Мақалалар

Пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүт анасы – Барака Умму Әйман

| A | +
Ардақты пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүт анасы мен бағушысы болған Барака Умму Әйман, ол кісіге Алла разы болсын, Алла елшісінің (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын), туылған күнінен бастап, соңғы күніне дейін қасында болған жалғыз сахабасы. Алла елшісінің (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын), ата-аналары Әмина мен Абдулланың отбасына бүлдіршін қыз жасында күң болып түсіп, өмірінің соңына дейін Алла елшісі мен (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Ислам дінінің адал қызметінде болды.  
 
Құлдар мен күңдер саудаға салынып жатқан Меккедегі базарда тұтқынға түскен небір ұлдар мен қыздар, араб және басқа да ұлттардың адамдары бар еді.  Осылардың арасында сатуға шығарылған Эфиопиялық күң де бар. Мұнда сатылғандар қатігез қожайынның немесе қайырымсыз ханымның қолына түсіп қалған жағдайда, небір зорлық-зомбылықтарды бастарынан кешулеріне тура келеді. Іштерінде кейбірінің асығы алшысынан түсіп, қайырымды, жүрегі жұмсақ қожайындарға тап келіп қалады. Осы жолы болғандардың арасында эфиопиялық жас күң Барака да бар болатын. Ол Әбдүл Мүтәліптің сүйікті ұлы, жаны жайсаң, көңілі жомарт Абдуллаһтың үйіне күңдік қызметін атқаруға келеді. Қожайыны Абдуллаһ Ухбаның қызы Әминаға үйленген кезде Барака жаңа түскен келінге жәрдеп беріп, қызметіне зыр жүгірді.
 
Бараканың айтуы бойынша, жас жұбайлар отау тіккенге екі апта өткен соң, Абдуллаһтың әкесі ұлына Шамға баратын керуенмен бірге сапарға шығуын бұйырды. Жаңа ғана шақырақ көтере салып, бөлек тұруға кейіс білдірген Әмина: «Әттең-ай, бұл жағдай қандай ауыр әрі қайғылы еді! Күйеуім мені тастап Шамға қалай кетпек?! Тіпті, неке салтында қолыма жағылған қынаның ізі де әлі кетіп үлгерген жоқ қой»,- деп зар еңіреді.  
 
Сапарға шығатын сәт таяған кезде Абдуллаһқа жарымен айырылысу оңайға соқпады. Көңілі алабұртып, жүрегін мұң басқан Әмина есінен танып қалды. Бұл сәтті Барака былай деп әңгімелейді: «Қожамыз сапарға аттанып кеткеннен кейін Әминаның есінен танып жатқанын көріп қорыққанымнан: «Әмина Ханым!» деп айқайлап жібердім. Ол кісі көздерін жайлап ашып маған қараған кезде, бетін жас жуып жатқанын байқадым. Ол өксігін әзер басты да: «Мені төсекке апаршы, Барака» деу мұң екен, мен ол кісіні сүйемелдеп төсегіне апарып жатқыздым. Барака әңгімесін одан әрі жалғастырып: «Әмина ханым ешкімге тіл қатпай, төсек тартып ұзақ жатып қалды. Ол кісіні зиярат етіп келгендерден атасы Әбділмүтәліптен басқа ешкімге мойын бұрып, көз қырын да салмады. Қожайынымыз Абддула сапарға кеткеніне екі ай өткеннен кейін Әмина ханым мені таңертеңгі уақытта жанына шақырып алды. Жүзі қуаныштан бал-бұл жанып, жатырап тұр. Менің келуім сол еді маған күлімдеген көздерінен от шаша қарап:
 
