МҰСЫЛМАННЫҢ МҰРАТЫ – КӨРКЕМ МІНЕЗ
الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Ислам дінінің ең басты мақсаты – адамның ішкі жан дүниесін түзеп, оны рухани кемелдікке жеткізу. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:
إِنَّمَا بُعِثْتُ لِأُتَمِّمَ مَكَارِمَ الْأَخْلَاقِ
«Мен көркем мінезді кемеліне келтіру үшін жіберілдім», – деген (имам Бәйһақи).
Алла Тағала қасиетті Құранда ардақты Пайғамбарымыз жайында:
وَإِنَّكَ لَعَلَى خُلُقٍ عَظِيمٍ
«Шүбәсіз, сен ұлы көркем мінез-құлыққа иесің», – деген («Қалам» сүресі, 4-аят).
Бұл аят пен хадис бізге исламның мәні – тек сыртқы рәсімдерде емес, құлшылықтың адам бойындағы көркем ісінде екенін ұқтырады. Мұхаммед әл-Ғазали өзінің «Хулуқу әл-муслим» (мұсылманның мінез-құлқы) еңбегінде атап өткендей, біздің намазымыз, оразамыз бен зекетіміз – жай ғана атқарылатын міндеттер емес, олар пенденің нәпсісін тізгіндеп, жан дүниесін ізгілікке тәрбиелейтін құлшылықтар. Нағыз имандылық көркем мінезден көрініс табады. Егер құлшылық адамды тәкаппарлықтан, өтіріктен және өзгеге зиян тигізуден тыймаса, ол иманның әлсіздігін білдіреді. Сондықтан мұсылманның шынайы мұраты – ғибадат арқылы жүрегін тазартып, айналасына шуақ шашатын, көркем әдепті тұлға болу.
Бірінші: көркем мінез – ғибадаттың жемісі
Ислам діні – тек мешіт ішіндегі құлшылықпен ғана шектелмейтін, адамның бүкіл болмысын ізгілікке бағыттайтын өміршең жол. Кейбіреулер құлшылық пен мінез-құлықты екі бөлек дүние деп түсінеді. Алайда шынайы мұсылмандық – бұл ішкі сенім мен сыртқы әдептің тоғысуы. Алла Тағаланың бізге парыз еткен әрбір құлшылығының астарында көркем мінездің мектебі тұр. Сол себепті, құлшылықтың адам мінезіне тигізер әсері мен оның маңыздылығы орасан зор. Тарқатып айтар болсақ:
- Намаз – көркем мінездің қорғаны
Намаз – діннің тірегі. Бірақ намаздың басты мақсаты тек белгілі бір қимылдарды орындау емес, адамның жан дүниесін жамандықтан тазарту. Алла Тағала Құран Кәрімде былай бұйырады:
إِنَّ الصَّلَاةَ تَنْهَى عَنِ الْفَحْشَاءِ وَالْمُنكَرِ
«Шын мәнінде, намаз арсыздықтан һәм жамандық атаулыдан (теріс қылықтардан) тыяды», – деген («Анкабут» сүресі, 45-аят).
Егер намаз оқитын адамның тілінен өсек, ісінен қиянат арылмаса, демек ол намаздың нағыз мәніне жете алмаған деген сөз. Өйткені намаз адамды ізгілікке, кішіпейілділікке және тазалыққа үйретеді. Күніне бес рет Раббысының алдында иіліп, сәждеге бас қойған пенде – өзгелерге менмендік көрсетпеуі тиіс.
- Ораза мен зекеттің тәрбиелік мәні
Ораза мен зекет – адам бойындағы нәпсіні тізгіндеп, рухани деңгейін көтеретін ұлы құлшылықтар. Айталық, ораза – тілді өтіріктен, көзді арамнан, жүректі кекшілдіктен тыйатын құлшылық. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:
مَنْ لَمْ يَدَعْ قَوْلَ الزُّورِ وَالْعَمَلَ بِهِ، فَلَيْسَ لِلَّهِ حَاجَةٌ بِأَنْ يَدَعَ طَعَامَهُ وَشَرَابَهُ
«Кімде-кім өтірік айтуды және соған сай амал етуді қоймаса, оның ішіп-жеуден тыйылғанына Алла мұқтаж емес», – деп ескерткен (Бұхари). Яғни, оразаның нағыз жемісі – көркем мінез.
