ИСЛАМ ЖӘНЕ ОТБАСЫ ТӘРБИЕСІ МӘСЕЛЕСІ
Бала тәрбиесі жаһандануға бет алған қоғамымыздың өзекті мәселелерінің бірі болып табылары сөзсіз. Тәрбие отбасынан, одан соң мектептен басталатыны ешкімге сыр емес. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ешбір әке баласына жақсы тәрбиеден қымбат нәрсе бере алмайды», – деген кереметтей пікірі бүгінгі зайырлы қоғамымызда өзекті тақырыпқа айналды.
Ислам, дін ретінде VII ғасырдан бері отбасы тәрбиесіне, ата-ананы құрметтеу, үлкенді сыйлау, қонақжайлылық, достық, өзара көмек көрсету, кішпейілділік, еңбекке деген сүйіспеншілік сияқты адамгершілік құндылықтарды енгізіп дәріптеп келген басқа діндерден ерекшеленетін, ең бір әділетті күшке ие екені ешкімге сыр емес. Көптеген Орталық Азияның ойшылдары: әл-Фараби, Яасауи, Матруди, ат Термези т.б. мұсылмандық қайта өрлеу дәуірінің ғалымдары адамның рухани-адамгершілік дамуы мен кемелдену мәселелеріне арналған еңбектерінде қасиетті аяттар, сүрелер мен хадистер негізінде, тәлім-тәрбие ең маңызды мәселесі екенін атап көрсеткен.
Басқа діндерге қарағанда, исламның педагогикалық әлеуеті орасан зор. Ол осы дінді үстаушыларды инабаттылыққа, әділдікке, адалдыққа, жауапкершілікке, мейірімділікке тәрбиелейді. Мысалы, Құран Карімнің «Мүлк сүресінде» (198 аят): «Кешірімді болыңдар, жақсылыққа шақырыңдар, надандардан аулақ болыңдар» делінген. Осы қағидаларды өмірлік ұстаным еткен жастар өз елінің дамуына, оның ғасырдан-ғасырға ұласып кележатқан құндылықтарын сақтап қана қоймай сонымен бірге оларды ұрпақтан-ұрпаққа дәріптеп өз ұлттарының кемел жалғастырушысы және де инабатты, адал азамат болып қалыптасуына жетелейді. Жастардың мұндай құндылықтарды өз бойнына сіңдіруде білімның орны орасан.
Білім алуға арналған қанатты сөзде: «Ғылым қай жақта болса да, барып үйреніңдер» делінген. Бұдан тұжырымдайтынымыз, білім мекені қанша ұзақ болмасын оны меңгеруге барлық күш жігерімізді салуымыз керек.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адам қайтыс болғаннан кейін оның өмірде істеген игі істері, білімділігі ғана емес, сонымен қатар салихалы, ата-анасына дұға қылатын перзент тәрбиелегенін атап көрсеткен. Пікіріміздің дәлелі ретінде Имам әл-Ғазалидің мынадай айтқан сөздерін ыспат ретінде келтірсек болады: «Бала, ата-анасына сақтау үшін берілетінін білеміз. Оның пәк жүрегі – асыл інжу-маржан, оған қандай ою-өрнек салсақ, соны қабылдайды» – деген кереметтей сөздері бар.
Мұсылман тек өзі үшін ғана емес, отбасы үшін де жауапты. Өздеріңіз білетіндей, Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) балаларды өте жақсы көріп, оларға деген сүйіспеншілігін ашық білдірген. Ол кісі барлық балаларыңды жынысына және жасына қарамастан бірдей жақсы көріңдер деген.
Дұрыс отбасы тәрбиесі қоғамның биологиялық тазалығы мен денсаулығын анықтайды, саяси және экономикалық дамуына ықпал, мәдениет пен ғылымның дамуына ықпал етеді. Бүгінгі таңда отбасы көбінесе әлеуметтік-экономикалық және мәдени факторлардың теріс әсерінің кепілі болып табылады, соның нәтижесінде отбасының негізін ата-ананың дәстүрлі түсінігінің жоғалуынан тұратын рухани құндылықтардың тозуы орын алады.