«Білесің бе, Барака! Мен бүгін түнде қызық түс көрдім»,- деді. Мен ол кісінің қуанғанына ішім жылып: «Жақсы нәрсе болар, ханым!»,- дедім. Ол кісі сөзін жалғастырып: «Әрине, менің ішімнен жап-жарық бір от шығыпты да, төбелер мен белестерді және Мекке алқабын кереметтей нұрға бөлепті деймін», - деп ағынан жарылды. Мен ол кісінің сөзін соңына дейін тыңдап болып: «Бойыңызда жүктіліктің белгілерін байқаған жоқсыз ба, ханым?»,- деп сұрадым. Ол кісі: «Иә, Барака, мен әдеттегі жағдайлардан бөлек бір сезімдерді басымнан кешіп жатқандаймын. Алайда, жүкті болған басқа әйелдер сынды ешқандай ауырлық немесе жайсыздық сезініп тұрғаным жоқ», - деп жауап қатты. «Бұл сіздің Алланың мейіріміне бөленген, әлемге мол шарапаты тиетін, ерекше перзентті дүниеге әкелетіндігіңіздің белгісі ғой», - деп көңілін одан сайын көтеруге тырыстым.
 
Адбуллаһ сапарда жүргенде, Әмина тұңғиық ойдың ішінде, ауыр мұңнан арыла алмай жүрді. Қызметшісі Барака оның үнемі қасынан табылып, жаны жабырқаса жұбатып, небір тарихи әңгімелерді баяндап көңілін аулауға тырысатын. Бірде Әбдімүтәліп келіп Мекке халқымен бірге үйді қалдырып, тауды паналауы керек екендігін, себебі, Иемен басшысы Әбраха қалаға шабуыл жасамақшы болып келе жатқандығын айтқан кезде Әминаның еңсесі мүлде түсіп кетеді.  Әмина тауға баруға дәрмені жоқтығын айтады. Қасиетті Қағбаны Алла Тағаланың Өзі қорғайтындығын білді де, Әбраха әскерлерінің Меккеге баса-көктеп кіре алмайтындығына, Қағбаға титтей де зарар бере алмайтындығына сенімді болды. Әбдімүтәліп қанша қобалжып, халқының жай-күйін ойлап абыржып тұрса да, Әминаның жүзінде ешқандай үрейдің ізі де көрінбеді. Әминаның сенімі алдамады, Әбраха әскерлерінің алдындағы пілді жасақ Меккеге кірер-кірмес ғаламат оқиғамен көз алдыларында опат болды.
 
Барака күндіз-түні Әминаның жанынан бір елі ажырамады. Ол бір сөзінде: «Мен жерге дәл Әминаның төсегінің қасында жатыр едім, кенет ол кісінің әлденелерді айтып, күйеуін сағынып іздеп жатқанын естідім. Қатты ұйқыға кеткен екенмін, Әмина ханымның ыңырсыған даусынан оянып кеттім де, ол кісіні жұбатып, сабырлылыққа шақырдым»,- дейді.  
 
Шамға кеткен керуеннің алғашқы легі Меккеге келіп жеткенде, алдыларынан жүгіре шыққан туыстары мен достарының қуаныштарында шек болмады. Қызметші Барака Әбдімүтәліптің үйіне Абдуллаһтың хабарын білейін деп, ешкімге білдірмей келгенімен, Абуллаһтан ешбір хабар-ошар болмайды. Ол Әминаның қасына келген кезде оның көңіліне дақ салмайын деп, көрген-білгенін ішіне бүгіп қалады. Ақырында көптен күткен керуеннің адамдарының барлығы толық келіп, тек араларында Абдуллаһ жоқ болып шығады. Біраз уақыттан кейін Барака Әбдімүтәліптің үйіне арнайы хабар алуға барған кезде, Абдуллаһтың қаза болғаны жайлы Мәдинадан хабар жетіп үлгерген екен. Бұл сәтті баяндай келе Барака: «Мен мұны естіген кезде өз-өзімді ұстай алмай айқайлап жібердім. Артынша Құрайыш руының бетке ұстарларының бірі болған асыл азаматтың енді Әминаға қайтып келмейтіндігін айтып, зар еңіріеп жүгіріп кеткенімді білем, ары қарай ешнәрсе есімде жоқ», - дейді.
 