Ал зекет пенденің бойындағы сараңдық дертін емдеп, жомарттық пен жанашырлықты ұялатады. Зекет беруші адам қоғамның мұңын мұңдап, мұқтажға қол ұшын созатын шынайы жанашырға айналады. Бұл – қоғамдық тұрғыдан мінездің көркем болуы деген сөз.
Барлық құлшылықтың түпкі нәтижесі – адамның адамгершілік қасиеттерін арттыру. Сондықтан шынайы иманның дәмін сезінген адамның жүзінен нұр, сөзінен шуақ шашылып тұрады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
أَكْمَلُ الْمُؤْمِنِينَ إِيمَانًا أَحْسَنُهُمْ خُلُقًا
«Мүміндердің ішінде иманы ең кәмілі – мінез-құлқы ең жақсы болғаны», – деп бекер айтпаған (имам Термизи).
Құлшылығы көп, бірақ мінезі дөрекі адамның имандылығында ақау бар. Себебі нағыз мұсылман – қолымен де, тілімен де өзгеге зиян тигізбейтін жан.
Қазақ мақал-мәтелдерінің бірінде: «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі», – деген. Сонымен қатар «Он бәленің тоғызы – тілден», «Ұрлық түбі – қорлық», «Біреуге ор қазба өзің түсесің», «Жақсыға барсаң жадырап қайтарсың – жаманға барсаң жабығып қайтарсың», деп ұрпағын тәрбиелеп отырған. Есейе келе дін мен дәстүрді қоса меңгерген ұрпағы, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсеткен.
Қисса
Бірде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларымен бірге отырып, олардың ойына қозғау саларлық бір сұрақ тастайды:
- Нағыз тақыр кедей (мүфлис) кім екенін білесіңдер ме? – дейді.
Дүниенің өлшемімен ойлаған сахабалар кідірместен:
- Біздің түсінігіміздегі кедей – ақшасы (дирхамы) мен дүние-мүлкі жоқ адам, – деп жауап қатады.
Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл ұғымның ақыреттік терең мағынасын ашып, үмбетіне нағыз қасіреттің сипатын былайша баяндап береді:
- Менің үмбетімнен болған нағыз тақыр кедей – Қиямет күні Раббысының алдына таудай сауаптармен келетін жан. Оның (амал дәптерінде) оқыған намазы, ұстаған оразасы мен берген зекеті бар. Алайда ол бұл дүниеде бір кісіні балағаттаған, бір кісіге жала жапқан, біреудің малын жеген, біреудің қанын төккен, біреуді ұрып-соққан күйде келеді. Сол кезде әділдік орнап, әлгі адамның жиған сауаптары жәбір көрген жандарға бір-бірлеп таратыла бастайды. Әрбір ауыр сөзі мен әрбір әділетсіз ісі үшін сауабынан айырылады. Егер өтеуі тиіс ақылар бітпей жатып, сауабы таусылып қалса, онда жәбір көрген жандардың күнәлары алынып, мына адамның мойнына жүктеледі. Соңында, таудай сауаппен келген пенде түгі қалмаған тақыр кедейге айналып, Тозаққа тасталады.
Түйін: Егер адам тілі мен қолына ие болмай, өзгеге жәбір көрсетсе, оның құлшылығы түбі тесік шелекке су құйғанмен тең. Сондықтан мұсылманның басты мұраты – тек ғибадат жасау ғана емес, айналасына көркем мінез көрсету арқылы екі дүниеде де сыйлы болу. Бұл оқиға бізге үлкен сабақ. Қанша жерден түнде тұрып намаз оқысақ та, күндіз ораза тұтсақ та, егер мінезіміз түзелмей, адамдардың ақысына қиянат жасайтын болсақ, барлық еңбегіміздің зая кетуі әбден мүмкін.
Екінші: көркем мінездің маңыздылығы
Егер адамның имандылығын тамыры терең ағашқа баласақ, оның діңгегі – құлшылық, ал жемісі – көркем мінез. Жемісі жоқ ағаштан ешкім сая таппайтыны секілді, мінезі түзелмеген мұсылманның да өзгеге пайдасы, дінге абыройы шамалы.