Тәрбие дұрыс ұйымдастырылған болса баланың өзі де нұрлы, білімнен ләззат алады. Мұсылмандар үшін білім амалданда жоғары тұратыны ешкімге сыр емес. Мысалы, «Білім алыңдар, өйткені қожайын болсаңдар, ол күш-қуаттарыңды арттырып, сендерді асқақтатады. Егер сіз орта тапқа жатсаңыз, сіз шебер боласыз. Ал егер қарапайым халық болсаңдар, бұл күн көріске көмектеседі» – дейді өз ұлдарына халифа Абдул-Мәлік. Иман білімнен нәр алады деген қағиданы ұстансақ, Құрани Кәрімдегі «сену» (амана) және «білу» (аләма) ұғымдарының синоним екеніне көз жеткіземіз: «Алла сендерден иман келтіргендер мен ғылым берілгендердің дәрежесін әр түрлі дәрежеде көтереді». Атақты дінтанушы әл-Ғазалидің пікірінше «...білімге құштарлық әрбір мүмінге парыз болуы керек».
Ислам дінінің көптеген қағидаларының бірі бойынша, ата-ана баласына Құран мен хадисті үйретуге міндетті. Баланы Ислам рухында тәрбиелеуде қасиетті де қадірлі Құрани Карим кітабінің үзінділері, Пайғамбардан жеткен хадистермен және ұлы ғұламалардың өмірбайянымен, олардың өнегелі істерін растайтын мысалдармен анық көрсетіп, ақыл-кеңес беру керек. Өсіп келе жатқан жас баланың бойына асыл қасиеттерді тәрбиелеу керек. Сонымен қатар, ата-ананың өзі баласына үлгі бола-алмаса, тәрбие дұрыс нәтиже бермейді, өйткені ол бірінші болып өз баласына ізгіліктің нәрін шашып көрсетуі керек.
Тәуелсіз Қазақстан Республикасында дәстүрлі ислам құндылықтарын жаңғыртуға көп іс-әрекеттер, көңіл бөлінуде. Оған дәлел ретінде ашылған және де ашылып жатқан көптеген медреселер, жоғары оқу орындарының бағдарламаларына дінтану пәнінің енуі, Ислам университетінің ашылуы, Түркістан қаласын мұсылман дінінің, мәдениетінің рухани кіндігі деп таналынуын атап айтсақ болады.
Тәуелсіздік жылдарындағы жаппай рухани өрлеу ислам дінінің көп ұлттық қазақ еліне, әрбір отбасы тәрбиесіне тиімді ықпал етуіне кең мүмкіндіктер ашты. Исламның дәстүрлі құндылықтары бүгінде имандылықты нығайту мен жаңғыртудың тірегі бола алады десек қателеспейміз. Десекте, бізді үнемі толғандыратын маңызды мәселелердің бірі ол жастарымыздың адамгершілік қасиетіне, дүниетанымына қатысты. Бұл мақсатқа жету үшін, әрине, кез келген мұсылман үшін қасиетті шаңырақта қастерленетін салт-дәстүріміз, наным-сенімдерімізді сақтап қалуымыз жәнеде жас ұрпаққа дәріптеуіміз қажет.
Ислам дініндегі тәрбие жүйесі мыналарға бағытталған:
- Хикметтер мен хадистерде жинақталған адами қасиеттерді білім арқылы кемел тұлғаны қалыптастыру және дамыту.
- Үлкендердің өсиетімен тәжірибе білім алуда негізгі әдіс-құрал болуы.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тұсында Ислам дінінің бірінші қадамдарымен бірге білімге деген жаңа көзқарастар да пайда болды. Біз өз мақаламыз деңгейінде тәлім-тәрбие қағидаларын бейнелейтін, өзіне тән терең мағынасы мен ғибратты сүйікті де қадірлі Пайғамбарымыз хадистерінен бірнеше үзінді келтірмекпіз:
- Балаларыңызға жомарттық танытып, оларды лайықты, тақуа етіп өсіріңіз;
- Баланың ата-анасы орындауға міндетті құқықтары – оны оқуға, жазуға, жүзуге, атуға үйрету, сондай-ақ оның ата-анасының адал табысымен тамақтандыру және білім алу құқығы
- Баланың жасаған жақсылықтарын «қайыр» (жақсы) көребіліңіз. Егер сіз баладан пайда алғыңыз келсе, оны мақтаңыз (үш рет). Жаман қасиеттері үшін ұрыспау. Сен "мынандайсың-анадайсың" деп ұрыспай, балаңыздың жетістігі үшін мақтауды ұмытпаңыз. Неліктен бірдеңе істедің? немесе неге бірдеңе жасамадың? деп балалардың теріс қылықтарына шағымданбаңыз.