Әмина бұл суық хабарды естіген кезде есінен танып қалды. Жайсыз хабар жай отындай жайпап өтті. Арғы-бергі өмірдің арасында жатқан Әминаның қасынан бір сәт ажырамады. Ол кезде онсыз да үйде ешкім жоқ еді. Мен оған уақытылы тамақтарын беріп, мына жалғанды жарық нұрға бөлейтін нұрлы перзенті Мұхаммедті (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дүниеге әкелгенше асты-үстіне түсіп тынбай күтумен болдым», - дейді.
 
Хазіреті Мұхаммед (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дүниеге шыр етіп келген кезде ең алғаш қолына алған Барака еді. Біраз уақыт өткеннен кейін атасы Әбдімүтәліп келіп, жаңа туылған немересін өз қолымен көтеріп Қағбаға алып барды да, Меккенің халқымен нәрестенің дүниеге келгенін атап өтті. Барака Әминаның жанында қызымет етіп қалды. Сәби Мұхаммедттің туылғанына бірнеше уақыт өткеннен кейін, шөл даланың таза ауасында тәні шымыр болып, дала халқының тәрбиесін көруі үшін сүт анасы Халимаға тапсырды. Аттай бес жыл өтті. Бала Мұхаммедті Меккеге қайта алып келген кезде, сағынышпен күтіп жүрген анасы Әмина айналып-толғанып, сүп-сүйкімді Мұхаммедке төніп түсті. Ал, қызыметші Барака болса өзі айтқандай нұрға толы баланы құшақ жая қарсы алып, нұрлы жүзіне тоймай қараумен болды.
 
Мұхаммед (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) алты жасқа толғанда анасы Әмина Абдуллаһтың Мәдинадағы қабірін зиярат етпек болады. Барака мен Әбдімүтәліп оны бұл сапарға шығудан бас тартқызып, екі жақтап айнытпақ болып еді, Әмина алған бетінен қайтпады. Бұл сапарына ерекше дайындық жасады да, Әмина, Барака және Мұхаммед үшеуі үлкен түйенің үстіне орнатылған күймеге отырып Шамға бара жатқан керуенге қосылды. Сезімтал баланы мазасыздандырмайын деген Әмина Мұхаммедке әкесінің қабіріне бара жатқанын айтпады.
 
Осы сәтті шыдамсыздана күтіп жүргендей керуенде жүрісін жылдамдата түсті. Барака жол бойы Әмина мен сүп-сүйкімді ұлына қамқор болуға тырысты. Бала жолда көбіне Бараканың мойнынан құшақтап алып ұйықтаумен болды.
 
Бұлар осы керуенмен Мәдинаға дейін он күн жүрді. Анасы Әмина қабіді зиярат етуге кеткен кезде бала Мұхаммед нағашы ағасының жанында қалды. Мұхаммедтің (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  нағашылары бәну Нажар руының айтулы азаматтары болатын. Әмина күн сайын қабір басында қайғыға батып отыруды шығарды. Оның бұл жағдайы бірнеше аптаға дейін созылды.
 
Меккеге қайтар жолда Әмина безгек ауруына шалдығады да, Әл-Әбуә дейтін жерге жеткенде жағдайы мүлде нашарлап кетеді. Түнге қарай ыстығы көтеріліп, басы солқылдап жатқан ол талмаусыраған дауыспен Бараканы шақырады.
 