Көркем мінездің маңыздылығын мынадай үш негізгі қырынан түсінуіміз керек:
- Ақырет таразысындағы ең ауыр амал ретінде
Біз Қиямет күні таразыны ауыр басатын тек нәпіл намаздар немесе ұзақ зікірлер деп ойлауымыз мүмкін. Алайда, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:
مَا مِنْ شَيْءٍ أَثْقَلُ فِي مِيزَانِ الْمُؤْمِنِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ مِنْ خُلُقٍ حَسَنٍ
«Қиямет күні мүміннің таразысында көркем мінезден ауыр басатын ештеңе болмайды», – деген (имам Әбу Дәуіт).
- Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жақын болудың жолы ретінде
Әрбір мұсылманның арманы – жәннатта Пайғамбарымызбен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге болу. Ал Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кімдерді жанына жақын тұтатындығы жайында өзінің хадисінде:
إِنَّ مِنْ أَحَبِّكُمْ إِلَيَّ وَأَقْرَبِكُمْ مِنِّي مَجْلِسًا يَوْمَ الْقِيَامَةِ أَحَاسِنَكُمْ أَخْلَاقًا
«Араларыңдағы маған ең сүйіктілерің және Қиямет күні маған ең жақын болатындарың – мінез-құлқы ең көркем болғандарың», – деген (имам Термизи).
- Қоғамның амандығы мен тұтастығы ретінде
Көркем мінез бар жерде сенім, бауырмашылдық және береке болады. Егер мұсылман қауымының мінезі дөрекі, сөзі жалған болса, діннің айбыны кетеді. Сондықтан мінезді түзету – жеке адамның ғана емес, бүкіл үмбеттің амандығы үшін атқарылатын ұлы міндет.
Үшінші: Хакім Абайдың мінез туралы хикметтері
Қазақ руханиятының темірқазығы болған Абай атамыздың бүкіл шығармашылығы – адамның ішкі болмысын түзетуге, яғни «Толық адам» деңгейіне жетуге бағытталған. Хакім Абай үшін мінез – адамның жай ғана іс-әрекеті емес, оның иманы мен адамгершілігінің тікелей өлшемі. Абай атамыз өзінің он сегізінші қара сөзінде: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ», – деп, адамдықтың ең биік сатысына мінезді қойған.
Хакім Абай тағы бір өлеңінде:
Кейбіреу тыңдар үйден шыққанынша,
Кейбіреу қояр көңіл ұққанынша,
Сөз мәнісін білерлік кейбіреу бар,
Абайлар әрбір сөзін өз халынша.
Шын көңілмен сүйсе екен, кімді сүйсе,
Бір сөзімен тұрса екен, жанса-күйсе.
Қырмызы, қызыл жібек бозбалалар,
Оңғақ бұлдай былғайды, бір дым тисе.
Керек іс бозбалаға – талаптылық,
Әртүрлі өнер, мінез, жақсы қылық.
Кейбір жігіт жүреді мақтан сөйлеп,
Сыртқа пысық келеді, көзге сынық, – деген.
Сондықтан Абайдың мінез туралы қағидаларын мынадай үш негізгі оймен түйіндеуге болады:
- «Бес асыл іс» – көркем мінездің негізі
Абай атамыз мұсылманның мінезін қалыптастыратын негізгі бес құндылықты атап өтеді. Олар: талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым. Мұндағы «рақым» (мейірімділік) мен «қанағат» – ислам әдебінің өзегі. Рақымы жоқ адам өзгеге зиян тигізуден қорықпайды, ал қанағаты жоқ адам нәпсінің құлына айналады. Абайдың бұл ұстанымы Мұхаммед әл-Ғазалидің нәпсіні тізгіндеу туралы ілімімен толық үндеседі.
- Көркем мінез – бекемділік
Абай «оңғақ бұл» (сәл су тисе оңып кететін арзан, тұрмысқа қажетті бұйым мата) сияқты тез бұзылатын, сәл қиындық немесе нәпсінің қалауы тисе, айнып қалатын құбылмалы мінезді қатты сынаған. Нағыз мұсылман – бір сөзімен тұратын, іші мен сырты бір, иманы мінезінен көрініп тұратын бекем тұлға. Ол «сыртқа пысық, көзге сынық» екіжүзділіктен арылып, жүрегі мен тілін бір арнаға тоғыстыруды насихаттаған.
