МЕШІТ ІШІНДЕГІ МЕШІТТІ ҚАЗ-ҚАЛПЫНДА ҚАЛДЫРДЫҚ
Ділмұрат ПІРМҰХАММЕДҰЛЫ, танымал кәсіпкер:
Кейде бір адамның бір ауыз сөзі немесе ізгі амалы айналасындағы жандардың өмірін өзгертіп, тағдырына әсер етіп жатады. Сондай жанның бірі Пірмұхаммед қажы еді. Оның салып кеткен мешіті әлі күнге дейін үш буынның жүрегін ізгілікке біріктіріп келеді. Пірмұхаммед қажының ұлы, белгілі меценат, дін жанашыры Ділмұрат Күзиевпен болған әңгімеміз осыдан басталды. Сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Ділмұрат Пірмұхаммедұлы, үш буынның жүрегін біріктірген мешіттің салыну тарихы жайлы ғибратты әңгімелерді өз аузыңыздан естісек.
– 1993 жылы әкем Пірмұхаммед үлкен қажылыққа барып, парызын өтеп келді. Меккеден үлкен оймен оралған ол: «Балам, біз қамсыз, хәрекетсіз жүрген екенбіз. Өмірімізді босқа өткізіп жатырмыз. Бала тәрбиесін қолға алмасақ болмайды. Оқу орнын ашайық, мешіт салайық. Балалар жан-жақты білім алсын. Имамдарымыздың білімін жетілдірейік. Алла үшін халыққа жақсылық жасайық. Сауап амалдарды кеш болмай тұрғанда атқарайық» деп мәселені төтесінен қойды.
Ол кезде, яғни тоқсаныншы жылдардың басында оқу орнын ашу, мешіт салу былай тұрсын, күн көрудің өзі мұң болатын. Өзім басқаратын зауыттағы екі мың жұмысшының жалақысын бере алмай қиналып отырған кезім. Әлі есімде. Қаншама қариялар бірнеше айдан бері зейнетақыларын алмаған. Сондай қиын замандар өтті ғой. «Әке, жұмысшыларыма жалақы бере алмай отырғанда мешітті қандай ақшаға салып беремін?» дедім. Орынды уәжіме дес бермеген әкем: «Міне, аяқтан тұрып кету үшін, Қазақстанды дамыту үшін ең алдымен балаларды оқытып, көкірек көзін ашуымыз керек. Олардың бойына имандылықты сіңіру қажет. Мешіт салу керек деп отырғаным осы» деп тұрып алды. Әкеме қарсы сөз айтпай үндемей үйден шығып кеттім.
Бір күннен кейін әкем зауытқа келді. Қасында жігітбасымыз Иминжан Мәмәтәлиев ағамыз бар. Ұйғыр халқында көргені көп адамды жігітбасы етіп сайлайтын жақсы дәстүр қалыптасқан. Кейінгі буын жігітбасының ақыл-кеңесіне құлақ асып, игі істерге үлес қосады. Сонымен әкем мен Иминжан аға екеуі екі жақтан мешіт салуға үгіттей бастады. Жағдайды тағы түсіндірдім. Ол кезде есеп айырысу ақшалай емес заттай жүзеге асатын. Біреуге зауыттан шығатын құбыр берсем, ол маған басқа нәрсе береді. «Әке, менде мешітті толық салып беретін ақша жоқ. Ертең бітпей қалса не болады?» дедім.
Әкем алған бетінен қайтпай: «Мешітті халық салады. Сонда сен қарап тұрмайтын шығарсың» деді. Тоқырау заманында нанға ақша таппай отырған халық мешітке көмектесе алмайтынын тағы айттым. Ренжіген болса керек, ләм-мим деместен шығып кетті. Қапа қылып қойдым ба деп қатты ойландым. Көңілін жықпай «жақсы» дей салуға болар еді. Бірақ есепсіз, бас-көзсіз үлкен істі бастап кетуге жүрексіндім. Өйткені ол мен үшін үлкен жауапкершілік еді. Жоспарда жоқ жұмысты бастап кетіп, ертең ол аяқсыз қалып Алладан да, әкемнен де, жұрттан да ұят бола ма деп қорықтым.