Бұл жайтты Барака былай деп әңгімелейді: «Әмина ханым сыбырлаған, әлсіз даусымен менің құлағыма былай деді: «Уа, Барака, мен мына дүниеден озып барамын. Жалғыз ұлым Мұхаммедті сенің қамқорлығыңа қалдырамын. Балапаным құрсағымда жатқанда әкесінен айырылды, енді міне, анасымен де қош айтысатын уақыт таяп қалды. Сенен өтінерім сол – жалғыз ұлым Мұхаммедке анасындай болшы, Барака! Қандай жағдай болса да оны ешуақытта тастамашы!»,-деп жан тебірентер сөздерін бірінен соң бірін айтып жатты. Жүрегімді мұң басып, көңілімді қайғы бұлты торлап еңіреп жылай бастадым. Менің жылаған даусымды естіген бала Мұхаммед те бір жамандықтың болатынын сезгендей ентіге жылап анасының құшағына құлап, мойнынан қапсыра құшақтап алды. Ұлының тәтті иісін соңғы рет бір иіскегендей болған Әмина әлсіз ғана дыбыс шығарды да мәңгілікке көз жұмды».
 
Баракаға ханымы Әминаның қазасы оңайға соқпады. Ол Әминаны жоқтап ұзақ жылады. Ақыры өз қолымен жер қазып, сүйікті ханымы Әминаны жер қойнына тапсырды. Жетімсіреп қалған баланы қолынан жетектеген Барака Меккеге келді де, баланы атасының қолына тапсырды. Өзі де сол үйде қалып, баланы бағып-қағу міндетін мойнына алды. Осы оқиғадан соң екі жыл өткенде Әбдімүтәліп дүниеден озды. Қызметші Барака нұр жүзді баланы алып, Әбу Тәліптің үйіне барады. Міне осы уақыттан соң хазіреті Мұхаммед (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ер жетіп, Хадиша анамызға (ол кісіге Алла разы болсын) үйленгенше өзі қамқор болып қасында қалды.
 
Хазіреті Мұхаммед (ол кісіге Алланың игілі мен сәлемі болсын) пен Хадиша анамыздың (ол кісіге Алла разы болсын) тойынан соң Барака жас жұбайлардың үйінде қалады. Ол өзінің Әминаға берген уәдесін еске алып: «Мен Мұхаммедті ешқашан тастамадым, ол да мені ешқашан қалдырмады",- дейді. Бірде Мұхаммед (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Баракаға: «Анашым, мен үйленіп отбасылы болдым, ал сен болсаң әлі тұрмысқа шықпадың. Егер біреу келіп тұрмысқа шығуыңызға ұсыныс жасаса не айтасыз?», - дейді. Сонда Барака: «Мен сені ешқашан тастап кетпеймін. Анасы баласынан бас тартып, тастап кетуші ме еді?», - дегенде, хазіреті Мұхаммед (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) күлімсіреп оның басынан сүйеді де сүйікті жары Хадишаға қарап:
 
«Барака – туған анамнан кейінгі анам. Ол кісі – отбасымыздың шаттығы».
 
Сонда Хадиша анамыз (ол кісіге Алла разы болсын) Баракаға былай деді: «Барака, сен  жастығыңды Мұхаммед үшін құрбан еттің. Енді ол сенің алдыңдағы міндетін орындағысы келеді. Қартаймай тұрып, біздердің көңіліміз үшін тұрмысқа шығуға келісіміңді бер?! - дейді. Мұндай ұснысты күтпеген Барака: «Ой-бу, Бикем-ау, кімге тұрмысқа шығамын?», - деп абыржып қалды. Сонда Хадиша анамыз: «Мәдинадан хазраж руының өкілі Убайд ибн Зәйд келді. Ол бізге сенімен үйленгісі келетіндігін білдіріп, ұсыныс айтып келіп отыр екен. Үлкен өтінішпен сұраймыз, бас тарта көрме?!», - дейді.  Ақыры Барака келісімін береді де, Убайд ибн Зәйдке тұрмысқа шығып, Мәдинаға аттанады. Мәдинада тұрақтап қалған Барака бір ұл тауып, атын Әйман деп қояды. Сол кезден бастап халық Бараканы Үммү Әйман деп атайтын болды.
 
