Дәрістер топтамасы
Құрметті көрермендер, жамағат, бауырлар. Аллах Тағала баршамыздың Қасиетті Рамазан айындағы ұстаған оразаларымызды қабыл етсін. Әрбір ұстаған оразамызға сауаптан жазсың, соңына дейін ұстап шығуға күш-қуат нәсіп етсін, Аллах Тағала бізге сабыр нәсіп етсін.
Бүгінгі айтылатын уағызымыздың тақырыбы – «Оразаның хикметтері».
Аллах Тағала біздердің жасаған әрбір құлшылығымыздың соңында бір хикмет жасырған. Сол хикметтерді табу, жету – біздің асыли міндетіміз. Кез-келген құлшылықтың астында бір хикметтер жатады, егер ол максатқа жете алмасақ, онда ол құлшылығымыз өз деңгейінде атқарылмаған болып есептеледі екен. Сол секілді, мына Қасиетті Рамазан айында 30 күн бойы ораза ұстаудың да өзінің бір үлкен хикметтері бар. Сол хикметтердің негізгілеріне тоқталып өтейік. Әрине, ең бірінші және үлкен хикметі – әрбір жасалған құлшылық, ғибадат - адамды тақуалыққа алып келуі керек. Бірінші көзделетін мақсат осы. Өйткені, Рамазан айының оразасы жайлы аяттың өзің Аллах Тағала былай аяқтайды:
«Бәлкім сендер тақуалық етерсіңдер, Алладан қорқатын боларсыңдар».
Барлық құлшылықтағы нөмірі бірінші хикмет – Аллаға деген тақуалық. Мысалы, намаз құлшылығы жайлы Аллах Тағала:
«Расында намаз арсыздықтан, жамандықтан тыяды», дейді Аллах Тағала.
Бұл да бір намаздың хикметі. Егер сіз ол нәрседен тыйылмасаңыз, күнә намазда емес, өзімізде. Демек, оқып жатқан намазымыздың белгілі бір жерлерінде біз қателік жібереміз, сол себепті намаз бізді арсыздықтан, жаманшылықтан тыймауы мүмкін. Сондықтан, әрбір құлшылық, нәтижесінде тақуалыққа апаруы керек және белгілі бір деңгейде тәрбиелеуі де керек екен.
Енді, оразаның да бірінші мақсаты – тақуалыққа жетелеу. Яғни, Рамазан айында ораза ұстап болғаннан кейін сіздің жүрегіңізде Аллаға деген тақуалық ескі күнмен салыстырғанда біраз арту керек.
Тақуалық деген не? Қысқаша айтатын болсақ, Хазрет Омардың басынан өткен оқиғаны баяндасақ болады. «Тақуалық дегеніміз – тікенді жолмен жүргенге ұқсайды». Тікені бар жерде жалаң аяқ жүрсеңіз, сіз қалай жүресіз? Әрбір басқан қадамыңызды есептеп басасыз. Тақуалық та осындай нәрсе екен. Әрбір жүрген жүрісіңізге есеп беріп отырасыз деген сөз.
Сондықтан, Рамазанның ең бірінші хикметі – адамды тақуалыққа, Алланың бұйрықтарын орындауға жігері пайда болып, тыйған нәрселерінен барынша тыйылуға күш-қуат беру керек. Екінші бір үлкен хикметі басқа да құлшылықтарға байланысты нәрсе.
«Барлық амалдар ниетке байланысты».
Біле білсек, ниет – оразаның өте үлкен хикметі. Қай жағынан бұл хикмет? Басқа, ораза емес күндерді мысалға алсақ. Сіз, таңертен тұрғанда, «Қазір мен түскі уақытта, сағат 12 мен 1-дің арасында түскі асымды ішемін», деп ниет қыласыз. Одан кейін, түскі уақытқа барған кезде, асқазан қоңырау шалады «Уақыт болды, тамақ жеу керек», деп.
Бірақ, ораза кезде біз ол нәрсені байқамай, кешке дейін тамақ, су іздемей жүре береміз. Бұл жердегі ниеттің маңыздылығынан. Таңертен, сәресіне тұрған кезде, сіз «Алла Разылығы үшін таңертеннен кешке дейін нәр татпаймын», деп ниет еткен уақытта, шынымен сол сіздің ниетіңіз, сізді кешке дейін солай жүруіңізге жол ашады. Былайша айтқанда, ниеттің үлкен күші бар. Ниет - бізді кешке дейін нәр татпасақ та, ешбір қиналмай кешке дейін жүруімізге септігін тигізетін нәрсе. Сондықтан, ниет деген нәрсе – ораза айындағы үлкен хикметтердің бірі.
Енді, осындай ниетімізді біз дұрыстайтын болсақ, кез-келген құлшылықыта ниет бізді алып шығады. Мысалы, сіз сапарға шыққалы тұрсыз. Сапарда намаз оқу, басқа уақытта намаз оқуға қарағанда біраз қиындау. Сол сапарға шығып бара жатып, сіз ниет қылсаңыз «Құдай қаласа, осы сапарда, қолымнан келгенше ешқандай намазымды қаза етпеймін. Барлық намазды уақытымен өтеймін», деп өз ниетіңізге өзіңіз сенімді болсаңыз, сол ниетіңіз қандай жағдай болмасың сізді намаз оқуға итермелеп, уақыт болсын, орын болсын сіз үшін табыла кетеді.