Ойым онға, санам санға бөлініп отырғанда әкем кабинетіме қайта кірді. Зілмен: «Сен осы өмірде мәңгі жүрем деп ойлайсың ба?» деді. Бұл сұрақ төбемнен мұздай су құйғандай денемді тітіркендіріп жіберді. «Дәм-тұзым таусылғанда мен де кетем ғой, әке. Ешкім мәңгі емес қой» дедім. «Ендеше ертең Алланың алдына барғанда не деп жауап бересің? О дүниеде жақсы болуың үшін осы өмірде жақсылық істеуің керек, балам!». Әкемнің сөзі сүйегімнен өтіп кетті. Күні бойы ойландым. Кешке үйге барғанда әкеме қолымнан келгенше көмектесетінімді айтып, ең бірінші не істеу керегін сұрадым. «Балам, бірінші бізге жер алып берсең болды. Қалған шаруаны осындағы халықпен ақылдасып істей береміз. Мешіт деген Алланың, сосын халықтың көмегімен бітетін іс қой» деді.
– Мешіт салғаннан оның жерін алып беру сізге оңай болған шығар?
– Әуелде солай ойладым. Сөйтіп аудандағы жауапты қызметкермен кездесіп, жерге шешім шығартып алдым. Бірақ жердің құжаты толық дайын болғанда қала әкімі қол қоятынын ескертті. «Аға, қала әкіміне кіргенде: «Мешітті толық салып бітіремін» деп айтыңыз. Әйтпесе қол қоймайды» деді. Ол кезде Алматы қаласының әкімі марқұм Заманбек Нұрқаділов еді. Бірақ мешітті толық салып беру менің жоспарымда жоқ еді. Тәуекел деп алдына кірдім. Ашулы отыр екен. «Мешітті кім салады?» деді қатулы үнмен бірден іске кірісіп. «Мен» дедім. «Шынымен саласың ба?» деп сұрағын қайта шегеледі. Құдай аузыма салған шығар. «Шынымен саламын» дедім. Заманбек Қалабайұлы біраз жігіттер мешіт салуға жер сұрап, артынан ол жерге мешіт емес автотұрақ салып кеткенін айтып, ренішін білдірді.
«Заманбек Қалабайұлы, менің тегім – Күзиев. Мен ешқашан ата-тегіме кір келтірген емеспін» дедім қайсарлық танытып. «Біткен соң ашылуына мені шақыратын бол!» деді де бірден соңғы шешімге қол қойып берді. Құдайдың құдіретімен жер мәселесі бірден шешімін тапты. Арадан біраз күн өтті. Ешқандай қозғалыс жоқ. Мешіттің жері әлі бос тұр. Әкем: «Балам, осы маңайдағы үйдің бәрін аралап шықтым. Бірақ адамдар қозғалмай жатыр. Сен бізге мешіттің жерін қоршап берші. Қалған жұмыстың бір мәнісі болар» деді.
«Мақұл, әке!» деп зауыттан бетон, плита, кран жібердім. Сағат түскі үштің шамасы. Хабар алайыншы деп жердің басына келдім. Сол кездегі көрініс әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Әкем және қасындағы 5-6 ақсақал шалбарын тізеге дейін түріп, бірі бетон, бірі ауыр цемент тасып жүр. Қатты жаным ашып кетті. Плитаны қисық-қисық қалап, цемент құйып жатыр. «Құрылыс жұмысы бұлай жасалмайды ғой. Мынау не масқара?!» деп қоям өзімше. Қипақтап қалған қариялар: «Қолымыздан келіп жатқаны осы» деді. Бірден құбыр зауытындағы 5-6 жұмысшымды алдыртып, техникалық талапқа сай жерді әдемілеп қоршап бердім.
– Әрі қарай қалай болды?