Өкінішке орай, Бараканың отбасылық өмірі ұзаққа созылмады. Арадан аздаған уақыттар өткеннен кейін күйеуі қайтыс болып, ол ұлын қолынан жетектеп Меккеге, Мұхаммед пен Хадишаның үйіне қайта келеді. Ол кезде олармен бірге Әли ибн Әбу Тәліп, Хадиша анамыздың бірінші күйеуінен туылған қыз – Хинд және Зәйд ибн Харис тұрып жатқан болатын.
 
Зәйд арабтардың ішіндегі Қалб руынан. Бала күнінде тұтқынға түсіп, Меккедегі құл базарында саудаға салынып жатқанда хазіреті Хадишаның жиені сатып алып, әпкесіне сыйға тартқан болатын. Зәйд хазіреті Мұхаммедке (ол кісіге Алланың игіліг мен сәлемі болсын) қатты бауыр басып қалады да, өзін сол кісінің қызметіне жан-тәнімен арнайды. Тіпті олардың қарым-қатынасы әке мен баланың арасындағы қарым-қатынастан кем болған жоқ. Бір күні Зәйдтің әкесі Меккеге ұлын іздеп келеді. Сонда хазіреті Мұхаммед (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Зәйдке әкесімен бірге қайтуды немесе өзімен бірге қалуды өзінің таңдауына береді. Аз-кем ойланған соң Зәйд әкесіне:
 
«Мен бұл кісіні ешқашан тастамаймын. Ол маған әкемдей қарады. Ол кісінің қасында жүргенде ешқашан өзімді оның құлы деп сезінбедім. Ол кісі маған жақсы қарады. Ол әрдайым маған мейіріммен, махаббатпен қарады. Ол мен үшін әлемдегі ең ізгі адам. Мен қалайша осындай абзал адамды тастап, сенімен кете беремін? Мен ол кісінің қасынан бір елі ажырамаймын»,- дейді.
 
Осы оқиғадан кейін Мұхаммед (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Зәйдтің басына бостандық беріп, өз баласындай етіп асырап алады. Хазіреті Мұхаммедке (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарлық міндет жүктелген кезде Барака мен Зәйд ең алғаш болып иман еткендердің қатарынан табылды. Пайғамбарлықтың алғашқы күнінен бастап, иман келтірген алғашқы мұсылмандармен бірге Құрайыштық мүшіріктер көрсеткен зорлық-зомбылықтарына шыдап бақты.  
 
Барака мен Зәйд пайғамбарымызға (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) елшілік міндетін атқару жолында көп жәрдем берді. Олар мүшіріктердің құрған айлалары мен тұзақтарының қашан, қай жерде болайын деп жатқандығанан астыртын мәлімет жинап, мұсылмандарды сақтандырып отырды. Бұл олардың Құрайыш мүшіріктерінің аяусыз жазаларына жасқанбай бас көтергендіктерін байқаса керек.
 
Бір күні түнде мүшіріктер әл-Әрқамның (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйіне баратын жолды бөгеп, ешкім өте алмастай етіп жауып тастайды. Бұл үйде саңлақ сахабалар жаңа түсіп жатқан Ислам дінін пайғамбарымыздан (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйрену үшін үнемі жиналатын. Барака хазіреті Хадиша анамыздан (ол кісіге Алла разы болсын) тезірек пайғамбарымызды (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл нәрседен хабардар ету керек екендігін айтады. Барака тәуекелге бел буып Әрқамның үйіне жолдарын тауып баруға тырысады. Әупірімдеп жатып, үйге жеткен ол пайғамбарымызға (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хабарды жеткізген кезде ол кісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) күлімдеп:
 
«Алла Тағала жарылқасын, уа, Үммі Әйман. Сенің Жәннатта орның бар екендігі даусыз»,-деді. Үммі Әйман кеткен соң ардақты пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларына қарап: «Кімде-кім Жәннаттық әйелге үйленгісі келсе, Үммі Әйманға үйленсін», - деді.
 