- Балаларды жаман қылық жасамауға үйрету (насихат).
- Бала тәрбиесімен айналысатын отбасылармен дос болыңыз.
- Тәжірибе алмасу, бұл сізге және сіздің көршілеріңізге жақсы серпін болады.
- Балаларды қалай тәрбиелеу керектігі туралы келісесіз. Кейбір тыйымдар мен рұқсаттарға қатысты әке мен шешенің ортақ сөзі болуы керек. Келісім, ортақ тәртіп болуы тиіс.
- Балалар ненің халал, ненің харам екенін білуі үшін түсіндіруі керек.
- Әдептілікті (шариғат нормалары бойынша мінез-құлық, оның ішінде әдептілік, инабаттылық, адамдық) үйрету. Ата-анаға қатысты әдеп, ас ішуге қатысты әдеп;
- Балаларға ерекше көңіл бөліңіз. Оларды қоғамға кіруге дайындаңыз.
- Әрбір істің/кәсіптің уақытын анықтаңыз (таңғы ас, түскі ас, сабақ, серуендеу, спорт, демалыс). Күнделікті режимді ұстануға тырысыңыз.
- Отбасының әрбір мүшесі отбасындағы өз орнын, жұмыс жоспарын білуі тиіс. Жұмысыңызға жауапкершілікпен қараңыз. Жауапкершілікті сезініңіз
- Басқаларды кемсітпей, барлығына сыйлық береңіз. Барлық перзенттеріңізді бөліпжармай бірдей көріңіз.
- Тақуа болыңдар және балалар арасында әділетті болыңдар (біркелкі және тең дәрежеде қамқорлық көрсетіңдер)»
Перзенттерімізге Алланың әміріне сәйкес ата-ана алдында міндеттері бар екенін айтып отыруымыз әр бір момын мұсылманның парызы болып табылады. Мұсылман отбасындағы тәрбиенің педагогикалық жүйесі орта ғасырларда көптеген діндар ағартушылардың еңбектерінде қалыптасқан. Ойшылдар мен ғалымдар өздерінің ғылыми және теориялық ізденістерінде адам өмірінің тұтастығы: этикалық, мінез-құлық, дүниетанымдық және т.б. құндылықтармен байланыста екендігін көрсете білген. Көптеген ғасырлар бойы адамгершілік-этикалық нормаларды қалыптастыруда, қоғамның әлеуметтік нормаларына да, адамның жеке қажеттіліктеріне де жауап беретін тұлғаны тәрбиелеудің педагогикалық идеяларын қалыптастыруда отбасы педагогикасы жетекші рөл атқаратынына күмән келтіруге болмайды.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындай келе, Құран Кәрім мен хадистер негізінде қалыптасқан отбасы тәрбиесінің маңызды тұстарын атап өткен жөн деп есептейміз:
1: Тұлғаның рухани дамуы мен әлеуметтік беделі үшін білімнің құндылығы;
2. Мектеп жасына дейінгі және балалық шақта ата-анаға, үлкендерге деген құрметке тәрбиелеу, адамгершілік қағидаларын жан-жақты түсіндіріп, жасөспірімдерді тәрбиелеу;
3. Ру, әулет тарихымен таныстыру, оған құрметпен қарауға тәрбиелеу;
4. Ұлтаралық қатынасты, қонақжайлыққа тиісті мінез-құлықты қалыптастыру т.б;
Осы құндылықтардың барлығын өсіп келе жатқан жасөспірімдерге сіңдіре алсақ, болашақ ұрпақтан күтеріміз мол, кереметтей қоғамда жасайтынымыз анық.
Баймбетов Мұратбек
Алматы орталық мешітінің қызметкері