- Болмасаң да ұқсап бақ
Көркем мінезді қалыптастырудың жолында Абай: «Адам болам десеңіз... болмасаң да ұқсап бақ», – деген ойды алға тартады. Бұл – жақсылардың ісін қайталау, солардың әдебіне еліктеу арқылы жақсы қасиеттерді бойға сіңіру әдісі. Яғни, адам ізгілікті әдетке айналдыру арқылы ғана өз мінезін өзгерте алады. Бұл – мұсылманның өз нәпсісімен күресіп, кемелдікке ұмтылуының басты жолы.
Төртінші: көркем мінезді қалыптастыру жолдары
Көркем мінез – адамға туа біткен қасиет емес, ол – саналы түрдегі еңбек пен тәрбиенің жемісі. Мінезді түзетудің кейбір жолдарына тоқталып өтейік:
- Нәпсімен күрес
Мінезді өзгерту үшін адам өз бойындағы жағымсыз қасиеттерге қарсы тұруы керек. Егер адам ашуланшақ болса – сабырлылыққа, сараң болса – жомарттыққа өзін тәрбиелеуі тиіс. Аталмыш асыл қасиеттер уақыт өте келе адамның әдетіне айналары анық. «Болмасаң да ұқсап бақ» деген Хакім Абай атамыздың сөзі осыған саяды.
- Ізгі орта
Абай атамыз айтқандай, «Сөз мәнісін білерлік» жандардың қасында болу. Жақсы орта адамға жақсы мінез қалыптастырады.
- Дұға
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
اللَّهُمَّ كَمَا حَسَّنْتَ خَلْقِي فَحَسِّنْ خُلُقِي
«Алла Тағалам! Жаратылысымды көркем еткеніңдей, мінезімді де көркем ете гөр», – деп сұрайтын (имам Табарани).
Рухани кемелдік – Алланың берген нығметі, сондықтан оны үнемі дұғада сұрау қажет.
Бесінші: Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мінезі жайында
Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көркем мінезі жайында айту, әлбетте оны бір сөзбен жеткізу мүмкін емес. Өйткені Алла Тағала ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мінезін қасиетті Құранда мадақтаған.
Жағфар ибн Әбу Талибтің (Алла оған разы болсын) Нәжәши патшаның алдында айтқан сөзі – тарихтағы ислам діні атынан айтылған, қараңғылықтан нұрға шыққан адамзаттың асқақ үні ретінде қалған десек артық айтпаспыз.
Хабаш елінің патшасы Нәжәши: «Сендерді өз қауымдарыңнан шығарып, менің де, өзгелердің де дініне кіргізбеген бұл қандай дін?» – деп сұрағанда, Жағфар (Алла оған разы болсын) былай деп жауап берді:
«Уа, патша! Біз надандық түнегіндегі (жәһилия) қауым едік. Пұттарға табынатынбыз, өлексе жейтінбіз, арсыздықтарға баратынбыз, ағайынмен араны үзіп, көршіге жамандық жасайтынбыз. Арамыздағы күштілер әлсіздерді талап жейтін заман еді. Біз осындай азғындықтың батпағында жатқанымызда, Алла Тағала бізге өз арамыздан бір Елші жіберді. Біз Оның текті жерден шыққанын, шыншылдығын, аманатқа адалдығын және ар-намысының тазалығын (ешбір арсыздыққа жоламағанын) өте жақсы білетінбіз. Ол бізді Алланы біру деп тануға, тек Оған ғана құлшылық етуге, әкелеріміз бен өзіміз табынып келген тастар мен пұттардан бас тартуға шақырды. Ол бізге шындықты айтуды, аманатқа берік болуды, ағайынмен бауырластықты нығайтуды, көршімен тату тұруды және жазықсыз қан төгуден тыйылуды бұйырды. Сонымен қатар бізге арсыз істерді жасауға, жалған сөйлеуге, жетімнің малын жеуге және ақ некелі әйелдерге жала жабуға тыйым салды. Жалғыз Аллаға ешбір серік қоспай құлшылық етуді бұйырып, намаз оқуды, зекет беруді және ораза ұстауды міндеттеді», – деп ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасиетті дін әкелгенін және оның парасаттылығы мен кішіпейілдігін баяндаған еді.