Сахабалардың барлығы дерлік үнсіз қалады. Себебі, Үммі Әйманның ол кезде ажары тайып, тартымдылығы да қалмаған-ды. Жасы елуге таяп қалса да өте нәзік, әлжуаз болып көрінетін. Аздаған үнсіздіктен соң Зәйд ибн Харис суырылып шығып:
 
«Уа, Алланың елшісі, Үммі Әйманға мен үйленемін. Алламен ант етейін, ол сұлулық пен көріктілікті бойына жиған әйелдерден әлдеқайда артық», - деді.
 
Зәйд пен Үммі Әйман отау құрып, Усама атты ұлды дүниеге алып келеді. Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Усаманы өзінің туған ұлындай жақсы көрді. Усаманы жиі-жиі ойнатып, мейірлене иіскеп-сүйіп, тіпті өзінің мүбарак қолдарымен аузына тамақ салатын. Сахабалардың барлығы: «Бұл баланы Алла Тағаланың Өзі жақсы көреді»,-дейтін. Усама ерте жасынан Исламға ерекше ықылас бөлды. Ер жетіп, есі кірген кезде пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оған үлкен міндеттер жүктейді.
 
Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға көшкен кезде Үммі Әйманды өзінің шаруаларын аяқтап алуы үшін Меккеде қалдырады. Ақырында Үммі Әйман Мәдинаға өз күшімен қоныс аударады. Шөл даладағы ұзақ әрі қиын жолды ілбіп, жаяу жүре отырып жетеді. Аптап ыстық пен құмды дауылдар оның сапарының машақатын ауырлата түссе де, пайғамбарымызға деген сағынышы мен махаббаты бұл қиындықтарға қаратпай жетелей берді. Арып-ашып, екі аяғы күп болып ісіген күйде, жүзі құм-топырақтан түтігіп кеткен ол Мәдинаға әрең жетеді. Оның бұл түрін көрген ардақты пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын):
 
«Уа, Үммі Әйман! Уа, Анашым! Жәннатта өзіңне арналған бір орын бар екендігіне еш күмән жоқ», - деп жар салды. 
 
Мәдинаға келгеннен кейін де Үммі Әйман мұсылмандарға көптеген көмек көрсетті. Ухуд шайқасында қаталағандарға су тасып, жаралылардың жанынан табылды. Ол Хайбар және Хунайн секілді бірнеше жорықтарда пайғамбарымыздың жанына (ол кісіге Алланың игіліг мен сәлемі болсын) еріп жүрді.
 
Оның ұлы Әйман пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтулы сахабаларының қатарынан орын алып, хижраның сегізінші жылы Хунайн шайқасында қаза тапты. Бараканың күйеуі Зәйд пайғамбарымызға ұзақ жылдар бойы қызмет етіп жүріп, Шам елінде болған Мута шайқасында көз жұмды. Бұл кезде Барака жетпіс жасқа келген еді. Қарттықтан болса керек уақытының көп бөлігін үйде өткізетін. Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Әбу Бәкір мен Омарды (ол кісілерге Алла разы болсын) ертіп оған жиі-жиі келіп тұратын. Сондай күннің бірінде: «Анашым, халіңіз қалай? Жағдайыңыз жақсы ма?»,- деп сұрағанда ол кісі: «Ислам діні гүлденіп, мұсылмандардың жағдайлары жақсы болып тұрса, менің де жағдайым жақсы деген сөз ғой, уа, Алланың елшісі!», - деп үн қатты.
 
Бараканың өмір жолы кісі қызығарлық екендігі анық. Себебі ол кісі Алла Тағаланың ардақты елшісіне (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) туылғанынан бастап, өмірден озғанға дейін қасынан бір елі ажырамаған жалғыз тұлға. Ол кісінің бар өмірі Алла елшісіне (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі  болсын) қызмет етумен өтті. Барака хазіреті Османның халифалығы тұсында өмірден озды. Пайғамбарымыз сүйіншілеп кеткендей Алланың қалауымен Жәннәттық кісі болады.
 