– Әрі қарай тағы кірісуге тура келді. Бір күні әкем келіп: «Балам, мешіттің іргетасы қаланатын орынды қазып берсең. Осы ауылда тұратын бір бай кісі іргетасын тұрғызып беруге уәде берді. Адамдар жұмыстың басталғанын көріп көмектесуге келеді. Тек құрылыс жұмысын бастап кету керек болып тұр» деді. «Мақұл, әке!» дедім. Ол кезде біздің зауытта экскаватор жоқ. Басқа жерден ақшасын төлеп алдыртып, үш метрге дейін әдемілеп қазып бердім. Сөйтіп арадан шамасы екі апта өтті. Жердің басына барсам әлі сол күйі тұр. «Балам, әлгі бай кісінің жұмыстары жүрмей қалыпты. Іргетасын қаласаңдар ары қарай қабырғасын тұрғызып берем деді. Жағдай қиын болып тұр. Мүмкіндігің келсе, іргетасын құйып берші» деді әкем. «Мақұл, әке!» деп оны да әдемілеп құйып бердім. Одан кейін қабырғасын көтердік, сосын төбесін жаптық. Бір күні ақша бітті. Ішкі жұмыстарына әлі біраз қаражат керек.
– Осы кезде үлкен тәуекелге бел буып, өзіңіздің жеке үй салуға жинаған ақшаңызды Құдай үшін мешітке жұмсап жіберген екенсіз. Сол рас па?
– Иә, рас! Мешіт жұмысы қаражатқа байланысты тоқтап қалды. Күнде үйге келгенде әкемнің қиналып отырғанын көрем де жаным ауырады. Күндіз-түні бар уайымы – мешітті бітіру. Басқа ешнәрсемен шаруасы жоқ. Адаммен сөйлесуді қойды. «Бір жыл уақыт беріңіз. Ақша жиналған соң ары қарай бітіріп беремін» дедім. Оған келіспеді. Қалай да соңына дейін бітіру керек екенін айтты.
Бір күні ойда жоқта бір акционерлік қоғамнан маған 15 мың доллар дивидент берілді. Оның әңгімесі көп. Тәптіштеп айтпай-ақ қояйын. Ол кезде 15 мың доллар өте көп ақша. Соның 5 мыңын ба, әлде 10 мыңын ба мешітке берсем бе екен деп басым қатып отырды. Бірақ ол ішкі жұмыстың жартысына ғана жетеді. Өзім көпқабатты үйде тұрамын. Жеке үй салуға алып қойған қомақты қаражатым бар еді. Әлгі 15 мың долларды үйдің ақшасына қосып қойдым. Айт болатын түні түс көрдім. Түсімде мазарға асыққан күйде көлікпен жетіппін. Мазар маңайына ақ киім киген көп адам жиналған. Көз алдыма әппақ сәлде көрінді. Сосын жүзінен нұр төгілген, ақ сәлде киген, сақалы әппақ бір ақсақал көрінді. Маған бата беріп, дұға жасау үшін күтіп тұр екен. Мен аздап кешігіп қалыппын. Бір жағы ыңғайсызданып тұрмын.
Ақ шапан киген әлгі ақсақал қаншама адамның алдына шығып, қолын көтеріп енді дұға жасайын деп тұрғанда бір жерден әкем атып шығады да: «Мешіт тоқтап қалды! Мешіт тоқтап қалды!» деп байбалам салып, әп-әдемі сәтті бұзып жібереді екен. Мен оған ашуланып жүрмін. «Мешітті бітіреміз ғой, әке! Әдемі сәтті бұзып жібергеніңіз не?» дедім. Жалма жан маған қарап: «Ақша таптың ба не?» деп сұрақтың астына алды. «Иә, таптым!» дедім. Әкем де, сол жерге жиналған жамағат та қатты қуанып кетті. Әлгі ақ сақалды, ақ сәлделі қария «дұрыс істедің» дегендей күлімсіреп, ниетіме қолдау білдірді. Сөйтіп ол қолын көтеріп, енді дұға жасай бергенде оянып кеттім. Тұрсам үсті-басым су тер. Бұл жәй түс емес екенін аңғардым. Өңім былай тұрсын түсімде де әкемнің мешітті бітіріп бер деп мазалап жүргені босқа емес деп ойладым.
