұраған (Бұхари, 7174). Бұл – қызметтік міндетті жеке пайда табудың құралына айналдыруға болмайтынын көрсететін маңызды өсиет.
Демек, пара алу – тек заң бұзу емес, ол аманатқа қиянат жасау, әділетсіздікке жол беру және ақыретте жауапкершілігі бар күнә.
Абай мен Шәкәрімнің өсиеті – арды сақтау
Қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлы өз заманындағы болыстыққа таласу, мансапқорлық пен дүниеқоңыздықты өткір сынаған. «Болыс болдым, мінеки» өлеңінде билікке жету үшін малын шашып, кейін сол шығынын халықтан өндіріп алуға тырысатын адамдардың әрекетін әшкерелейді.
Ал Шәкәрім Құдайбердіұлы «Үш анық» еңбегінде ұждан мәселесін көтеріп, оның негізін ынсап, әділет, мейіріммен байланыстырады. Осы үш қасиет адам бойында болса, ол өзгенің ақысын жеуден, қиянат жасаудан сақтанады.
Абайдың «Толық адамы» мен Шәкәрімнің «Арлы адамы» – жемқорлыққа қарсы тұратын рухани тұлғаның үлгісі. Өйткені арын сақтаған адам ешкімнің ақысын жемейді, аманатқа қиянат жасамайды, әділетсіздікке бармайды.
Халқымыз:
- «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ»;
- «Ұрлық түбі – қорлық»;
- «Адал еңбек аздырмас, арамдық бойды жаздырмас»;
- «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деп бекер айтпаған. Бұл нақылдардың барлығы адамды адалдыққа, әділетке және ар тазалығына шақырады.
Таза қоғам – әр адамның адалдығынан басталады
Жемқорлықты жою үшін заңның күші де, мемлекеттік бақылау да қажет. Бірақ ең бастысы – адамның ішкі дүниесінде адалдық пен ар-ұяттың болуы. Егер әрбір азамат пара беруден бас тартса, әрбір басшы өз қызметін аманат деп түсінсе, әрбір қызметкер халыққа адал қызмет етсе, қоғамда әділеттілік орнайды.
Балаға жастайынан адал болуды үйрету, мектепте әділдік пен жауапкершілікті дәріптеу, отбасында маңдай термен келген нанның қадірін түсіндіру – жемқорлықтың алдын алудың маңызды жолдары.
Қорытындылай айтқанда, жемқорлық – елдің дамуына тұсау болатын індет, ал одан таза жүру – әрбір азаматтың міндеті. Адалдықты ұстану, өзгенің ақысын жемеу, аманатқа қиянат жасамау – адамдықтың басты өлшемі. Арды ақшаға айырбастамау, мансапты жеке пайдаға пайдаланбау, әділеттен аттамау – шынайы адамгершіліктің белгісі.
Ендеше, әрқайсымыз жемқорлықты өзгеден іздемей, ең алдымен өзімізден бастайық. Өйткені таза қоғам құру – таза ниет пен адал әрекеттен басталады.
Бостандық ауданы
«Байкен» мешітінің
наиб имамы Саясат Көкенай