Алла Тағала біздерге осындай ізгі жандардың шапағаты мен берекетін нәсіп етсін. Әмин!
ДЕРЕККӨЗІ The Jamiatul Ulama

The Council of Muslim Theologians

АУДАРҒАН Azan.kz

Ислам ақпараттық-ағарту порталы 

Предыдущий Следующий
Ғайбаттың жазасы Аллаға деген қорқыныш қияметте адамға қорғаныш болады

Тақырып аясындағы мақалалар

Әпке-қарындастарға Тұрмысқа шыға алмай қойдым
Сұрақ: Маған құда түсіп келген жігіттер болды, бірақ, біршама уақыт өткеннен кейін менімен некеге тұрудан бас тартып жатты. Соған көңілім құлазып, еңсем түсіп кеткен жайым бар. Тұрмысқа шығуда жолым болмай жүргеніне қарағанда, өзімде бір кемшілік бар болып тұр ғой. Мұндай жағдайда қандай дұға оқу ке...
Саңлақ сахабалар Алланың сарбазы – Абдуллаһ ибн Зубәйр
Абдуллаһ ибн Зубәйр (Алла ол кісіге разы болсын) – Исламдағы бірінші халифа Әбу Бәкірдің (Алла ол кісіге разы болсын) немересі. Ол әйгілі сахабаның сахаба ұлы еді. Анасы – Әбу Бәкірдің қызы Әсма (Алла ол кісіге разы болсын). Әпкесі мұсылмандардың анасы, ардақты пайғамбардың (ол кісіге Алланың игіліг...
Саңлақ сахабалар Әлидің (Алла оған разы болсын) Омар мен Әбу Бәкір (Алла оларға разы болсын) жайлы айтқан сөзі
Сұрақ: Мына хабарлама сенімді ме: Әли (Алла оған разы болсын) былай деді: «Егер кімде-кім мені Әбу Бәкір мен Омардан (Алла оларға разы болсын) артық көрсе, оны өтірікшіні сабағандай (жазалағандай) сабауды бұйырамын»?...
Хадис Хадис жеткізуші әйелдер жайлы не айтылады?
Сұрақ: Әйелдердің арасында әлсіз хадис жеткізуші жоқ деген рас па?
Хадис Омар (Алла оған разы болсын) мен оның әйелі жайлы хадис
Сұрақ: Халиф Омар (Алла оған разы болсын) мен оның әйелі жайлы әйгілі оқиға сенімді ме? Біреу қияңқы әйелі жайлы шағымын айту үшін халифқа барады. Алайда, ол халифтің үйінің есігіне жақындап барғанда Омардың (Алла оған разы болсын) әйелі Умм Кульсумның (Алла оған разы болсын) күйеуіне ұрсып жатқанын...
Хадис Фатиманың (Алла оған разы болсын) ешқашан етеккір көрмегені рас па?
Сұрақ: Төмендегідей мағынадағы хадис сенімді ме: Фатима (Алла оған разы болсын) етеккір де, нифас та ешқашан көрген жоқ. Өйткені, ол Жәннат суынан жаратылды. Бұлай болған себебі, ол Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) миғраж кезінде Жәннатта болып, Жәннат жемістерін жеп, Жәннат суын...

Оқырмандардың пікірі (2)

Рам
12 февр. 2018

Мына абзацта қате кеткен:

Бір күні түнде мүшіріктер (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әл-Әрқамның үйіне баратын жолды бөгеп, ешкім өте алмастай етіп жауып тастайды.



Жауап жазу
Администратор Azan.kz
12 февр. 2018

Рахмет, түзеттік.