Инженерден мешітті толық бітіруге қанша қаражат қажет екенін сұрадым. 27 мың доллар болса ішкі құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, ашылу рәсімін жасай беруге болатынын айтты. Ақшамды санасам тура 27 мың доллар. Акционерлік қоғамнан түскен 15 мың доллар, оған қоса үйге жинаған қаражат 12 мың доллар. Екеуін қосқанда 27 мың доллар. Сөйтіп ауыл адамдарымен мәжіліс өткізіп: «Өзімнің үйім тұра тұрсын. Әуелі Алланың үйі бітсін. Осы ақшаны толық мешітке арнадым» деп бір пакет долларды алдарына тастадым. 1993 жылы доллар көрмеген адамдардың көздері шарасынан шығып кете жаздады. Үлкендер жағы батасын беріп, ризашылықтарын білдіріп шығарып салды. Мойнымнан үлкен жүк түскендей, қос иығымнан қос ауыр тауды қолмен алып тастағандай сезімге бөлендім. Оны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Айт күні осындай қуанышты сәтке кенелдік. Құдды түсімдегі оқиға өңімде қайталанғандай болды.
– Бұл қадамыңызды анаңыз қалай қабылдады?
– Үйге келгенде анама осы жағдайды айтып бердім. Аздап уайымдады. «Балам, үйің салынбай қалатын болды ғой. Әйелің саған қатты ренжитін шығар» деді. «Оған өзім түсіндіріп айтамын. Бәрі дұрыс болады. Уайымдамаңыз» дедім. Осы сәтте әкем үйге келді. Ол да уайымдап тұр. Бірден: «Енді өз үйің не болады? Неге олай істедің? Неге асықтың?» деп сұрақты қарша боратты. «Мешіт құрылысы тоқтап қалғанда қатты уайымдадыңыз. Уайымыңызды жеңілдетейін деп осылай істедім, әке» дедім. Әкем сөзімді қолдай кетті де: «Дұрыс істедің, балам» деді. Анам сөзге араласып, әкеме ренішін білдірді. Сонда әкем әдеттегі салмақты қалпымен: «Сабыр ет! Әлі-ақ көресің. Алла балаңа Алматының ең жақсы жерінен керемет зәулім үй нәсіп етеді. Мешіт салғаны үшін о дүниеде жәннаттан сарай беріп, мерейін үстем етеді» деді. Анам әкемнің сөзіне тоқтады...
Құдайдың құдіретін айтсаңшы. Сол кездегі Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов қазіргі Алматы қаласының жоғарғы бөлігі, таудың етегінде орналасқан Таулы қырат деген жерден алма бақтың орны болған керемет орыннан жер телімін берді. Ол кезде Таулы қырат Алматы облысына қарайтын. Қазір ол Алматының ең әсем әрі ең қымбат жері. Мешіт салғаннан кейін жұмысым алға басып, Алла байлықты үйіп-төгіп берді. Таулы қыраттан зәулім үй салдық. Әулетімізбен қоныс тойын жасап, мәз болдық. Бірақ оны әкем көрмей кетті. Бірақ айтқаны айдай келді. Алысты көре білетін дана кісі болды ғой, жарықтық.
– Сонымен мешіт қанша уақытта бітті?
– Алланың жәрдемімен бір жылда бітірдік. Мен ақшалай көмектесіп тұрғаным болмаса, барлық жұмысты әкем ұйымдастырды. Қаншама энергиясын жұмсады. Қаншама уайымдарды бастан кешті. Кәрілігіне қарамай құрылыс жұмыстарына араласты. Жастармен жас балаша жұмыс істеді. Бүкіл ықыласы мен махаббатын мешітке арнады. Құдды Құдай оның жүрегін мешітке байлап қойғандай көрінетін. Мүмкін Алла Тағала үлкен қажылықта жүрегіне құлшылық үйін салу туралы ізгі амалды бекіткен шығар. Содан мешіт біткенше тыным таппады. «Осы жұмыс біткен сәтте бір күн бойы мешітті құшақтап жататын шығармын» деп әзілдеп айтып отырушы еді.
Мешіттің ашылуында әкем құрылысқа көмектескен жігіттердің бәріне сый-сияпат үлестіріп берді. Сонда анам: «Керісінше осы ауылдың адамдары саған рақмет айтып, сый-сияпат беруі керек емес пе?» деп таңданды. Ал әкем болса: «Менің ісім Аллаға аян. Оның сыйын о дүниеге барғанда Өзі береді. Сол маған жеткілікті. Адамдардан мақтау немесе сый күту дұрыс емес. Алла үшін істедің бе – ұмыт» деп салмақпен жауап берді.