Намаз оқу мәселесінде біз көбінесе шағымдана аламыз. «Намаз оқу үшін орын керек, киім керек, дәрет алатын су керек», деген секілді нәрселерді айтамыз. Бірақ, бұның бәрі, біздің ниетіміздің дұрыс болмауынан. «Мүмкін, бір қиындықтар болып қалып жатқан жағдайда, намазым қаза болар», деп 50 де 50 ниет қыламыз. Ниет 50 де 50 болғаннан кейін, амал да, сол уақыты келген кезде 50 де 50 болады. Қалай ораза уақыты келген кезде сіз ниет қылып, ниет сізді кешке дейін аш жүруден сақтаса, сол секілді, кез-келген құлшылықта, ниет – адамды белгілі бір жетістікке жеткізеді.
Мысалы, қажылыққа баратын адам ниеті дұрыс болып жолға шықса, Ин шаа Аллах ол бүкіл амалдарды жасайды. Оған бір қиындықтар болған күннің өзінде, ол қиындықтар ниеттің күшімен жеңіледі. Сөйтіп, кез-келген жерден, Аллах Тағаланың қалауымен, ол қиындықтардан шығып кетеді. Оразада үйренетін нәрсеміз – ниет мәселесі.
Ораза кезінде тағы бір үйренетін үлкен бір мәселеміз – сабыр. Байқап қарасаңыз, сабыр деген – ол үлкен күш. Қазіргі таңда, амдамдар бір-бірімен ерегесіп, ұрсысып кетуге дайын тұрады. Барлығымыз да бір стресстеміз. Мысалы, көшеде екі көлік бір-бірімен түйісіп қалса, бір-біріне жол бермей, ақыр аяғында бір-бірімен тіресіп, зиян келтіріп жатқан жағдайлары да бар. Ал бар мәселе – бір ғана жолды бөлісе алмау. Көшеге шықсаңыз, күлімсіреп жүрген бір адамды кездестіру, өте сирек кездесетін нәрсе.
Стресс деген нәрсе – сабырдың жоқтығынан шыққан. Нәпсімізге тиетін нәрсе болатын болса, бірден атылып шығуымыздың себебі, бізде сабырдың болмауынан. Рамазан айы бізге сабыр етуді үйретеді. Пайғамбарымыз ﷺ айтады:
«Ораза ұстап жүрген адам, біреумен сөзге келіп қалатын болса, «Мен оразамын» деп екі рет айтсын», дейді.
Ғұламаларымыздың айтуы бойынша, бұл жерде екі мәселе бар. Іштен айтуға да, сырттан айтуға да болады. Ішінен айтқан кезде, ол өз-өзіне айтып, өзің сабырға шақырады. Ал егер дауыстап айтатын болса, біріншіден өзіңе ескерту, екіншіден қарсы тарапқа да ескерту болмақ, «Қазір ораза айы, ондай нәрсе жасауға болмайды», деген секілді.
Енді, ораза кезінде кешке дейін аш жүру – бізді сабырлыққа үйретеді. Өйткені, сіздің ішіп-жейтін бүкіл мүмкіндігіңіз бола тұра, сіз өзіңізді тыйып жатырсыз. Сізге сабырлы болуды үйрететін ай, стресстен құтылдыратын ай.
Енді, тағы бір үлкен хикметтердің бірі – оразаның бір ай болуында. Неге 1 күн болмайды, 10 күн, 20 күн немесе 40 күн болмайды? Неге бір-ақ ай? Ғұламаларымыздың айтынша, оның себебі, бір ай – адамға аш жүруге өте қолайлы уақыт. Егер адам аш жүруін бір айдан асырып кететін болса, адам баласы біраз жүдеп кететін болады. Екінші бір жағы, ораза – тек қана ішіп-жеуден ғана тыйылу емес. Егер тек сол ғана болатын болса, онда біз оразаның мәнін түсінбеген боламыз. Оразаның тағы бір хикметі – басқа да нәрселерден тыйылу. Пайғамбарымыз ﷺ айтады:
«Ораза – қалқан. Бірақ, ол қалқанның бізді құтқармайтын да кездері болады екен. Яғни қалқанды тесетін нәрселер бар. Ол – өтірік пен ғайбат».
Сол үшін, өтірік, ғайбат деген нәрселерден тыйылу, құлаққа, ауызға ораза ұстату алдыңғы үмметтерде болған. Демек, сөз мәселесіне де, жалпы барлық ағза мүшелерімізге ораза ұстатуымыз керек. Енді, осыны лайықты түрде бір ай бойы жалғастыратын болсақ, бір ай уақыт адам баласына сол жақсы нәрселерді үйретуге жететін уақыт екен. Егер, 10-15, 20 күн ораза болатын болса, ол нәрселер адамға сіңбейді. Әдет деген нәрсеге ғалымдар анықтама берген кезде, «бір нәрсені жасай беру», деп айтқан екен. Яғни, бір нәрсені жиі-жиі жасай беретін болсаң, ол сенің әдетіне айналады. Сол секілді, бір жақсы нәрселерді өзімізге әдет ету үшін, ол нәрселерді жасай беруіміз керек. Бір ай ішінде сол жақсы нәрселерді жасай беретін болсақ, Ин шаа Аллах, ол бізге әдет болып қалыптасады екен. Сол үшін, оразаның бір ай болуының хикметі осы жерде жатыр екен. Әрине, айта берсек, оразаның хикметтері өте көп.
Аллах Тағала, бүгінгі айтқан хикметтерімізге амал етуді нәсіп етсін, Рамазан айында аман-есен ораза ұстап, ораза айы біткен уақытта, үлкен бір хикметтерге, Алланың қойған негізгі бір мақсаттарына жететін құлдарынан болуды Аллах баршамызға нәсіп етсін.