Дүние – әлем-жәлем түр-түсі көп,
Түрлі түс – бір-біріне тұр кісінеп...
"Зүл-хижжа" айы кіріп келген кезде,
Қалғандай сезінеміз жыл құсы кеп.
Иә, солай дүниені шырайлы етер,
Көктемдей көктен саулап құлай кетер,
Нұрлы айы қажылықтың келмегенде,
Сауапсыз қалар ма едік бір ай бекер?!
Жүргенде дүниеде – шолақ, сағым,
Жаныңа жамандықты жолатпағын.
Өмірдің ғанибеті – осы айда Алла,
Шақырар өз үйіне қонақтарын.
Шақырып қонақтарын, төрге оздырар,
Термелеп айтылмайды сөзбен бұлар.
Көргенде жер кіндігін, тебіреніп,
Қажылар – жүректегі көзбен жылар.
Жанарлар жауған күндей жаңбырлайды,
Осы ғой ұттырғаны – Тағдыр – бәйгі.
"Құрметте қонағыңды" – деген Құдай,
Құрметсіз қажыларын қалдырмайды.
Тілегің қабыл болсын, арманшылым,
Ихрам ки, сезініп бір жалған сырын.
Кәусардай қауыз көріп қуанғандай,
Ішерсің мейірленіп зәм-зәм суын.
Қағбаны жеті реттен тәуап қылып,
Кемсеңдеп қара тасқа қарап тұрып,
Сезініп адамдардың бауырлығын,
Сыйлайсың, сыйластықты – сауап біліп.
Қимайсың жақыныңды жаман атқа,
Ынтымақ тілеңіздер жамағатқа.
Нәпсіге құрық салып асау аттай,
Шайтанға тас атыңыз Жамаратта.
Арналып мақтау менен сана Хаққа,
Өзінде бар Абырой, бар Атақ та.
Минада шөл қандырып, намаз оқып,
Қажылар, дұға етіңдер Арапатта.
Сүрінбес сын сағатта сабырлы адам,
Сақтасын Жаратқаным жаныңды аман.
Шалынған құрбандықты Жаппар Ием,
Тек қана тақуалардан қабылдаған.
Үлгілі болмақ үшін әлемге – біз,
Сүннетпен рух тірілтіп, жан емдеңіз.
Нұрланған Мәдинаға барсаңыздар,
Қажылар, Пайғамбарға сәлем деңіз!
Қайыспай көтеретін заман жүгін,
Иманды ел – ертеңіне алаң бүгін.
Құдайдың қонақтары, қажылықта,
Ел-жұрттың тілеңіздер амандығын!
Бір Алла – қолдаушыңыз, қорғаныңыз,
Парызды өтеп қайту – зор бағыңыз.
Қажылар, сапарларың сәтті болып,
Қатерсіз, ашық болсын жолдарыңыз!
Бауыржан МЫРЗАҚҰЛ