– Мешітке әкеңіздің атын беруді ұсынғанда оған қатты қарсы болыпты. Осы рас па?
– Ол рас. Ауыл адамдары әкемнің еңбегін ескеріп мешітке «Пірмұхамед қажы» деген атау беруді ұсынғанда әкем оларды үйден қуып шықты. «Мешіт – Алланың үйі. Атымды шығару үшін мешіт салдырған жоқпын. Мені тірідей өлтіргілерің келмесе, мұндай сөзді ешқашан айтушы болмаңдар» деп батыл шешімін айтты.
– Әкеңіздің қандай қасиетін үлгі тұтасыз?
– Ол әрқашан дұға жасайтын. Өмір бақи намаз оқығанда оразаның үшінші күні дүниеден өтсем деп дұға жасайтын. Бір күні есейген шағымда: «Неге оразаның үшінші күнін сұрайсыз? Неге бірінші немесе отызыншы күні емес?» дедім. Күліп жіберді де: «Е, балам! Рамазанның бірінші күні Алланың сүйікті құлдары жәннатқа кіреді екен. Екінші күні Алланың жолында құрбан болған шейіттер кіреді екен. Үшінші күні кірсем арманым болмас еді» деді. Осының өзі оның қандай кішіпейіл болғанын аңғартса керек.
Оразаның үшінші күні әкем екеуміз өзі салдырған мешітке барып, тарауық намазына қатыстық. Намаздан шыққан соң: «Тағы да тазаланып, дәрет алайыншы» деді. Содан кейін үйге барғанда тағы да намаз оқыды да өмір бақи тілеп келген дұғасы бойынша тура оразаның үшінші күні жан тапсырып, Раббысына қайтты. Ол кезде мешіттің біткеніне бір жыл толған.
– Адам жасы қанша ұлғайса да бәрібір әкенің қолдауына мұқтаж. Өзіңіз де әкеңіздің жасынан асып барасыз. Кейде сағынған сәтте оның қандай өсиет сөздері ойға оралып, жігер сыйлайды? Ерекше рух беретін қандай өнегелі сөздері есте қалды?
– Әкем талай жыл мұғалім болып қызмет етті. Оның көркем тәрбиесі арқылы жақсы істің жақсылығы ешқашан өшпейтінін санаммен әрі өмір тәжірибеммен терең ұғындым. «Өмірде кім болсаң да қандай жетістікке жетсең де ең бастысы әрқашан адам болып қал! Адамдар: «Сен кімсің?» деп сұрамайды. «Кімнің баласысың?» дейді. Сондықтан маған ешқашан жаман ат келтірмеңдер. Ертең ұл-қыздарың саған да жаман ат келтірмейтін болады. Қолыңнан келсе әрқашан айналаңа жақсылық жаса. Бірақ жақсылықты ешқашан одан күтпе. Сыйы мен сауабын тек Алладан дәмет. Адамдар сенің жасаған жақсылығыңды тез ұмытып кетуі мүмкін. Бірақ Алла ешқашан ізгі ісіңді ұмытпайды» деп отыратын. Осы сөз маған әрқашан жігер береді.
– Естуімізше, Алматы облысындағы Жаңашар деген ауылға мешіт салып, мектебі мен жолын жөндеп беруіңізге, сонымен қатар үлкен су құбырын тартуыңызға әкеңіз тікелей ықпал еткен көрінеді...
– Менің әкем, ата-бабаларым Еңбекшіқазақ ауданындағы Жаңашар ауылында туған. 1937 жылдар халқымыз үшін аса қиын сындарлы жылдар болды. Қолында мал-мүлкі бар адамдардың дүниесін бейберекетсіз тартып алып, қуғынға ұшырататын кездер өтті ғой. Осынау қиын заманның сынақтары біздің де әулетті айналып өтпеді. Аталарым қыспаққа ұшырады. Ақырында Құлжа жаққа асып кеткен. Жағдай тұрақталғанда, яғни 1955 жылы қайтып елге келген.