Қызықты тақырыптар

Хадис Омар (Алла оған разы болсын) мен оның әйелі жайлы хадис
Сұрақ: Халиф Омар (Алла оған разы болсын) мен оның әйелі жайлы әйгілі оқиға сенімді ме? Біреу қияңқы әйелі жайлы шағымын айту үшін халифқа барады. Алайда, ол халифтің үйінің есігіне жақындап барғанда Омардың (Алла оған разы болсын) әйелі Умм Кульсумның (Алла оған разы болсын) күйеуіне ұрсып жатқанын...
Саңлақ сахабалар «Менен кейін Омар мен Әбу Бәкірдің (Алла оларды рақымына бөлесін) соңынан еріңдер»
Сұрақ: Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарды: «Менен кейін Әбу Бәкір мен Омардың (Алла оларды рақымына бөлесін) соңынан еріңдер», - деп үндегені баяндалған хабарлама сенімді ме?...
Ислам тарихы Шариғат тұрғысынан қарағанда, Хусейн (радыАллаһу әнһу) мен Язид ибн Муауияның арасындағы қақтығыс
Сұрақ: Біз мұсылмандардың әміршілеріне бағынуы керектігін білеміз (егер тек ол ашықтан-ашық діннен таймаса). Олай болса, Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) немересі Хусейннің (радыаЛлаһу әнһу) халиф Язид ибн Муауияға қарсы шыққандығы (сөйтіп, шайқаста қаза тапқандығы) жайлы әйгілі...
Ислам тарихы Хайбар шайқасы қай кезде болған және оған қанша сахаба қатысқан?
Сұрақ: Пайғамбардың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын: «Хайбар, хайбар, йә, Яхуд», - дегені хабарланған хадиске сілтеме бере аласыз ба? Хадисте сол жайлы айтыла ма? Хайбар шайқасы қай жылы болды? Оған қанша сахаба қатысты?...
Саңлақ сахабалар Кербеле шайқасы
Тарихтың әрбір парағында адамдар үшін сабақ бар. Жәннаттағы жастардың жетекшісі деп аталған саййидин Хусейннің (Алла оған разы болсын) қатыгезделіп өлтірілуі, оның жанұясы және серіктері жайында ешқашан ұмытылмауы керек. Бұл қасіретті оқиға әрбір мұсылман кісінің жүрегін қынжылтады. Бұл жантүршігерл...
Саңлақ сахабалар Сахабалар бір-бірімен қалай амандасқан?
Сұрақ: Мұсылмандар көріскенде қол алысып, құшақтасатынын жиі көреміз. Бұл туралы хадистерде не айтылған?
ықшамдау
Күнтізбе
Хижри
5 Рамазан 1439
Миләди
21 мамыр 2018
Намаз уақыттары
қазір

Құптан 21:55

Бамдатқа дейін 00:12

Ораза. Часто задаваемые вопросы

Ассаляму алейкум. Сестрам намаз таравих лучше читать дома. Как обучиться намазу, вы можете посмотрет

Администратор Azan.kz
4 сағат. бұрын

Расписание времени поста для городов Казахстана - 2018 год

Уа алейкум ассалям. Время указаное по городу Макат полностью соответствует Духовному управлению мусу

Администратор Azan.kz
кеше

О Рамадане

Ассаляму алейкум. Если время ифтара уже наступило и вы съели кусочек хлеба, то это никак не нарушает

Администратор Azan.kz
18 мая 2018

29. Сура «Аль-Бакара», аяты 187-190

Ассаламуалейкум уа рахматулЛахи уа баракатух! Хочу привести пример, если в суре Аль-Бакара 187 аяте,

Qanat Boken
18 мая 2018

58. Сура «Алю-Имран», аяты 149-157

Асаламуалейкум уа рахметулиляхи уа баракатуху! Хотел узнать когда выйдет тафсир следующих аятов?

Али Махмуд
17 мая 2018
Created with Sketch. {{!-- --}} {{!-- --}} {{!-- --}} Created with Sketch. Asset 1mdpi