Қади Ыяд (Алла оны рақымына алсын) өзінің «Шифа би тағрифи хуқуқи әл-Мустафа» (Мұстафаның қадір-қасиетін білу арқылы келетін шипа) атты еңбегінде: «Шариғат адамның бойындағы жақсы қасиеттерді көкке көтеріп мақтайды, оларды ұстануды бұйырады және бұл жолда жүргендерге екі дүниенің мәңгілік бақытын уәде етеді. Тіпті, мұндай мінездің кейбір қырларын «пайғамбарлықтың бір бөлшегі» деп атайды. Жаратылыс атаулының ең кемел сипаттары біздің ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бойынан ең жоғарғы деңгейде табылған еді», – деген.
Қисса
Бірде табиғин Сағд ибн Хишам дүниелік істерден біржола қол үзіп, бар өмірін жорықтар мен құлшылыққа арнағысы келеді. Ол Мәдинадағы үй-жайын сатып, Алла жолында аттанбақ болады. Алайда, оған сахабалар келіп:
– Арамыздан алты адам дәл сендей ниет еткенде, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оларды бұл істен тыйып: «Сендер үшін Алланың Елшісінде көркем үлгі бар емес пе? – деп ескерткен еді», – дейді.
Сағд бұл сөзден соң Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) нағыз сүннеті мен болмысын білуге асығады. Ол ғылым теңізі ибн Аббасқа (Алла оған разы болсын) барып, Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құлшылығы туралы сұрайды. Сонда ибн Аббас:
- Саған бұл туралы ең білгір жанды нұсқайын, ол – Айша анамыз. Соған бар – дейді.
Сағд ибн Хишам Айша анамыздың үйіне келіп, сәлем беріп, өзін таныстырады. Анамыз Сағдтың Ухуд шайқасында шейіт болған ержүрек Амирдің ұлы екенін біліп, оған деген құрметі арта түседі. Сонда Сағд ішіндегі ең басты сауалын қояды:
- Уа, мүміндердің анасы! Маған Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мінез-құлқы туралы айтып беріңізші, – дейді.
Айша анамыз (Алла оған разы болсын) оған байсалдылықпен қарап:
أَلَستَ تَقرَأُ القُرآنَ؟ قُلتُ : بَلَى . قَالَت : فَإِنَّ خُلُقَ نَبِيِّ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيهِ وَسَلَّمَ كَانَ القُرآنَ
«Сендер Құранды оқымайсыңдар ма? Ол: «Әрине, оқимын» деп жауап береді. Сонда Айша анамыз: Оның мінез-құлқы – Құран еді ғой», – дейді.
Осылайша Айша анамыз (Алла оған разы болсын) бүкіл үмметтің есінен
кетпейтін, тарихтың алтын парақтарына жазылған ұлы сөзді айтады.
Осы бір ауыз сөзбен анамыз Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бүкіл болмысын сипаттап берді. Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Құран неге бұйырса, соны істейтін, Құран неден тыйса, содан алыс болатын. Себебі ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Құранның тірі бейнесі еді.
Сағд сонымен қатар Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түнгі құлшылығы туралы да сұрайды.
Сонда Айша анамыз:
- Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бен оның сахабалары түнде намаз оқығанда, аяқтары ісіп кеткенше тұратын. Ол бір істі бастаса, оны үзбей, тұрақты атқаратын. Тіпті түнде ұйқы немесе ауру жеңіп, нәпіл намазы қалып қойса, Ол оның орнын күндізгі уақытта намаз оқумен толтыратын, – деп, Расулалланың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құлшылықтағы жанкештілігі мен тиянақтылығын баяндап береді.
Құрметті жамағат!
Көркем мінез – бұл пенденің Жаратушыға деген шексіз махаббатының іс-жүзіндегі дәлелі. Егер жүректе Аллаға деген шынайы қорқыныш пен сүйіспеншілік болса, ол адамның тілінен – жылулық, қолынан – береке, ал жүзінен – нұр болып төгіледі. Иман – асыл қазына болса, мінез – сол қазынаның айналаға шашқан шуағы. Шуағы жоқ күннің жылуы болмайтыны секілді, көркем әдебі жоқ мұсылманның да айналасына шапағаты тимейді.
Алла Тағала бәрімізді сыртымызға қарап сүйсінетін емес, ішкі әлемімізге қарап мейіріміне бөлейтін шынайы құлдарынан болуды жазсын. Бойымыздағы мұсылмандық сипатты ақыретке дейін кірлетпей, Қиямет күні көркем мінезбен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасынан табылуымызды нәсіп етсін.