Бұл жұмыстың тарихы қызық. Бір күні үйге келсем әкемнің көңіл күйі жоқ. «Әке, не боп қалды? Тағы бір жерге мешіт салу керек пе?» деп әзілдедім. Өзінің мінезіне тән жұмсақ үнмен: «Балам, мені мұқият тыңда! Өзің жақсы білесің, мен бірнеше жыл Жаңашар ауылында тұрдым. Аллаға шүкір, азды-көпті ауылдың ауасын жұттым, суын іштім, біраз жақсылығын көрдім. Жаңашарға барып келдім. Жаныма батқан жағдайды өз көзіммен көрдім. Көшенің тоз-тозы шыққан. Мектептің төбесінен су ағып тұр. Ал ауылдағы жерлестерім 3 шақырым жерден су тасып ішеді. Су құбыры жарылып кетіпті. Осы үш мәселенің бірін шамаң келгенде шешіп берсең» деді. Мен алған жерден: «Мүмкін ауылға бұдан бөлек мешіт салып беру керек шығар» дедім жүре тыңдап. «Нәсіп болса оны да салып берерсің» деп жымиды да қойды. «Мақұл, әке! Бірақ осы үш мәселенің біреуін шешіп берейін» деп уәде бердім. Әкем балаша қуанып кетті.
Қайдан білейік. Көп ұзамай әкей өмірден өтті ғой, жарықтық. Бәріміз шулап қалдық. Жеті күндік асын өткізе сала ініммен Жаңашар ауылына тартып кеттім. Келіскен сәтте ауылдың беткеұстарларымен жиналып, мәселені ақылдастық. Бәрі бірауыздан мешіт салып беруді өтінді. «Апаттық жағдайдағы мектеп не болады? Су құбыры ше? Көшені не істейміз?» десем: «Оны кейін өзіміз шешіп аламыз. Бізге ең бірінші керегі – мешіт» деп шулап қоя берді. Сонымен көпшіліктің қалауымен ауылға 7 айда керемет мешіт салып бердік. Әкемнің өсиеті жерде қалмасын деп ауылға жаңа су құбырын тарттым, мектепті бастан-аяқ түгел күрделі жөндеуден өткіздім, жолды жөндеп бердім. Халық ерекше риза болды. Ризашылығының белгісі ретінде әкімшілікпен келісіп, ауылдағы ең үлкен көшеге әкемнің атын бергізді. Өзім де қуанып қалдым. Осы кезде әкемнің: «Адам өзінің тұрған жерінде жақсы амал, жақсы із қалдырып кетуі керек. Бұл кейінгі ұрпаққа өшпейтін өнеге боп қалады және олар да осындай игі амалды қайталайды. Осылайша сенің жасаған бір амалың ұрпақтан ұрпаққа жалғасып кете береді» деген сөзі есіме түсті.
Тағы бір қызық оқиғаны айтып берейін. Бір күні үйге келсем әкем мешіт жақта екен. Қасына бардым. Тағы да көңіл күйі жоқ. «Әке, тағы не болды? Мына жерге бір мешіт аздық етіп тұр ма?» дедім қалжыңдап. «Осы мешітке келетін мына жерде жол жоқ. Мына жол өте тар. Оны кеңейту қажет. Мешітке келетін адамға қолайлы жағдай жасауымыз керек, балам!» деді. «Адамдардың жерін, үйін қалай аламын. Ол үшін үйін бұзам ба? Мүмкін сізге үлкен көше салып беретін шығармын» дедім айтып отырған мәселесін құптамағандай сыңай танытып. «Үлкен көшені реті келгенде саларсың. Қазір мына жерге кең жол ашу керек. Соны ойластыршы» деп қысқа қайырды. Сонымен үй-үйді аралап, біреудің жерін, екіншісінің жерін сатып алуға тура келді. Басында тұрғындар сенбеді. Кейін көздері жеткен соң бағаны екі есе көтеріп алды. Әйтеуір біраз адамды аяқ астынан байытып жібердік. Құдай деген бір орыс әйелі мешітке апаратын жол үшін үйінің бағасын аздап түсірді. Онысына да рақмет айттық.
Кейін әкемнің айтуымен мешіт қасынан алынған жерге үлкен колледж ғимаратын салдық. Еліміздің қаншама облысынан келген жастар сол колледжде білім алды. Оқу орны біраз жыл істеп тұрды. Кейін белгілі себептерге байланысты жұмысы тоқтатылды. Қазір ол ғимарат «Пірмұхаммед қажы» атындағы бала бақшаға айналды.
Кезінде әкем, жаңа айтқанымдай, Қытай жақтан төрт баламен Қазақстанға қайтып келгенде ешкім көмектесе қоймаған. Бірақ Иминжан досы бір тауық қорасын беріп: «Осыны жөндеп алыңдар да уақытша тұра беріңдер. Кейін жер алып беруге көмектесемін» депті. Әкем өмірден өтер алдында: «Мен ертең кетіп қалсам, Иминжанның балаларына қарайласып тұр» деп, қайта-қайта айта беретін. Сосын бір күні: «Әке, неге ол кісіні айта бересіз? Оның сізге қандай жақсылығы өтіп кетіп еді?» деп сұрадым. «Е, балам! Адамдар қол ұшын созбай қойғанда Иминжан қолдан келген қамқорлығын жасады. Оның бұл жақсылығын ешқашан ұмытпаймын. Оған да көмектесуіміз керек. Алла Тағала өзгеге қылдай жасаған жақсылықтың қарымтасына тек жақсылық нәсіп етеді. Осыны ұмытпа!» деді. Аллаға шүкір, әкемнің өсиетімен әлі күнге дейін оның ұрпағына қарайласып тұрамын.
Әкемнің: «Маған ешқашан жаман ат келтірмеңдер. Ертең ұл-қыздарың саған да жаман ат келтірмейтін болады» деген сөзіне бір мысал келтірейін. Бір күні кәсіпкер балам Дінмұхаммед Қапшағай қаласынан заманауи үлгіде мешіт салу туралы ойын айтты. «Балам, ойың жақсы. Алла қабыл етсін. Бірақ атаң Пірмұхаммед салған шағын мешітті кеңейтсек қайтеді. Жамағат қысты күндері намазды далада оқып жатыр. Осы мәселе мені мазалап жүр» дедім. Ұлым ұсынысымды бірден қабыл алып: «Әке, сіздің айтқаныңыз болсын» деді. Аллаға шүкір, 10 айда мешіттің аумағын кеңейтіп, қайта салып шықтық. Баяғы марқұм Пірмұхаммед әкем секілді құрылыс жұмысы біткенше мешіттің басы-қасында жүрдім. Балам қажетті заттарды жеткізіп, қаржылай көмектесті. Әкемнің қолы тиген ескі мешітті бұзбастан мешіт сыртынан жаңа мешіт тұрғыздым. Мешіттің ішіндегі мешітті қаз-қалпында қалдырдым. Өйткені ол әкемнің көзі еді. Әрине оңай болған жоқ. Бірнеше есе шығын кетті. Бірақ әкемнің көзіндей болған ескі мешітті бұзбадым. Бұл ұрпақ үшін мәңгі өнеге боп қалары хақ. Әкеме көрсеткен құрметім балаларымнан қайтып жатқанда оның: «Маған ешқашан жаман ат келтірмеңдер. Ертең ұл-қыздарың саған да жаман ат келтірмейтін болады» деген сөзі санамда жаңғыра түсті.

Пірмұхаммед қажы достарымен

Мешіт іргетасын қалау сәтіндегі дұға жасау рәсімі


Бас мүфти Ділмұрат Пірмұхаммедұлының иығына шапан жапты

Бас мүфтидің Дінмұхаммед Ділмұратұлына бата беру сәті

«Әли-Мұхаммед» мешітінің ашылу рәсімі

Ділмұрат ұлы Дінмұхаммедпен сұхбаттасуда

Мешіттің ішкі көрінісі

Түнгі мешіт көрінісі

Қайта салынған «Әли-Мұхаммед» мешітінің жалпы көрінісі
Сұхбаттасқан
Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ
«Мұнара» газеті №10 26 мамыр